Русский Сайттың толық нұсқасы

Ақтауда үйінде жәбір көрген əйелдер үшін уақытша пана ашылды

  • AstanaTV
  • 29 қараша 2016
  • 5642

Үйінде жәбір көрген маңғыстаулық əйелдер пана тапты. Ақтауда нәзік жандарды балаларымен бірге қабылдайтын жаңа аналар үйі ашылды. «Үміт үйі» деп аталатын үкіметтік емес мекемесіне тығырыққа тірелген әйелдер бірінші күннен келе бастады. Тілшіміз әңгімелейді.

Айнұр «Үміт үйінде» ғана өзін жайлы сезінеді. Жас ана өзінің шын атып атап, бетін көрсетуден жасқанып отыр. 23 жасар әйелдің 2 баласы бар. Нәзік жан мансапты ысырып қойып, 17 жасында отбасына ден қойған. Алайда, жолдасы ішімдікке беріліп, жанұяның тас-талқанын шығарды, дейді ол. Ал жуырда тіпті келіншегі мен екі баласын үйінен қуып шыққан.

Айнұр:

Күйеуім мені екі баламмен бірге далаға қуды. Енді не пәтер де, не жұмыс та жоқ. Сондықтан орталыққа келуге мәжбүр болдым. Жолдасым күнде ішімдік тұтынады. Ішкенде отбасын ұмытып кетеді.

Мұндай проблемаға тап болған ақтаулық әйелдердің қарасы қалың. «Жұмақ» әлеуметтік көмек орталығына бірнеше жылдың ішінде 300-ден астам адам жолыққан. Оның 60-қа жуығы үйінде зорлық-зомбылық көрген екен. Осыған дейін барар жері, басар тауы жоқ әйелдер тек заңдық және моральдық тұрғыдан көмек алса, енді олардың жарты жыл бойы пана қылатын арнайы үйі бар.

Орталық 15 адамға шақталған. Биліктегілер 400 шаршы метрді құрайтын ғимаратты тегін ұсыныпты. Аналар үйі күні-түні күзетіледі. Ал жәбір көрген әйелдердің күйеулерімен кездесуін әлеуметтік жұмысшылар жіті бақылайды екен. Мекеме басшылығы қауіпсіздік шараларын жетілдіруді көздеп отыр.

Райхан Бекманова, «Үміт үйінің» директоры:

Облыстық әкімдікке хат жаздық. Бізді жедел басқару орталығына қосып, дабыл қаққыш пернесін орнатуды сұрап отырмыз.

Игілікті істен іскерлер де шет қалмады. Олар орталықта тігінші мен шаштаразшы мамандығына оқытатын арнайы курстарды өткізуге демеушілік көрсеткен. Мекеме қызметкерлері әйелдер ақыр аяғында үйлеріне оралатындарына сенеді. Ол үшін мамандар отағаларымен көзбе көз тілдесіп, бақытты жанұя құрудың сырын ашпақ.

А.ҚҰРМАНКИН