Болашақта Қазақстанда туберкулез қан арқылы анықталуы мүмкін. Яғни дәрігерлер дәстүрлі флюрографиядан бас тартуы ықтимал. Бұл туралы Дариға Назарбаеваға Астана денсаулық сақтау басқармасының бастығы Эрик Байжүнісов мәлімдеді. Премьер-министрдің орынбасары бүгін Елордадағы әлеуметтік нысандарды аралаған болатын. Басқарма бастығының айтуынша, құрт ауруын қан арқылы анықтау әдісі нақты нәтиже береді.
Эрик Байжүнісов Астана қалалық денсаулық сақтау басқармасының бастығы:
Біз кәрістермен келісімге қол қойдық. Олар қондырғыларын әкеліп, орнатып берді. Қазір екі емханада пилоттық режим ретінде сынап жатырмыз. Егер қолдануға ыңғайлы болса, сараптама жасап, туберкулезді қан арқылы анықтай аламыз. Біріншіден, құрт ауруының бар-жоғын дәл анықтайды. Екіншіден, емдеуге болатын антибиотиктерге деген сезімталдығын бірден тексеруге болады.
Астана қалалық денсаулық сақтау басқармасының бастығы отбасылық дәрігерлердің қызметін лицензиялап, жеке кәсіпкер ретінде шығару ұсынысымен бөлісті. Яғни дәрігерлер емханамен келісімге отырып, жеке бизнес өкілі ретінде үй-үйге қызмет көрсетуі мүмкін. Әлеуметтік нысандарды аралаған премьер-министрдің орынбасары кәсіби-техникалық колледжінің ұжымымен де кездесті. Ол 2-3 жылдан соң мектеп түлектерінің ағылшын тілін еркін меңгеріп шығатынын айтып, ұстаздарды да ағылшын тілін үйренуге шақырды. Мұғалімдер мен колледж басшыларына деген талап күшейетінін ескертті.
Айгүл ӘДЕПБАЙ