Түнімен жауған қардың кесірінен дүйсенбіде Астана көшелері кептеліп, жұрт жұмысына, оқуына кешікті. Үкіметтің отырысы да уақытында басталмады. Премьер-министр қала әкіміне «ешқандай дайындық болмаған сияқты әсерде қалдық» деген. Әсет Исекешев, «Түнгі екіден тазаладық, бірақ толассыз жауған қар үлкен кептелістер туғызды, бәрі реттеледі»,-деді. Алайда дүйсенбіде басталған қар күреу аптаның соңына дейін жалғасты. Биыл қыстың ұзақ, қарлы-боранды болатыны еп-ерте айтылды. Сондай дейміз, қыс бойы көлік коллапсы тумақ па? Дүйсенбіге қараған түні Киевте де қар тоқтамай жауған. Украинаның кейбір порталдары қар жинайтын техниканың үздіксіз жұмыс істегенін, коммуналдық қызметшілердің тірлігі жақсы ұйымдастырылғанын, сонымен бірге көшеде неше көлік қар жинап жүргенін, олардың қозғалысын Киевтің әрбір тұрғыны онлайн бақылай алатынын жазды. -Қала мэрі алғашқы сынақты жақсы тапсырды-, деген. Яғни қала билігі алғашқы қалың қарды «тосынсый» ретінде қабылдамауына болады екен. Алайда қаһарына қарашаның басында мінген қыс Астана ғана емес, Алматы, Өскемен сияқты қалаларда «сюрпрайз» болды. Ауа-райы қатал Өскеменде бір –ақ жылы аялдама бар екенін ойласаң, қоғамдық көлікпен жүретін қарапайым азаматтармен бірге тоңасың. Ал Петропавлдың көмірмен отырған жекеменшік үй иелері сапалы көмірге зәру... Қалың қар сирек түсетін және қатал қыс болмайтын қалалардағы коллапсты түсінуге болады, ал біздегі биліктің сасқалақтап, абыржып қалатыны... Сағаттың тіліндей сыртылдап жұмыс істеуі тиіс механизмдер «қардың астында қалған». Ауылдар туралы үндемеймін де.
Солтүстікке сақылдаған сары аяз күтпеген жерден келіп, бұқара абыржып қалды. Қыстың қамын жаз ойламай, жайбарақат жүрген жұрт көмірмен қамдануды күзге қалдырған көрінеді. Ал қазан-қарашада отын тапшылығы пайда болатынын ешкім күтпесе керек. Тұрғындар тығырыққа тірелгенде ғана дабыл қақты. Голышевтар отбасы қазір ағаштың арқасында түтін түтетіп отыр. Қысқа деп сақталған тамыздық қоры таусылып келеді. Жұрт көмір компанияларының ашылуын аңдумен әлек.
Татьяна Голышева, Петропавл тұрғыны:
Құрылыстан қалған ағашты жағып жатырмыз. Оның неше күнге жететінін білмейміз. Қаражыра көмірін алғымыз келеді. Бірнеше жылдан бері соны пайдаландық. Бірақ қаланың ішінде таба алмадық. Қоймада Екібастұз бен Майқұба көмірі бар. Бірақ олардың сапасы онша емес.
Бүгінде Солтүстік Қазақстан өңірі Екібастұз, Майқұба, Қаражыра мен Шұбаркөл сынды кен орындарның көмірін пайдаланып отыр. Соңғы екеуінің жылу коэффиценті жоғары болғандықтан, жұрттың басым бөлігі осыларды таңдайды. Бірақ тұтынушылардың талғамын қанағаттандыратын өнім жоқ, қазір. Жергілікті көмірмен қамту кәсіпорны кен орнын кәнілайды. Ал кен орны жауапкершілікті жүк тасымалдау компаниясына сілтейді.
Иван Баденко, «Шұбаркөл көмір» АҚ бөлім басшысы:
Бұл жыл сайын қайталанатын жағдай. Қазан, қараша айларында шаруашылық көмірге тапсырыс өте көп түседі. Ал барлығына көмірді дер кезінде жеткізу үшін вагондар жетіспейді. Бүгінде, міне, жеткізілуі тиіс көмірдің небәрі 88 пайызын апардық. Біз «Қазақстан Темір жолы», яғни «Жүк тасымалдау» компаниясымен жұмыс істейміз. Олар бізге шілде, тамыз, қыркүйек айында тасып алыңдар дейді. Бірақ ол кезде тапсырыс болмаса, көмір таси алмаймыз ғой. Адамдар да мұны түсініп, ертерек қамданғандары дұрыс.
Теріскейде қақаған аяз төстеп тұрса, күнгейді қалың қар басты. Бір түннің ішінде Алматыда 15 миллиметр қар түскен. Тоқтамастан жауған қардың кесірінен Алматы халықаралық әуежайында Астана, Шымкент, Павлодар, Мәскеу, Бангкок және Нью-Делиден келетін ұшақтар кешігіп жетті. Шектен тыс түскен ақұлпа көлік қозғалысына да кері әсер етті. Түнгі уақытта 75 апат тіркеліп, 17 адам жапа шекті. Коммуналдық қызметтер бар күшті негізгі көшелерге салғанымен, көлік кептелістерін жоя алмады.
- Жолды көріп тұрсыздар ғой, ешқандай тазаламаған. Басқа айтар ештеңке жоқ енді, -кешке дейін тазалайтын шығар деген үміт бар.
- Жұмысқа дейін бір сағат жүріп келдім, пробка болды. Тазаланбаған әлі.
Көшелерді қардан тазалауға 465 бірлік техника мен 500-ден астам адам жұмылдырылған. Бірақ, мұншама адамның өзі алып шаһарға аздық етеді, дейді әкімдіктегілер. Ал қосымша жұмыс күшін жалдауға бюджет қаражаты қолбайлау.
Дәурен Нұрдәулетов, Алматы қалалық табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасы басшысының орынбасары:
Түннен бері қарай қазірге дейін 6 мың тонна тұз құм қоспалары себілді, жол бетіне. Қазір қар жауу басылмаған соң, жолдарды екі қайтара сыпырып, қайтадан оның бетіне арнайы қоспаларды технологияға сай қайтадан сеуіп жатырмыз.
Атыраулық жүргізушілер де қаһарлы қысқа дайын болмай шықты. Табиғат бір күнде тосын мінез көрсетіп, жазғы дөңгелегін маусымға дайындамағандар тосылды да қалды. Қалада көлік кептелісі қаптады. Әдетте бұл кезде тегіршек жөндеу орталықтарының саудасы қыза түспек. Ұзын сонар кезек 1 шақырымға дейін созылып жатыр. Осыған байланысты доңғалақты жөндеу бекетінің мамандары түнгі 11-ге дейін жұмыс істеуде.
-Мұндай күндері қызмет көрсетілген көліктердің саны 40-тан асып түседі, - дейді Виталий Романов.
Виталий Романов, тегершік орталығының директоры:
Соңғы үш күннен бері біздің дүкен мен жөндеу орталығы қарбаласып жұмыс істеп жатыр. Көліктер сағатпен жазылып қойған. Таңертеңнен кешке дейін бос емеспіз. Тіпті 1 шақырымға дейін кезекте тұр. Бұл жыл сайын осылай. Қар болмайды деп ойлайды. Бірақ қыс өз дегенін жасайды. Жүргізушілерге айтқым келетіні жолда апатқа ұшырамау үшін дөңгелектерді уақытында алмастырыңыздар. Атырауда - қазан, ал орталық облыстар, Астана қыркүйекте алмастыру керек.
Ал Өскеменде аспанның түбі тесілгендей, соңғы бірнеше күннің ішінде қардың 2 айлық мөлшері түсті. Салдарынан қала көшелерінде қарбалас туындады. Артынша шаһардағы жетекші коммуналдық кәсіпорынның басшысы міндетін дұрыс орындай алмағандықтан қызметінен қуылды. Ал оның орнын Тамара Рақымжанова басты. Қар тазалау жұмысы белсенді әйел үшін таңсық дүние емес екен. Ол осы уақытқа дейін «Өскемен-тазалық» кәсіпорнын басқарып келген екен. Іскер азамат дереу жұмысты бір ретке келтіріп, техникалардың кестесін жасауға кірісті.
Тамара Рақымжанова, «Өскемен-тәртіп» МКК жетекшісі:
Тәртіпті ұйымдастыру жұмысынан бастаймын. Көліктерді қайда жіберу керектігін, жұмысшыларды бөлу мәселелерін қарастырып аламын. Қалада күндіз 69, ал түнде 62 трактор мен жүк тиегіш көлік жұмыс істейтін болады. Мен қаланы өте жақсы көремін және бәрі ойдағыдай болады деп ойлаймын. Табиғаттың тосын сыйынан сабақ алып жатырмыз. Қаланы қардан тазарту үшін бар күшімізді саламыз.
Әлем тәжірибесіне көз жүгіртсек. Финляндия қар жауар алдында, бір күн бұрын бүкіл техникасын сайлап қояды. Онда жауын-шашын түнімен жауғанның өзінде, таңертен асфальт бетіндегі қардың қалыңдығы 2 см-ден аспауы тиіс. Ел астанасы – Хельсинкида тіпті негізгі көшелерінің астында жылытқыштар орнатылған. Ал АҚШта бүкіл жол жүйелерін компьютерлік бағдарлама бақылайды. Арнайы құрылғылар қар басқан жолдарды штабқа дереу хабарлап отырады. Бұл – жаңа дәуірдің айғағы. Ал бізде әдеттегідей, климаты қатал аймақта тұрсақ та, адамдар да, шенеуніктер де алғашқы қарды, алғашқы аязды «тосын сый» ретінде қабылдайды. Әлеуметтік желілерде мынандай ролик тараған, қырғыз шенеунігі, «күн суық деген не тәйірі, адамның жаны жылуға толы болса», дейді.
Қырғыз шенеунігі адамның жан дүниесі таза болуы керек дегенді айтып отыр...
Осының әр жақ, бергі жағында ойлайтын шенеуніктер бізде де жетеді...
А.Құрманкин, А.Қуаш, Р.Асқарбекұлы, Б.Ізімова, И.Якунина «Біздің уақыт».