Қарағандыда
үйін жарықпен жылытатын тұрғындар қақаған қыста жарықсыз қалды. Қаланы электр
қуатымен қамтитын «Қарағанды Жарық» компаниясы есептегіш құралдарды бұзды деп,
тұтынушыларды желіден ажыратып тастаған. Енді қомақты ақша талап етіп отырса
керек. Салдарынан үйлерін тоқпен жылытатын отбасылар бүрсеңдеп отыр. 10 шақты
отбасы есептегіш құралға тиіспегендерін айтып, тұтынушылар құқығын қорғау
ұйымына шағым түсірген. Есептегіш құралынан туған дауды Айжан Қуаш анықтап
көрді.
Двое
суток без отопление простоял дом. Это уже грозит к размораживанию системы
отопления, какой-то большой аварии.
Алексей
Рябинкиннің мына даңғарадай үйінде екі күннен бері не жарық, не жылу жоқ.
Токтан ажыратылғандықтан, пештің жылуын тарататын құрылғы да істемей тұр. Оның
айтуынша, «Қарағанды Жарық» компаниясының мамандары токқа аз ақша төлеп отырсың
деп, жарықты қиып, қондырғыны тексеруге алып кеткен. Жауаптылар жарықты
есептейтін құрылғыда бітеме, яғни пломбаның бұзылмағанын сараптама арқылы
анықтаған. Енді компания «есепке алынбаған қуат» үшін 2 млн теңгеден астам ақша
төлеуді талап етті деп отыр. Шарасыз тұтынушы кішкентай үш баласы мен жұбайын
туыстарының үйіне апарып, мәселені шешуге
білек сыбана кірісіпті.
Алексей
Рябинкин, Қарағанды қаласының тұрғыны:
«Қарағанды
Жарықтан» маған жіберген соманың күшін жоюды талап етем. Өздері жасатқан
сараптама зауыт пломбаларының орнында екенін анықтаған. Олай болса, менің есептегішке
қандай бір зат орнатуым мүмкін емес. Оның үстіне құралды 3 жыл бұрын олар
өздері сатып, өздері орнатып, пломбасын да өздері қойған. Бұл қыстың
қысымшылығында халықты бопсалау.
Соңғы
екі аптада дәл осындай тығырыққа тірелген 10 шақты тұрғын, тұтынушылар құқығын
қорғау ұйымдарына араша сұрап келген. Олардың арасында кәсіпкерлер, көп балалы
отбасылары мен жалғыз басты қариялар да бар. Олардан компания 200 мыңнан 6 млн
теңгеге дейін ақша талап етіп отырған көрінеді.
Жасұлан
Айтмағамбетов, «Гарант» тұтынушылар құқығын қорғау қоғамының басшысы:
Тұтынушылардың еш кінәсі жоқ. Олар пломбаны
бұзбастан, есептегіштің схемасын өзгертетін сиқыршы емес. Компания қыстың
аязында тұрғындарды қыспаққа алып отыр. Дереу жарықты қия қойып, қалаған
ақшасын төлетіп ала қоймақшы. Бұл тұтынушы құқығын бұзу деген сөз.
Алайда,
«Қарағанды Жарықтың» дегенінен қайтар түрі жоқ. Аталған мекеме өкілінің
айтуынша, қалалықтарға қойылған есептегіш құралдан басқа, компанияның өз
бекетінде орнатылған тағы бір қондырғы бар. Ол, әр тұрғын пайдаланған электр
қуатының қаншасы есепке алынбай қалғанын көрсетіп тұрады, - дейді. Сондықтан сол ақшаны қайтарып алмақ. Сонымен бірге, ресейлік Меркурий 230
есептегішінің өте ақылды екенін алға тартты. Сөзіне сенсек, оны ашып тексерген
кезде, құрылғы жадысы қашан, қандай өзгеріс енгізілгенін өзі-ақ көрсетеді.
Алексей
Хижняк, «Қарағанды жарық» ЖШС заң бөлімінің бастығы:
Қазір
қолынан іс келетін тұтынушы көп. Олар пломбаны бұзбай-ақ, токты аз айналдыратын
етіп құралдың сызбасын өзгерте алады. Мына, есептегіште солай бір сым жалғап,
дәнекерлеп алыпты. Оның бәрі ақшаны аз төлеудің амалы. Біз басты қондырғы мен
тұтынушының үйіндегі есептегіштер көрсеткен киловаттарды салыстырып,
сәйкеспесе, сараптама жасатамыз. Мұндай күмән туса, жарықты дереу қиюға құқымыз
бар.
Айжан
Қуаш, тілші:
Тұтынушылар
құқығын қорғау қоғамы заңгерлерінің айтуынша, аталған ақылды есептегіштің
сапасына күмәнданып, шағымданғандар өте көп. Сондықтан олар "Қарағанды
Жарық" сататын қондырғыларды тексеру қажет деп санайды. Мұнымен қоса,
облыстық прокуратурадан компанияны бопсалау, алаяқтық, тұтынушыларды алдау
деректері бойынша тексеруді сұрап хат жолдамақшы.
Айжан ҚУАШ