«Ұялшақ» күзетшілер...

  • AstanaTV
  • 01 қазан 2016

Тексерілген 5 мың қоғамдық ұйымның 74 пайызы терористер шабуылына дайын емес деген прокурорлардың мәліметінен соң шағын эксперимент жүргізгенбіз. Тілшілеріміз Астанадағы ірі сауда орнына түсіру техникасымен оп-оңай кіріп кетті. Күзетшілері именіп сауал қойған. Оператор өктемдеу сөйлесе, «кешіріңіз» деп кетіп қалған. Күзет фирмаларында шапшаң қимылдай алмайтын қартаңдау кісілердің отыратыны да бар. Қорқытып, үркіткіміз жоқ. Бірақ өкінішке қарай, жарылыс, атыс-шабыс әп-сәтте болуы мүмкін екені шын. Сондықтан адам көп жиналатын жерлердің қожайындарынан, одан соң өкіметтен қауіпсіздік шараларын мықтап қолға алуды талап етуге қақымыз бар. Дәуренбек Бақдәулеттің материалы. 

Андрей Кравченко, ҚР Бас прокурорының орынбасары:

 Егер терористік акт орын алуы мүмкін деген объектерді сөз етер болсақ, біз адам көп шоғырланатын орындардың 5 мыңға жуығын тексердік. Нәтижесінде олардың 74 % көңіл көншітпей отыр. Ондағы қауіпсіздік деңгейі өте төмен. Сонда тұрған күзет агенттіктерімен, күзетшілер террорлық жағдай бола қалса, олардың  бетін қайтара алады деген сенім жоқ. Біз бұл объектілерде күзет қызметін күшейтіп, ал, осы объект қожайындарын антитеррорлық заңнаманы салғырт орындағандары үшін жауапқа тарту керек деп есептейміз.

Бас прокурордың орынбасары Андрей Кравченконың жасаған бяндамасы біраз жәйттің басын ашып бергендей болды. Ашығын айтсақ, адам көп шоғырланатын орындардағы қауіпсіздік жағдайы, егер «қауіпсіздік» жағдайы деп атауға келетін болса, өте төмен деңгейде,- дейді ол. Ия, оған дәлелдің де қажеті жоқ. Ақтөбедегі қару-жарақ дүкенінің тоналуы, Алматыдағы террорлық акт деп айдар тағылған жағдай, жалғыз азаматтың алаңда еркін ойқастап, полицейлерді өлтіруі осының дәлелі болса керек. Осыдан бастап елде терорлық әрекеттің «сары» түсі жарияланған. Алайда, «сарғылт түс» көптеген қалалармен елді мекендерде күндегіден айырмашылығы жоқ болып қала берді. Мысалға Қарағандыны алсақ. Алып шаһарлардың бірі, Қарағанды қаласының  вокзалының кіреберісінде тұрған металл дэтекторлар жұмыс істемейтін болып шыққан. Оны қоғам белсендісі Руслан Лазута анықтапты. Ол, күдік тудыратын рюкзак арқалап алып, қос бірдей вокзал ішін еркін аралаған, алайда, жөн сұрағысы келген жан табылмады дейді.

Руслан Лазута, «ОСА»  автомобиль жүргізушілері бірлестігінің төрағасы:

-Мен өз экспериментімде мынандай шешім шығардым. Бір неше шет елдерде болғанда ол жақта бәрін мұқият қарайтын еді, ал, бізде террорлық әрекеттің «сары» түсі жарияланса да өзгерген ештеңе жоқ. Бұл қалай? Адамдарға сақ болыңдар деп хабарлама жасалғанымен, полицейлер мен күзетшілер күдікті сөмкелерді тексеруге асықпайды екен. Менің орнымда арам пиғылды біреу болып бір нәрсе жарып жіберсе ше? Құдай сақтасын одан әрине...

5 мыңға жуық тексерілген халық көп жиналатын орындардың 74% терорлық шабуылға дайын емес. Бұл дегеніңіз қазір әлемді дүрліктіріп тұрған тероршылардың сіз бен біздің ортамызға оп-оңай кіріп кетуге мүмкіндігі бар деген сөз. Оны осы Қарағанды автовокзалының басшысы да мойындайды. Себебі күніне мыңдаған жолаушылар келіп кететін автовокзалды күзететін 25 жасырын камера мен 4 ақ күзетші бар екен.

Ерғали Мұқатов, «Сапар» ЖШС директоры (Қарағанды):

 Бізді құзырлы орындар жан жақтан тексеріп жатыр. Терорлық әрекетке қарсы қандай шаралар атқарып жатырсыңдар дейді. Бірақ ешкімнің бізге көмек қолын созғысы жоқ. Күзетшілер деген кім? Олар қарапайым, қатты дайындығы да жоқ. Ал, арнайы күзетшілерді жалдау қымбатқа түседі. Дегенмен бұл бағытта жұмыстар жүргізіп жатырмыз.

Жалпы күзет агенттіктері жөнінде бас қатыратын мәселе баршылық екені жасырын емес. Олардың біліктілігі, неге құқылы екені, қолдарына қандай қару- жарақ ұстауға болатыны жайы беймәлім...Біз Астанадағы адам көп шоғырланған сауда орталықтарының бірсыпырасын аралап көрген едік. Алайда, күзетшілері біз ойлағандай емес, жасықтау, әрі өз құқықтарын біле бермейтіндей.

Дыбыстық қыстырма:

-Қандай канал мынау?

 -Қайдағы канал өз жұмыстарымызбен жүрміз біз, міндетті түрде бірнәрсе болу керек пе?

 -Жоға, брат, жүре беріңдер, просто қызық болған соң қарап жатырмын, мен осы жердің охранигімін ғой...

Негізі күзетшілерге қауіпсіздік қызметі сеніп тапсырылады, ал, мұндағы күзетші күдікті боп көрінген бізге қызығып қана қарапты...

Дәуренбек Бақдәулет, тілші:

Біз қазір адам ерекше көп шоғырланған орталық базарлардың біріндеміз. Оператор камерамен, ал, мен камераға арналған сөмкемен жүрмін. Алайда, бізге келіп, кімсіңдер, не істеп жүрсіңдер деп сұрағысы келетін де ешкім жоқ. Осыған қарап ақ, біздің қауіпсіздігіміз қандай деңгейде деген сұрақ туындайды.

Сонымен, не керек, алдымыздан кездеспеген күзетшілерді өзіміз іздеуге кірістік.

Дыбыстық қыстырма:

-Мына жерде күзетшілер болады ма?

- Иә, болады,

-Көрінбейді ғой?

-Анау, бас жағында жүр.

-Ал, былай аралап тексермейді ме?

-Тексереді кейде, 1- постта отырғой.

Осы күзет мәселесіне келсек. Бір мекемелерде әйел адамдар «күзетші» болып отырса, енді бірінде зейнет жасындағы қарт адамдардың отыратынына көзіміз үйреніп кеткен де. Орал қаласындағы сауда үйлерінің бірін күзететін агенттік басшысы  күзетшілерді алғанда негізінен мынандай критерийлерге сүйенетінін айтты.

Қайрат Қаламбаев "Батыс Сталкер" ЖШС директоры (Орал қаласы):

Жас ерекшеліктері 25 пен 45 жас аралығында болу керек. Біз негізінен бұрынғы жұмыс істеген жерлеріне қараймыз. 45-50 жас аралығын жеңіл жұмысқа, машина қозғалысын қадағалауға паркингке аламыз. Олар келген машиналарды реттеп отырады.

Ал, мынау Астанадағы театрлардың бірі. Мұнда да адам көп жиналады. Осы қойылым барысында кіріп шыққандарды 3 бірдей күзетші қарап жүрсе, тағы 3 күзетші  бейне камераларды бақылап отырады екен. Оған қоса мұндағы металл детектордың әр сигналына мұқият қараймыз дейді. Дегенмен біздің байқғанымыз көп жағдайда рұқсат билетің болса болды, оп-оңай кіріп,шыға беретін сияқтысың.

Қайрат Есенжолов, күзетші:

Металл қараушы детекторды, сигналдарға қарай отырып, егер күдік тудырса 29- бұйрыққа орай, оны сыртқа шығарып тексеруге өтініш жасаймыз. Ондай адамдар өзгелерден ерек болып білініп тұрады, бұрынғы полицей ретінде мен мұны жақсы білемін.  Олар дұрыс киінбеген, жымысқы ойы болса терлеп-тепшуі мүмкін, оны камера арқылы бақылап отырғандар да маған бірден жеткізеді.

Қазір парламентте қаралып жатқан тероризм мен экстремизмге қатысты заңға келсек.   Тероризмге қарсы заңнамада назардан тыс қалған жағы да бар, ертең сол назардан тыс қалған жер түгел елдің бас ауыруы болуы мүмкін,- дейді белгілі исламтанушы Қайрат Жолдыбай. Ол мыналар...

Қайрат Жолдыбай, исламтанушы:

Қазір парламенте, Мәжілісте қаралып жатқан заңда тероризімнің алдын алу мәселесі толық қаралғанымен, экстремизм мәселесі бұл заңда көп қаралмай отыр. Экстремизм дегеніміз шектен шығу болса, ол қоғам ішіне іріткі салу, адамдарды бір біріне айдап салу, тарихын мансұқтау басқалардың наным сеніміне тіл тигізу сияқты идеологиялар бар. Міне, осының алдын алу бойынша, заң бойынша құқықтық тұрғыдан тыйым салу мәселесін айтпақпын.

Исламтанушы тероризм мен экстремизмге қарсы заң қатайтамыз деп жүріп, қонақжай қазақ халқына қиындық көрсетіп, әуреге салатын, түкке тұрғысыз баптар қабылдануы мүмкін екенін айтып отыр. Мысалға қазір талқыланып жатқан заңда...

Қайрат Жолдыбай, исламтанушы:

Қазір талқыланып жатқан заңда көші қон мәселесі қарастырылады. Ол жерде басқа қаладан қонақ ретінде келген кісілер 10 күннен артық тұрса міндетті түрде тиісті жерге тіркелу керек. Бұл өз кезегінде еш нәтижесіз қадам деп білемін. Себебі осындай шешім арқылы біз адамдарға айтарлықтай қиыншылық тудырамыз. Қаншама пәтер жалдап тұрып жүрген кісілер бар, пәтерін жалға беріп жүргендер бар. Бұның тероризмнің алдын алуға еш қатысы жоқ. Себебі терориске бір жерде 10 күн тұруы шарт емес. Қазір бір түнге берілетін пәтерлер жеткілікті, олар әр қалада бар. Олар бір күн анда, бір күн мында жүре береді.

Қайта осы мәселе төңірегінде сарапшылардың пікірі нақтылау көрінді. "Генералдар кеңесі" төрағасы, милиция генерал-майоры Рүстем Қайдаров қауіпсіздікті сақтайтын адам нақты «стандарт» құру керек дейді. Әйтпесе әркім өзінше бұрмалаған күзет – күзет болмайды деп отыр.

Рүстем Қайдаров, "Генералдар кеңесі" РҚБ төрағасы, милиция генерал-майоры:

5 мың обектіні тексергенде 74 пайызы талапқа сай емес, ал, талабы қандай? Сондықтан бізде стандарт болу керек, мемлекеттік стандарт. Стандарт қабылдамасақ, біз ешқандай қауіпсіздік сақтай алмаймыз. Сол жерде отырғандар бір адым алға ойланбайды...

Қауіпсіздік нақты қандай критерийлерге жауап беру керек, ал, тексерілген 5 мың объект қандай критерий бойынша жауап бере алмады деп, біз  Бас Прокуратураға сұрау  жіберген едік, алайда олар, бір апта созбақтап жүріп, сауалымызды ақыры жауапсыз қалдырды.

Дәуренбек Бақдәулет, тілші:

Аталған тақырыпты қозғау барысында біздің мақсат адам көп шоғырланатын жерлердегі қауіпсіздіктің жәй-күйін білу болатын. Алайда, біздегі күзетшілердің көбі өздерінің мисиясын біле бермейтіндей. Бірі жасықтау, жігерсіздік танытып, адаммен сөйлессіп, тексеруге батпай жатты. Ал, екіншілері тіпті өз міндеттерін белмейді. Осы сынды қызметкерлер күзететін мекемелерге арам пиғылдылардың кіріп кетіп, ойран салмасына кім кепіл? Хош, жаман айтпай- жақсы жоқ дедік те, қойдық...