Русский Сайттың толық нұсқасы

Алматының апорты кетті «домалап»...

  • AstanaTV
  • 24 қыркүйек 2016
  • 3826

«Жиырма бес жыл ішінде осы жер, осы мəдениет, осы қалалар қазақтікі дегенді басқа түгілі, өзімізге дəлелдей алмай келеміз. Өз жерімізде өзіміз қонақ сияқтымыз. Осы елдің иесі мен киесі қазақ дегенді өзгеге аян ете алмай келеміз. Ол үшін сөзсіз мықты мəдени өнім керек, мықты ақпараттық саясат керек. Өзімізден де бар».

Алматының мыңжылдығына байланысты «мәссаған, Алматыға мың жыл ма?» деген сарказм, иронияға толы комментарийлерге орай, саясаттанушы Айдос Сарымның әлеуметтік желідегі жазбасынан. «Қалаларды тек отарлаған мемлекет салды, біз дала кезіп жүрдік» деген ұшқалақ ой, тарихымызды білмеу мен бағаламауды, ішкі комплекстерді ғана көрсете ме?.. Танымның басқа «топыраққа» тамырлағанының дәлелі...

Сонымен Алматының мыңжылдығы аталды. Дәстүрге сай, алма фестивалі өтті. Онда 150 тонна алманың 100 сорты қойылыпты. Ал «жоғалды» деген апорт не болып жатыр?  Білікті бағбандар апорттың «домалап кеткенін» айтып, оны ешкім таба алмайды-ау дейді... Ришат Асқарбекұлының материалы.

Жетпісінші жылдары Алматыда 3 млн. түп апорт ағашы болған. Бұл -  алманың өзге де ондаған сорттарын қоспағанда аумағы 15 мың гектар жерді алып жатқан жасыл желкен еді. Алайда апорттың жоғалу процесі осыдан он жыл өткен соң-ақ басталған, дейді ғалымдар. Түрі солғын тартып, тым уақталып кеткен. Дәмі мен исі де бұрынғыдай емес еді. Шынымен, арысы Еуропа, берісі Мәскеуге дейін жетіп, аты шыққан Алматының символы неге жоқ болып кетті?!

Наталья Головка, зейнеткер:

Мен алпыс сегізінші жылдан бастап алма бағында еңбек еттім. Алманың бұл түрінің жоғалуына түрткі болған- экология. Қоршаған ортадағы өзгерістер өзі сезімтал жемісті түп-тамырымен жоғалтып жіберді. Менің оған толық көзім жетті.

Мына көне бейнетаспадан Алматының іргесіндегі «Луч Востока», «Горный садовод» деп аталатын шаруашылықтардың  дүркіреп тұрған кезін көруге болады. Әр терімші бір күнде 600 киллограмм апорт жинайды екен. 1950 жылы түсірілген фильмде апорт алмасының нағыз сұранысқа ие кезі екенін ұғасың. Кеңестік мемлекеттердің ірі қалаларына жеткізілетін жемістің қазір жұрнағы да қалмады,- дейді бағбандар.

«Алматының апорты» деген тіркес аға буынның санасында мәңгілікке жатталып қалды. Қазір осы бір тәтті  жемістің дәмі көп адамдардың таңдайында ғана қалған. Базар сөрелерінен жоғалған алманың мынадай қураған түптерін ғана көруге болады. Осыдан 50 жыл бұрын құрылған «Горный содовод» шаруашлығы міне осында еді.  Бұл жерді әйгілі апорттың отаны десе де болады.  

«Горный садовод» қазір Бесқайнар ауылы деп аталады.Тамылжыған табиғаты, сылдырлап аққан бұлағымен көз тартатын елді мекен Іле Алатауының ең көрікті жері. Мына беткейдің барлығынан әлі де самсап тұрған алма ағаштарын көруге болады. Бірақ баяғы совхоздағыдай төгілген алманы көрмейсің. Көбі жекеменшік шаруалардың қолына өткенімен, қараусыз жатыр. Ал одан қалса, демалыс аймағына айналып, зәулім коттедждер бой көтерген.

 Наталья Солдатова небәрі 12 жасында отбасымен бірге осы алма совхозына қоныс аударады. Жәй терімшіден совхоздың директоры қызметіне дейін көтерілген әйел, жансарайыңды ашатын ғажап иісті апортты өз қолымен Мәскеу көрмесіне апарған. Салмағы 1 киллограмнан асатын тостағандай жемісті көргенде, сол кездегі астана тұрғындарының көздері алақандай болған, дейді зейнеткер.

Наталья Солдатова, «Бесқайнар» ауылының тұрғыны:

Апорт және алатау апорты деген екі алманың түрі мұнда ерекше өсуші еді. Меніңше апортты бұрынғы қалпына келтіріп, жаңғырту мүмкін емес. Оған біріншіден, қазіргі климаттық өзгерістер мүмкіндік бермейді. Екіншден, дәл сондай сорттарды табу қиын. Қазіргі жеміс тәлімбақтарында өсетін алмалардың ешқайсысы Алматының баяғы апортына ұқсас дәм бере алмайтыны анық.

Дәл сондай  апортты өсірмесе де, оны қайта жаңғырту туралы бастама көп. Алматыда әрбір әкім ауысқан сайын алманың осы сұрыпын қалпына келтіреміз деп түрлі бағдарламалар қабылдап, тапсырмалар беріліп жатады. Бірақ әзірге нәтиже көрінбейді.

Соңғы уақытта алманы қайтадан қаланың символына айналдыруға арналған шаралар өтіп жатыр. Соның бірі - алма фестивалі. Қала күніне орайластырылған алма базарына шаһар маңында осы жемісті егетін шаруа қожалықтары тартылады. Биыл қаланың мың жылдық меркесіне орай өткен алма жәрмеңкесіне 150 тонна жеміс әкелінген. Дәм-татуы жоқ шетелдік алмаға қарағанда жергілікті шаруалардың өнімін алматылықтар  соңғы түйіріне дейін сатып әкетеді. 

ГРАФИКА: Алматының әрбір тұрғыны жыл сайын 17 киллограмм алма тұтынады. Қалалық статистика басқармасының дерегінше шаһардың осы жеміске деген сұранысы жылына 30 мың тоннаға жетеді. Алма шаһарға Алматы облысы, Оңтүстік Қазақстан және Жамбыл облыстарынан жеткізіледі.  Ал шетелден Қытай мен Польшадан алманың бірнеше сорты импортталады.

Алматыда базарлар мен дүкендердің сөрелерінде алманың түр-түрі самсап тұр. Бірақ алматылықтар мен қала қонақтары олардың арасынан әлгі таныс дәмді іздейтіні рас. Біз сөзге тартқан қала тұрғындарының барлығы да әйгілі Алматы апортының мүлдем жоғалғанын айтады. 

 Келмеске кеткен Алматы апортын енді экотуризм бағытына пайдалану үшін  қала әкімдігі жақында жаңа жоба жасауға кірісті. Ол үшін «Бутаковка» таулы аймағынан 40 гектар жер жеке инвесторларға жалға беріліп отыр. Тоғыз жылға келісім- шарт жасалып, апорт егу бастамасы қолдау тапты.

Қанат Кәкен, Алматы қалалық ауылшаруашылық басқармасының бөлім басшысы:

Бұл ең бірінші экотуризм бағтыныда пайдаланылады. Яғни ондағы өнімдер әуежайларда, вокзалдарда сатылымға қойылады. Сосын осы жерге апорттың нағыз дәмімен таныстыру үшін туристер тарту жоспарда бар.

Апортты жаңғыртуы тиіс инвесторлар жобаларын көрсетіп, сұхбат беруге келіспеді. Бірақ шенеуніктер жұмыстың алдағы қараша айында басталатынына сендіріп отыр. Егер бастама сәтті болса, қала билігі Алматының символын жандандыруға ниетті кәсіпкерлерге  басқа да жер телімдерін беруге әзір. 

Қанат Кәкен, Алматы қалалық ауылшаруашылық басқармасының бөлім басшысы:

Біз инвесторлардың жайын байқап көреміз. Бірақ олар осы салада төселген, өзге де бау-бақшалары бар ірі кәсіпорын. Сондықтан бұл жобаны ойдағыдай жүзеге асыруы тиіс. Апорт алғашқы жылдары жеміс бере қоймайды. Ол тек 7-ші жылы ғана нағыз алмаға айналады. 

Апорттың нағыз жемiс салатын мекені – Iле Алатауында 950-1250 метр ара­лықтағы кеңiстiк болып табылады. Осы аумақта апорт өзiне ғана тән барлық қасиетiн бойында сақтайды, дейді Наталья Солдатова. «Бесқайнар» елді мекені жыл сайын Алматыда өтетін ауылшаруашылық өнімдері жәрмеңкесіне 30 тонна алма, алмұрт және алша әкелетін. Алайда бағбандар биыл мүлдем өнімсіз қалған. Көктемдегі жауын шашын мен қатты бұршақ жемістерді ұрып тастапты.

Апорт алмасының ағашын Алматыға 1865 жылы жер ау­дарылған  Игорь Редько есімді орыс бағбаны әкелген, ол Алатауда өсетін жабайы алма мен ресей топырағынан әкелінген жемісті будандастыру арқылы жаңа сұрып ойлап тапқан, - деген тұжырым бар. Алайда өзіміздің ғалымдар Алматы маңында оғыздар мекендегенде апорт алмасының болғанын айтады. Әлем халқы 1907 жылы Германияда өткен Бағбандардың дүниежүзілік конгресінде Алматы апортының дәмін татып, таңдай қаққан. Сол сәттен бастап Іле Алатауының етегіндегі апорт алмасына деген махаббат пен сүйіспеншілік әлі сөнген емес. Бірақ сол апорт домалап кеткен тәрізді...

Ришат Асқарбекұлы, «Біздің уақыт».