Кеден бекеттерін модернизациялау үшін шамамен 200 миллион доллар қаражат қажет. Бұл туралы Мемлекеттік кірістер комитетінде өткен брифингте айтылды. Әңгіме Еуразиялық экономикалық одақ елдері шекарасындағы өткізу бекеттері жайлы.
Олардың инфрақұрылымын жаңғырту рәсімдеу мерзімін қысқартады, кедендік және салық төлемдерінің толық алынуын қамтамасыз етеді және жемқорлық факторларының азаюына сеп болмақ. Статистикаға сүйенсек, 1 жүк көлігі шекарадан өту үшін 2012 жылы 132 минут жұмсаса, бұл көрсеткіш 2015 жылы 75 минутқа қысқарған. Жаңа технологияның енуі бұл процесті 20-30 минутқа дейін азайтады. Әзірге «Эталондық» өткізу пункті типтік жоба түрінде. Алдағы уақытта үкіметке ұсынылмақ. Жаңа типтегі орталықтарды салуға 3 жылдай уақыт кетеді.
Қайрат Маубаев, ҚР Қаржы министрлігі мемлекеттік кірістер комитетінің басқарма басшысы:
Өткізу пункттеріне соңғы технологиялар 2011 жылы орнатылған. Заман талабына сай жаңартуды қажет етеді. Ескірген құрылғылар істен шығып қалатын фактілер тіркелуде. Мысалы, салмақ өлшеуіш жұмыс істемей қалды. Қолда бар құралдармен есептеу уақыт алады.
Айбек ҚОСАН