Боралдайдағы жетім балалар мектеп-интернаты төңірегінде дау туды

  • AstanaTV
  • 08 сәуір 2016

Алматы маңындағы Боралдай кентінде жетім балаларды тәрбиелейтін мектеп-интернат төңірегінде дау туды. Қайырымдылық бағытында құрылып, 60-тан астам баланы тәрбиелеп отырған мекеме бар-жоғы 10 млн теңгеге сатылып кеткен. Оқу орны құрылтайшыларының бірі өзге серіктестеріне ескертпей, оны саудаға салады.

Іле аудандық сотына арыз беріп, мектеп-интернатта тәлім алып жатқан балалар мен ұстаздарды күштеп шығаруға әрекет еткен. Енді тұрмысы төмен отбасынан шыққан және қараусыз қалған балаларды тәрбиелейтін мекеме тәлімгерлері далада қалуы мүмкін. 

Жақында бұл ұжымның заңгерлері Алматы облыстық ауданаралық экономикалық сотына ғимаратты сату туралы келісімшартты заңсыз деп тануға өтініш жазған. Олар мектеп-интернат орналасқан аумағы 1 гектардай жерге әлдебіреулер көз тігіп отыр деп есептейді.

Абзал Нұрман, мектеп-интернат өкілі:

Мекемеде 60-тан астам жыл сайын өзіміздің қарагөз қазақ балалары тәрбие алып шығады. Мұнда тегін жатады, мектебіне барады, тамақтанады, тәрбие алады. Қазақстанның патриот, елін жақсы көруге бағыттылған, қазіргі замандағы жаман әдеттер, наркомания, алкоголизм деген нәрселерден аулақ болуға, салт-дәстүр бойынша тәрбие алатын балалар.    

Алайда осы жылдың 28 наурызында Іле аудандық соты мектеп-интернат ұжымын ғимараттан шығару туралы жоғарыдағы талап арызды қанағаттандырмай тастаған. Қазір тәлімгерлік орталығына қатысты істі аудандық прокуратура бақылауына алды.

Сұңғат Сәтбаев, Алматы облысы Іле ауданы прокуратурасының аға прокуроры:

Іле аудандық сотымен 2016 жылдың 28 наурызында мектеп-интернатқа қатысты сот шешімі шықты. Ол қазіргі уақытты заңды күшіне енген жоқ. Заңды күшіне ену уақыты Азаматтық-процессуалдық кодексте бір ай деп көрсетілген. Қазіргі уақытта прокуратура тарапынан сот шешімінің заңдылығы тексеріліп жатыр. 

Ришат АСҚАРБЕКҰЛЫ