Автомектепте оқымай-ақ, жүргізуші куәлігін алу сәуірдің соңында жүзеге аса бастауы мүмкін. Бұл туралы ІІМ Әкімшілік полиция комитетінің өкілдері мәлімдеді. Аталған комитет мамандары Халыққа қызмет көрсету орталығы өкілдерімен бірлесе отырып, БАҚ өкілдерімен кездесу өткізген. Бүгінде тиісті заңға енгізілген өзгеріс мақұлдау кезеңінде. Министрлік өкілдері бұл норма енгізілсе, емтихан тапсыру оңайлап, азаматтарға қолайлы жағдай жасаларына сенімді.
Айта кетейік, жаңа ереже тек А және Б санатындағы куәлік алуға қатысты. Оны алу екі кезеңнен тұрады. Бірінші кезеңі - теория. Одан өтсе, практикалық емтиханға рұқсат алады. Үміткердің куәлік алуға үш мүмкіндігі болады. Егер барлығы сәтсіз болса, ол келесі емтиханды тек жарты жылдан кейін ғана тапсыра алады. Ал, автомектепте оқып куәлік алғысы келетін азаматтарға рұқсат, мұны әркімнің еркі біледі, - дейді Әкімшілік полиция комитеті өкілдері.
Бауыржан Наханов, ІІМ Әкімшілік полиция комитеті тіркеу-емтихан бөлімінің бастығы, полиция полковнигі:
Ешқандай керемет жаңалықтар жоқ. Бұрынғы кезде ондай болған, енді сол норма қайта енгізілейін деп отыр. Енгізілгеннен кейін біз қайта қабылдай береміз сол емтихандарды. Емтихан 40 сұрақтан құралады, сіз оқысаңыз-оқымасаңыз да, сол 40 сұрақ болады. Оның ішінде 32-не дұрыс жауап берсеңіз, содан кейін практикалық емтихан тапсыра бересіз.
Берік ХАСЕНОВ