Атырауда табиғи монополия субъектілері қойған тарифке наразы кез-келген азамат шағымдана алады. Мұндай мүмкіндік қоғамдық кеңестер арқылы жүзеге аспақ. Азаматтардың құқықтарын түсіндіру үшін бүгін жергілікті мәслихат депутаттары Атырау жылу энергия орталығы ұжымымен кездесті. Шараны өткізуге "Нұр Отан" партиясы қалалық филиалының өкілдері мұрындық болды. Ұйымдастырушылардың айтуынша, аталған қоғамдық кеңес аймақта газ тасымалдау тарифін алты есеге көтеру туралы монополист компанияның сұранысына кедергі бола білді.
Салтанат Рахимова, Атырау қалалық мәслихатының депутаты:
Бір ай сайын екі-үш рет еңбек ұжымдарымен кездесіп тұрамын. Соның ішінде, ең бастысы, бүгінгі күні өзекті мәселенің бірі болып тұрған - тариф мәселесі. Яғни тұтынушылардың жергілікті халықтың, тарифтың қалыптастырылуына қандай үлесі бар, қалай үлес қоса алады, қандай қатысы бар оның, бір дауысын айта алады ма - осыны біз халыққа түсіндіргіміз келеді, бүгін түсіндірдік те.
Жылу және электр энергиясын өндіретін орталықта бір мыңдай адам еңбек етеді. Олар қысқа дайындық жұмыстарын пысықтауда. Жиында көтерілген мәселені мекеменің бастауыш партия ұйымы әрбір еңбеккерге жеткізбек.
Зияда Тілепбергенова, «Атырау жылу электр орталығы» АҚ қызметкері:
Өзім кадр бөлімінде болғандықтан, жыл басынан бері өзіміздің қызметкерлерімізбен жаңа Еңбек кодексін түсіндірумен айналысып жатырмыз. Осындай жиындардың да пайдасы болады.
Базаргүл НӘДІРҚЫЗЫ