Русский Сайттың толық нұсқасы

Ресей министрінің «ұсталуының» астарлары

  • AstanaTV
  • 19 қараша 2016
  • 1831

 Дүйсенбіге қараған түні Ресейдің Тергеу комитеті Экономикалық даму министрі Алексей Улюкаевты ұстағанын дүйсенбі таңертең ресей ақпарат құралдары хабарлады. Оны «Роснефть» компаниясының өкілдерінен пара алып жатқан жерінен тұтқындаған. «Башнефть» компаниясын  сатып алып жатқан «Роснефть» компаниясынан жасалған келісімге оң баға беру үшін 2 млн доллар сұраған көрінеді. «Интерфакс» министрге пара 14-қарашада тергеу эксперименті кезінде берілгенін анықтаған.

 РБК порталының мәліметінше, сот санкциясымен шенеуніктің телефоны жаздан бере тыңдалған. Ал Риа Новости  министрдің Федералды Қауіпсіздік Қызметінің қарауында 1 жылдан бері жүргенін жазған. Сонда ол не бүлдірген, ондай күдікті адам қалай бір жылдан бері жоғары лауазымды қызмет атқарған? Жалпы, біз бұл «ұсталуға» неге тоқталып отырмыз? Себебі бұл ұсталудың астарлары қалың. Басында Улюкаев «Башнефтьтің» «Роснефтьке» сатылуына қарсы болған. Бірақ... Бірақ «Роснефтьтің»  басшысы Игорь Сечин шетелдік және орыстың Кремльге бағынбайтын ақпарат құралдарының жазатынындай, Ресей президентінің «ет жақындары тобына» енетін адам. Оның үстіне, Ресей президенті бұл сауданы ашық қолдағаннан кейін Улюкаев революционер емес, риторикасын өзгерткен. Яғни, мәселе принципті түрде шешілген – «Башнефтьтің» мемлекеттік пакеті «Роснефтьке» сатылған, «Роснфетьке» қарағанда көптеу ұсынған компания болса да. Сонда, Улюкаев қандай оң шешім үшін пара сұрайды? Ресейдің кәсіпкерлер палатасының жетекшісі Александр Шохин «Газета.ру» порталына берген сұхбатында тағылған айыптың «қызық» екенін айтқан - «егер А.Улюкаевты «Гелентвагенді» жоғары жылдамдықпен айдап келе жатып, бір кемпірді қағып кетті десе, шынайырақ естілер еді»,- деген. Путин «операцияны» білген және қызметінен бірден дерлік алды. Бір кезде Улюкаевты ол «умница» дегені еске түседі. Кабинетінің мүшесіне ауыр айып тағылған Медьведев тергеудің жан-жақты жүргізілуі керектігін айтты.

Айтпақшы, «Роснефтьтің» баспасөз хатшысыМихаил Леонтьев деген Улюкаевтың ұсталуын «мықты жұмыс» деп сипаттап, ал «Башнефтьті» жекешелендіру процесі заң аясында жүрген, қайта қаралмайды, - деген. Барлық тараптың, ең бастысы, Кремльдің келісімімен жасалған саудадан Улюкаевтың пара алып қалуға тырысқаны Роснано басшысы Анатолий Чубайс айтпақшы, абсурд сияқты көрінеді. Және 2 млн доллар деген әрине, біз үшін ақша, бірақ мұндай келісімдерге байланысты... Жаңа ғана айтқанымыздай, Игорь Сечин ықпалды адам. Оның асқан байлығы... Биыл жазда ресейлік «Новая газета» басылымы Сечиннің жұбайы Ольга Сечинаның 150-180 млн доллар тұратын мегаяхтасы бары туралы мақала жариялаған. «Әулие ханшайым Ольга» деп аталатын яхтаның Ольга Сечинаның меншігіндегі дүние екенін оның әлеуметтік желілерде жариялаған мақтаншақ суреттері арқылы дәлелдеген. Игорь Сечин бірнеше жыл бұрын әйелінен ажырасып, 2011 жылы Ольга Рожкова есімді блондинкаға үйленген.

 Мақалада Сечиннің жылына бонустарды қосқанда 12 млн доллар жалақы алатыны, соның өзінде мынадай яхта сатып алу оңай еместігі жазылған...  Кейін осы мақала үшін басылымды Олга ханым сотқа берген, «жеке өмірге ешкімнің араласпауы керек» деген бойынша шағымданған. «Менде ондай яхта жоқ, жазғандары өтірік» демеген... «Радио Свобода» порталының осы тақырып бойынша дайындаған сұхбатынан үзінді: 

Семен Новопрудский, Банки.ру. порталы бас редакторының орынбасары:

Бұл жердегі негізгі сөз – қорқыныш. Улюкаев астыртын экстремистік либералды партия басқарған жоқ, Улюкаев ешқандай саяси қозғалыс құрған жоқ. Улюкаев Путин командасының мүшесі ғана. Формальді түрде Путинге жақын болуы керек. Бірақ парадокс мынада -  осы ойынды ұйымдастырушылар қорқытып отырғандарынан кем дірілдемейді. Себебі бұл биліктің фундаментальді проблемасының бірі – елімізде ешкім ешкімге сенбейді...Ұсталған адам экономикалық даму министрі, ал бізде биліктің «сал тартып» жатуына байланысты экономикалық даму мүмкін емес, сал ауруы неден десек, арам дүниені жоғалтамын деген қорқыныштан туған.

Сечин кезінде Ходорковскийді «күйрету» операциясын орындағандардың бірі. Улюкаевтың ұсталуы тағы да «біреулердің» «біреулерге» ескертуі... Өзінің кім екенін көрсету... Ал кланаралық соғысты былай қойғанда, Ресейдің бүгінгі болмысы – мұнай бағасының түсуі мен әлемдегі тұрмақ, аймақтағы ықпалының азаюынан әр түрлі конфликтілерге басын тығып, араласуы, массаның миын ботқа қылып, жалған идеяларға «ах» ұрғызуы, тиісінше, «өркениетті даму» туралы ойлайтындарды, ал Улюкаев сондай шенеуніктердің бірі болған деседі, пешка сияқты қағып тастай салу...