Байқоңырдан ұшқан «Прогресс» жүк тасымалдау кемесі ел аумағынан тыс жерде апатқа ұшырады. Ал ғарыш кемесі «Союз-У» зымыран тасығыштың көмегімен «Байқоныр» ғарыш айлағынан штатық тәртіппен, уақытылы ұшып шыққан. Бұл туралы біздің арнамызға Қазақстан Президентінің Байқоңыр кешеніндегі арнайы өкілі қызметін қамтамасыз ететін басқарма басшысы айтты.
Бақытбек Бекпанов, ҚР Президентінің "Байқоныр" кешеніндегі арнайы өкілінің қызметін қамтамасыз ету басқармасының басшысы:
Жергілікті уақыт бойынша тоғыз сағатқа тоғыз минут қалғанда үш жарым мың тонна жүгі бар кеме ұшырылды. Үш жүз сексенінші секундында, яғни ғарышта болған сәтінде, 180 шақырымдықта құлады. Сынықтары жоқ шығар. Бұл біздің еліміздің аумағы емес. Қазір іздеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Комиссия құрылды.
Айта кетейік, 2 желтоқсан күні ұшырылған "Прогресс МС-04" жүк кемесі Халықаралық ғарыш стансасына 2 мың тоннадай жүк жеткізуі керек болған. Алдын ала болжам бойынша, жүк Туваның таулы аумақтарында адам тұрмайтын жерде жоғалған. Біраз бөлігі ауада жанып кеткен. Жүк кемесінде жағармай, сығымдалған газдан бөлек, су мен азық-түлік, дәрі-дәрмек, гигиеналық заттар мен киімдер болған. Роскосмостың хабарлауынша, жүк кемесінің жоғалуы Халықаралық ғарыш стансасы қызметіне әсер етпейді. Апат себебін комиссия анықтауға кіріскен. Алдын ала болжам бойынша, апатқа техникалық ақау себеп.