Русский Сайттың толық нұсқасы

«Ертегінің» соңы...

  • AstanaTV
  • 24 қыркүйек 2016
  • 2855

Брэд Питтің балаларға қатал қарағаны Анджелина Джолиді ажырасуға итермеледі,- деп жазып жатыр, ақпарат құралдары, атақты жұптың айырыласатыны туралы хабарға орай. Тіпті Лос-Анджелестің құқық қорғау органдары Питке қатысты іс қозғағаны айтылады. Жақында ол Лос-Анджелеске ұшып келе жатқандарында балаларына айғайлап, тіпті ұрған көрінеді.

Анджелина Джоли ажырасуға арыз бергенінде келісе алмайтын қайшылықтар бар деп, балаларды өзіне қалдыруды өтінген. -Брэд балаларға қауіпті, себебі ашуын ақылға жеңдіре алмайды, сонымен бірге есірткі мен алкогольге әуес,- деген. 

Негізі  екеуі бірге түскен «Мистер және миссис Смит» фильмінен кейін басталған роман сентиментальді адамдар үшін өмірі аяқталмайтын ертегідей көрінген. Олардың алты баласының болуы – үшеуін асырап алған, үшеуін өздері туған, табысты, әдемі көрінетін кейіптері, 2 жыл бұрын ресми үйленулері бақытты жұп көрсе, өздерін бақытты сезінетін адамдар үшін жан жадыратын образ еді...

 Соңғы күндері қаптаған материалдарда олардың үйінде бала күтумен айналысқан әйелдердің әңгімелері де басылып жатыр. Daily Mail –де Питт пен Джолидің отбасында «біртүрлі» атмосфера болғаны баяндалған. Балалары ешқашан мектепке бармаған, себебі олар үнемі жолда жүрген. Лос-Анджелесте, Францияда сарайлары бар, Лондонда үй жалдаған, әлемнің әр түкпірінде отельдерде тұрған. Сондықтан балаларының тетелестерімен араласуы қиын болған. Бір сөзбен айтқанда «анархия»: балалары ойларына не келсе, соны істеген. Үлкені Мэддокс тоғыз жасында шарап ішіп алып, үйдің жанында автомобиль айдаған. Оның қару-жараққа қызығушылығын қолпаштаған. Тіпті коллекциялық пышақтар сыйға тартқан. 8 жасқа толғанда сый ретінде Джоли оны Ирактағы босқындар лагеріне апарған...  

  Брэд Питт бір интервьюінде Джоли екеуінің тұрмысын желісі психикалық ауруханада дамитын «Көкек ұясының үстімен ұшқанда» фильмімен салыстырған. Оның қаталдау болғаны, тәртіп орнатуға тырысатыны бұрын да жазылатын. Энджи болса ешқандай шектеу қоймаған. Айтпақшы бұл драмада француз актрисасы  Марион Котийярдың аты аталды, Питт екеуі «бірнәрсе бүлдірді» деп. Актриса бұл әңгімені жала деп сипаттап, өзінің махаббаты барын айтып, Инстаграммда жазба қалдырды. Голливудтың ең танымал жұбының 10 жылға созылған романының аяқталуын батыс ақпарат құралдары «ғасыр ажырасуы» деп сипаттайды.

 Бәрін қойшы, Ақтөбедегі тіршілігі қиын алты баланың үйін адам тұратындай етіп жөндеуге қазақстандықтардың ақша жинап бергені жақсы болды. Олардың анасы нәпақа табу үшін Таразда жүретін көрінеді, әкесі инсульт алған, еңбекке жарамсыз. Жақында сол ауруханаға түскенінде, алты бала өздері тұрған – алқам-салқам, сұп-суық үйде. Өткен қыста да әкесі анасына кеткенде отын таусылып, тоңғаннан балалар үйдегі көрпе-жастыққа дейін пешке салған... Үлкені 16-да, кішісі алты айлық. Олардың өмірі туралы ақпарат құралдары жазып, көрсеткесін адамдар көмек қолын созған. Әкімдік қозғалған... 

Бұл отбасында «анархия» жоқ. Олар тұрмыс тауқыметімен күресе алатын балалар. Ештеңеге қарамай, сабақтарын да жақсы оқиды екен.