Енді қызылжарлықтар қысы-жазы отандық көкөніспен қамтылуы мүмкін. Қалалық кәсіпкер жыл бойы үздіксіз жұмыс істейтін инновациялық жылыжай салған. Био-вегетарийге электржелісі қосылмаған. Ол таза күн сәулесімен ғана жұмыс істейді. Жаңашылдық ерекшеліктерімен аймақтағы тілшіміз Абзал Құрманкин танысты.
Олег Андрющенко инновациялық жылыжай салуды алты жыл бойы жоспарлапты. Былтыр материал әзірлеп, құрылысты бастап кеткен. 100 шаршы метрді алып отырған нысанның асты бетонмен құйылса, төбесі поликарбонаттың екі қабатымен жабылған. Бұл инновациялық жылыжай солтүстіктің сүйектен өтер суығына да шыдайды, - дейді авторы. Био-вегетарий негізінен күн сәулесімен жылытылады. Күн бұлтты кезде, кәдімгі пешке от жағылады.
Олег Андрющенко, кәсіпкер:
Осындай жылыжайлар Ресейде бар. Мен сол жақта арнайы курстардан өтіп, бұл жобаны Петропавлға алып келдім. Мен тек жылыжайдың құрылысына ғана қаражат жұмсадым. Оны күту үшін қаржының керегі жоқ. Тек отын болмаса. Су соратын құрылғы мен аккумуляторлар күн батареяларының арқасында жұмыс істеп тұр.
Био-вегетарийда әрдайым жоғары ылғалдылықты сақтап отыру үшін, кәсіпкер жаңбырдың суын арнайы үлкен бөтелкелерге құйып, оны шатырдың астына қойған.
Абзал Құрманкин, тілші:
Инновациялық жылыжайдың тиімділігі сонша, мұнда жаздың ыстығында температура сексен градусқа дейін жетеді. Міне, қазірдің өзінде термометр жиырма сегізді көрсетіп тұр. Үстінде жиналған жылы ауа механикалық үрлегіштер арқылы топырақты астынан жылытып тұрады. Бұған қоса, тамшылатып суару әдісі қолданылған. Осының арқасында, өнім тез арада өсіп-жетіледі, дейді бастама иесі.
Мына жерде қияр, қырыққабат пен брокколи отырғызылған. Олар жемісін желтоқсанның бас кезінде бере бастайды деп ойлаймын. Демек, қала тұрғындары жаңа піскен көкөністерді қыста да тұтынатын болады.
Жылыжайдағы өнімдер экологиялық таза. Мұндағылар жауын құрттарын өсіріп, топырақты биогумус атты тыңайтқышпен өңдемек.
Виталий Корольков, кәсіпорын қызметкері:
Жаңа жыл қарсаңында қарбыз жесек, қалай болады екен? Осындай жоспарымыз бар. Жылыжайдың ішіндегі климат түрлі жеміс-жидек пен көкөністерді өсіруге мүмкіндік береді. Өнімнің өзіндік құны да арзан болады, деп ойлап отырмыз.
Олег Андрющенконың айтуынша, бұл жылыжай эксперимент ретінде салынған. Жоба іске асса, кәсіпкер дәл осындай жүйемен, бірақ аумағы 1300 шаршы метрді алатын алып нысан салмақ. Жоспарға сәйкес, жаңа био-вегетарий күніне 160 келі өнім беріп отырады. Іскер арнайы жерді де қарастырып қойыпты. Тың жобаны іске асыруды ол ендігі жылы қолға алмақ.
А.ҚҰРМАНКИН