Ақмолалық пішеншілер 1,2 млн тоннаға жуық шөп дайындады. Бұл –қолда бар мал үшін қажетті бір жылдық жемшөп қорының 86,7 пайызы. Бұл туралы Ақмола облыстық Ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасы басшысының орынбасары Еркеш Әленов мәлім етті.
Басқарма басшысы орынбасарының айтуынша, қазіргі кезде шөп шабу жұмыстары қызу жүріп жатыр. Малға қажетті жемшөпті жинауда ақмолалық пішеншілер белсенділік танытуда.
«Биыл облыс бойынша шаруалар шамамен 458 мың ірі қара, 250 мың жылқы, 569 мың қой, 40 мың ешкіні қыстатқалы отыр. Осынау малға 1 миллион 308 мың тонна мал азығы қажет.
Көктемнен бері жауын-шашын болмағандықтан, шабындықтағы шөп өспей қалды. Дегенмен, жемшөппен толық қамтамасыз ету мақсатында мал азығы өсірілетін алқап 28 мың гектарға ұлғайтылды, ол жалпы алғанда 223 мыңнан астам гектарды құрады. Бүгінгі таңда пішеншілер 1,2 млн тоннаға жуық шөп дайындады. Бұл –қолда бар мал үшін қажетті бір жылдық жемшөп қорының 86,7 пайызы.
Бұдан бөлек, 107,8 мың тонна пішендеме және 13 мың тонна сүрлем дайындалды. Сонымен бірге облыста шаруашылықтарды жеммен толық қамтамасыз ету қажеттігін ескере отырып, қосымша тағы 750 мың тонна сабан дайындау жоспарланып отыр. Осы бағыттағы жұмыс жалғасып келеді», - деп түсіндірді Еркеш Әленов ҚазАқпарат тілшісінің сауалына.
Айта кетсек, бұдан бұрын Ақмола облысында күзгі егін орағына 7 мыңға жуық комбайн пайдаланылатынын жазған едік.