Спорт Қазақстан
$449.58 €486.94 ₽4.86
×

Астана әкімі тұрғындардың шағымын тыңдады

AstanaTV
19.01.2017ж. 20:00
2906
Астана әкімі тұрғындардың шағымын тыңдады

Астана әкімі Әсет Исекешев тұрғын үйлерде түнімен жұмыс істейтін шулы караоке-барлармен күреспек. Бұл туралы пәтер иелері кооперативтерінің жұмысына қатысты өткен жиында мәлімдеді. Тура бір апта бұрын жол қозғалысына қатысты халықпен өзекті мәселелерді талқылаған қала басшысы бұл жолы үй иелерінің арыз шағымын тыңдады.

Түн ұйқысы төрт бөлінген мына көп қабатты үйдің тұрғындары «қас қарайса, караокедегі даңғырлаған музыкадан көз шырымын алу мүмкін емес» дейді. Әкіммен кездесу барысында олар осы мәселені көтерді. Әсет Исекешев түнгі сағат 11-ден кейін тұрғын үйлерде шу шығарып, музыка дыбысын қатты қоятын караоке-барлардың қызметін тоқтату туралы ұсынысты мәслихат деңгейінде көтеретінін жеткізді. Жалпы соңғы бір айда әкімшіліктің ресми сайтына тұғындардан мыңға жуық арыз түскен.

Әсет Исекешев, Астана қаласының әкімі:

Бес саусақ бірдей емес демекші, КСК жұмысы әр түрлі деңгейде. Кейбір КСК қызметкерлері тұрғындар көңілінен шықса, кейбір қызмет көрсетуші ұйымдарға көптеген сұрақтар бар. Жалпы халықтың көпшілігі КСК адамдарының қызметіне көңілдері толмайды. Шешілмеген мәселелер көп.

Шешілмеген мәселелердің саны жыл өткен сайын көбеймесе, азаяр емес. Келіп түскен арыз-шағымның 50 шақтысы қаржылық айқындықтың жоқтығына қатысты. Сондай-ақ пәтер иелері кооперативінің мардымсыз жұмысын айтып ашынған тұрғындар да аз емес.

-Почему не поменяете председателя? - Она уже 20 лет сидит. Она не уходит. Я не знаю, что делать...

Енді  мұндай түсініспеушіліктерді жою үшін, әкімдік мәселені жаңа инновациялық әдіс арқылы шешпек. "Е-ПИК" интернет жүйесі іске қосылса, тұрғындар мен коммуналдық шаруашылық қызметкерлерінің жұмысы әлдеқайда жеңілдейді деген үміт бар. Жаңа жобаны инвесторлар қаржыландыруға дайын. Биыл ақпанда басталып, сәуірге дейін сынақ ретінде енгізілетін жоба шілдеде қала бойынша толықтай іске қосылмақ.  

Жәннат Дүбірова, «Астана Innovation» АҚ басқарма төрағасының орынбасары:

Жаңа жүйе бойынша тұрғындар электрик пен сантехниктің келу уақытын өздері белгілейді. Қар тазалау мен су, жарыққа қатысты түрлі қызметтер туралы хабарламалар келіп отырады. Сол арқылы үй иелері коммуналдық шаруашылық қызметкерлерінің жұмысымен толық хабардар болмақ. 

Елдос Сапарғали, тілші:

Тұрғындар мен қала басшылығы арасындағы байланысты нығайту үшін өткен жылдың қыркүйек айында әкімдік жанынан «Қалалық шешімдер бюросы» атты мекеме құрылған болатын. Бұл орталық ақпанның 15-не дейін қала тұрғындарының арыз шағымдары бойынша тыңғылықты жұмыс атқармақ.