Русский Сайттың толық нұсқасы

ОҚО әкімі ауысты, жаңа министр. Қазақстан-Ресей ынтымақтастығы...

  • AstanaTV
  • 08 қазан 2016
  • 1709

Жансейіт Қансейітұлы Түймебаев Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі болып тағайындалды. Түркияда елші, оның алдында Білім және ғылым министрі болған. Ал облысты былтырғы тамыз айынан басқарған Бейбіт Бәкірұлы Атамқұлов осы аптада құрылған Қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсібі министрі.

Астанада Қазақстан мен Ресейдің 13- өңіраралық ынтымақтастық форумы өткен, еліміздің жүк тасушылары панелді сессиялардың бірінде Ресей кеденшілерінің жемқорлығы туралы айтты. Алдымен мынадай детальдар.

Қазақстан Президенті кедендік рәсімдерді жеңілдету керектігіне тоқталды. Жаңа кеден кодексі дайындалып жатыр екен.

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Еуразия экономикалық кеңістігі аясында кәсіпорындардың еркін бәсекеге түскенін қамтамасыз еті – стратегиялық маңызды мәселе. Оған біздің заңдарымызды үндес ету ықпалдасады. Ағымдағы жылы ұйымның жаңа кеден кодексі әзірленіп бітеді. Кедендік рәсімдеулерді оңайлатып, үшінші елдермен сауда барысында тарифті емес реттеуге бірыңғай шаралар қарастырылады.

Дағдарысқа дейін Ресеймен арадағы өзара сауда 20 млрд доллардан асқан етін, қазір 30 пайызға азайған. Н.Назарбаевтың пайымынша, сауданы арттыруға біртіндеп біртұтас транспорт кеңістігін құру ықпалдасады. 

Ал еліміздің халықаралық  автожүк тасушылар одағының бас хатшысы Теодор Каплан ресейлік әріптестеріне әңгіменің ашығын айтты - Еуро Одақ елдерінен келе жатқан қазақстандық жүк тасушылар  Ресей аумағында негізсіз тексерілетінін, әрі ұзақ тексерілетінін. Халықаралық жол тексерісі кітапшасын ресейлік кеденшілер керек қылмайды – тәуекелдерді басқару жүйесіне сүйеніп, тағы тексеруге жібереді. Түсініксіз коммерциялық ұйымға 1000 доллардай төлетеді екен. –Екінші вариант бар: кеденшінің қолына 1200 доллар ұстатсаң, ешкім жолыңа бөгет болмайды, уақытыңды жоғалтпай, жолға шығасың,- деген Каплан. Оның сөзін естігендер дуылдата қол соққан. Каплан Ресейдің транспорт министрінің орынбасары Сергей Аристовқа қарап, былай деп жалғастырған:

- Сергей Алексеевич, өтінемін, еліңіздің басшыларына қазақстандық импорттаушылар мен жүк тасушылардың пікірін жеткізіңші – бұл жүйеден ресейлік немесе белорусь импорттаушылары зардап шекпейді. Себебі олар Еуро Одақпен өздері шекараласады. Транзит жоқ. Ал біз транзитсіз жеткізе алмаймыз. Яғни қазақстандықтарға қарсы жүйе. Алым-салықтың кесірінен өнімдеріміз қымбаттайды. Бұл тұтыншылардың қалтасын қағып отыр. Ресей кеден қызметіне не істеп қойғанымызды білмейміз. Бұл кәдімгі жанайғай... Біреулер транзит арқылы қитұрқы тәсілмен мол пайда табуды шешкен. Алайда проблема шешіледі деп біз үміттенеміз. 

Транзитке байланысты ауқымды тағы бір мәселе бар. Біздің шенеуніктер транзиттік әлеуетті барынша пайдаланып, сол бойынша державаға айналуды жоспарлап жүр. Халықаралық жүк тасымалы арқылы пайдаға кенелуді, бір сөзбен айтқанда. Бірақ географиялық жағынан оны Ресейсіз шеше алмаймыз. Биылғы форумның транспорт пен лоигистикаға арналуы да содан. Мысалы, экономист Тимур Исаевтың «Форбс.кз» порталына жазған мақаласына сүйеніп, «Батыс Қытай – Батыс Еуропа» дәлізін алайық. Оның біздің елімізден өтетін бөлігінің құрылысы биыл аяқталады. Алайда Ресей аумағынан өтетін бөлігі дайын емес. Оны ресейліктер мойындайды:

Владимир Путин, РФ Президенті:

Нурсултан Абишевич знает, мы сегодня тоже говорили, когда в узком составе встречались: со стороны Казахстана построили дорогу, с нашей стороны, к сожалению, пока нет...

Форумда Еуразиялық даму банкінің басшысы Дмитрий Панкин Қазақстанның шекарасынан Ресейдің батыспен шекарасына дейінгі автожолды қаржыландырудың варианттары әлі қарастырылып жатқанын айтқан. 8-9 млрд доллар инвестиция керек. Мәселе саяси жағынан түсіністік тапқанымен, оны іске асыруға әжептәуір уақыт кететіні анық. Яғни біз салған бөлік халықаралық дәліз режимінде жұмыс істемейді. Ал оның қарызға салынғанын ескерсек, пайда тауып, борышты қайтаруға қашан кірісеміз? Ресейліктер өз бөлігін салып біткенше жолдың сапасы қалай болады? Сілтеме жасап отырған автор екі елдің экономикалық ынтымақтастығына орай ниет пен әрекеттің «екі жолақта» жатқанын айтады.

Әйтсе де ресми Астананың көңілі бір көтеріліп қалған жаңалық бар. Ресей президенті ЭКСПО-2017 көрмесін барынша қолдап-қолпаштайтындарын жеткізді. Мемлекеттік компаниялары, ірі жекеменшік компаниялары және аймақтары ұйымдасқан түрде қатысады. Орыстар 100 ден аса шараға қосымша ұйымдастырушы болмақ. Тіпті басқа мемлекеттерде Астана ЭКСПО-сын үгіттеуге уәде берді. «Миллионнан астам мейман келеді»,- деп бастап, ақырында «мыңдаған қонақ келеді»,- деп басылыңқырап қалған билік үшін бұл расында кәдімгідей қолдау. Айтпақшы, Қазақстан президенті ресейлік бизнесмендерді еліміздегі жекешелендіруге қатысуға шақырды. Олар мұнда өздерін өз үйіндегідей сезінеді. 

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

 Мы целенаправленно формируем общие правила игры, понятные для всех производителей и инвесторов. Вкладывая в экономику Казахстана, российский бизнес будет находиться почти в домашних для себя условиях. Мы это сделаем.