Алматы облысында айуандықпен өлтірілген Жарқынбек Долданұлы, Мұқият Зарлыханұлы және Қадылбек Әлімхан немере ағайындылар екен, олардың әрқайсысы отбасыларының жалғыз асыраушысы болған. 40 бастай мал сатуға шығып, сосын жоғалып, кейін денелері табылған азаматтарды айтамын...
Әулет жеті жыл бұрын Қытайдан көшіп келген, содан бері ағайындылар мал саудасымен айналысқан. "7 жыл ішінде Шығыс Қазақстан облысындағы Зайсаннан мал алып, Алматы облысында жақсы сатып жүрді. Табыстары жақсы еді. Осы жолы 5-6 миллион теңге әкелуі керек еді...Бауырларымызды Қордайға алдап әкетпек болған, жол бойында айуандықпен өлтірген. Қатыгездік! Мәйіттерін тезекпен көміп кеткен, өлтіргендерге жазаның ең ауыр түрін беруді талап етеміз", - деген туыстары.
Желдей ескен әңгімелерге қарағанда Алматы облысындағы Ұзынағаш маңындағы мал базарында қарақшы топ бар. Малды тартып алатын, ақша ұрлайтын. Банда, бір сөзбен айтқанда. Мал базарына біздің тілшілер барған.
Қазихан Рахымжан, мал сатушы:
Мал базарында ақша ұрлайтын. Енді оны өзіміздің салақтығымыздан көрдік. Енді міне, адам өлтіріліп отыр...
Сауал көп. Мысалы, саудамен айналысып жүрген яғни ашық ауыз емес, қимылдары ширақ, атпалдай азаматтарды 2-ақ қаскөйдің оп-оңай алдап, тұзаққа түсіруі мүмкін бе? Айуандықпен кәнігі қарақшылар ғана өлтірмей ме? Ал Ішкі істер министрі қылмыс жасады дегендерді тапқандарын айтып, рапорт беріп үлгерді.
Қалмұханбет Қасымов, ҚР Ішкі істер министрі:
Қылмыскерлер ұсталып, олардан қару алынды. Күдіктілер өз еркімен тергеу органдарына жәбірленгендердің мүрделерін көмген жерді көрсетті. Қазір тиісті сараптамалар жасалып жатыр. Бүгін жерлеу рәсімі өтті. Тергеуді Алматы облысының ІІД өз қарауына алды. Жақын уақытта тергеу амалдары аяқталып, істі сотқа өткіземіз.
Бас прокуратураның қылмысқа қатысты статистика, мәліметтерді топтастырған арнайы порталы бар. Сол, қылмыстық құқық бұзушылық картасын қарасақ, жыл басынан бері 295624 қылмыс жасалған. Мысалы:
| ||
Алматы қ. | 54248 | |
Астана қ. | 33026 | |
Оңтүстік Қазақстан облысы | 29236 | |
Алматы облысы | 23202 | |
Шығыс Қазақстан облысы | 22556 | |
Қарағанды облысы | 22382 | |
Қостанай облысы | 17270 | |
Ақтөбе облысы | 14024 | |
Жамбыл облысы | 12938 | |
Павлодар облысы | 11641 | |
Ақмола облысы | 11521 | |
Батыс Қазақстан облысы | 10985 | |
Атырау облысы | 7972 | |
Солтүстік Қазақстан облысы | 7877 | |
Қызылорда облысы | 7480 | |
Маңғыстау облысы | 5889 |
Соңғы уақытта қарақшылық шабуыл, зорлық-зомбылық, ұрлық-қарлық, кісі өлімімен аяқталатын алаяқтық сияқты қылмыстар көбейгені байқалады. Қай уақытты еске түсіреді? Иә, тәртіпсіз, ашқұрсақ тоқсаныншы жылдарды...