Русский Сайттың толық нұсқасы

Солтүстік Қазақстан мен Қостанай облыстарында тас жолдарды су басты

  • AstanaTV
  • 06 сәуір 2016
  • 1759

Еріген қар суы Алматы-Екатеринбург бағытындағы халықаралық жолдардың бірін басып қалды. Қостанайды Федоров, Қарабалық аудандарымен, одан әрі Ресеймен жалғайтын күре жолдағы көлік қозғалысына уақытша шектеу қойылды. Көпір мен жолдың су астында қалуы, екінші Қостанай шағын ауданын мекендейтін тұрғындарды әбігерге салған. Көліктер қаланың шетімен айналып өтуге мәжбүр. Жол ойпаң жермен өтетіндіктен, жиналған суды ағызып жіберу мүмкін болмай тұр. Төтенше жағдайлар департаменті өкілдері кешелі бері 700 текше метрдей су сорғыздық деп отыр.

Самат Жанділдин, Қостанай қаласы әкімінің бас инспекторы:

Кеше екінші Қостанай шағын ауданындағы үйлерді су басып қалу қаупін тудырмау үшін, кәріз жүйелерін ашып, суды жіберген болатынбыз. Соның салдарынан Гагарин торабында көпір астында қар суы жиналып қалды. Түні бойы су сорғызатын техникалар жұмыс істеп, қызыл суды сыртқа шығардық. 

Республикалық маңызы бар Петропавл-Қостанай тас жолының 40 метрдей аумағын да су шайып кетті. Қазір жол жабылған. Жалпы, тасқыннан Солтүстік Қазақстан облысының 7 ауданы зардап шегуде. Бүгін Шарық су қоймасындағы су деңгейі шегіне жеткен. Осыған байланысты Шарық өзені бойында орналасқан 5 ауылға да қауіп төнді. Құтқарушылар апаттың алдын алу мақсатында екі ауылдың адамдарын қауіпсіз жерге көшіруде. Мәдениет ауылынан 10 үй, ал Көгілжарда 25 үйдің тұрғындары жергілікті мектепті паналап отыр.

Рүстем Жұмағалиев, Солтүстік Қазақстан облысы ТЖД басқарма басшысы:

Таңертен су қоймасында судың деңгейі 2 метрге дейін жетті. Ал қазір 15 сантимерге төмендеді. Басқа облыстардан төтенше жағдай мамандары қол ұшын созды. Қазір өзге өңірлерден келген 33 бірлік техника мен 125 адам жұмыс істеуде. Жамбыл облысынан тағы 12 техника мен 50 адам көмекке келе жатыр.

Петропавлдың іргесіндегі Белый ауылына да қызыл су жетті. Ауыл кішігірім көлдің ортасында қалғандай. Саябақтар, жолдар, аулалер мен тұрғын үйлердің іші суға толған. Билік өкілдері тасқыннан жапа шеккен адамдарға жергілікті жатақханаға көшу жөнінде ұсыныс жасағанымен, тұрғындар өз үйінде қалуды жөн көрген. 

Абзал ҚҰРМАНКИН