Спорт Қазақстан
$446.49 €475.38 ₽4.79
×

Президент үндеуі қызу талқылану үстінде

AstanaTV
30.01.2017ж. 20:00
2400
Президент үндеуі қызу талқылану үстінде

Конституциялық реформа билік тармақтары арасындағы құқықтық мәселелерді айқындап, заң жүзінде нақтылап береді. Сол арқылы Үкімет пен Парламенттің өкілеттігі күшейеді. Бұл қоғамды демократияландыруға бағытталған қадам. Елбасының өткен аптадағы үндеуіне қатысты кеншілер осындай пікірде. Парламент пен Үкіметке айтар ұсынысымыз көп, - дейді олар. Шахталарда өндірістік қауіпсіздікті күшейту, жұмыс берушінің әлеуметтік жауапкершілігін арттыру, апаттың алдын алу мен жұмыскерлер санын арттыруды қалайды. Саран шахтасында өткен жиында кеншілер, Ата заңға өзгеріс енгізілсе, министрліктер мұндай өтініштерді қарауы тиіс, деп санайды.

Өркен Жарылғапов, Қарағанды облысы «Саран» шахтасының кеншісі:

Травматизмді болдырмау үшін ең бірінші, бізге адам саны жетіспейді. Сол адам санын толықтыру керек. Қондырғыларды жаңарту керек. Осы мәселе, ең бірінші, адам мәселесі шешілсе, бәрі жақсы болады. Тілектерімізді депутаттар жеткізе біледі деп есептейміз.

«Нұр Отан» партиясы Алматы қалалық филиалының өкілдері Қыздар мемлекеттік педагогикалық университетінде жастармен кездесіп, пікірін  тыңдады. Жүзеге асқалы отырған реформалар заман талабына сай әрі мемлекеттің дамуы үшін жасалған. Келешекте ел тізгінін ұстайтын жастардың мұны білуі маңызды, - дейді депутаттар.

Қали Сәрсенбай, Алматы қалалық мәслихатының депутаты, «Нұр Отан» фракциясының мүшесі:

Мемлекеттік басқару жүйесін далалық демократия негіздерінен алыстамай, осы заман талабына сай дамытып, ізденісті ілгерілете беру - қазақ мемлекеттілігінің іргесінің бұдан да берік бола түсуіне жасалған  тағы бір қадам. Осынау жауапты кездегі жауапкершілік жүгін сезіне білу де әрбір отансүйгіш жан үшін басты қағидаға айналу керек, деп есептеймін.

Елбасы үндеуін астаналық дәрігерлер де қызу талқылады. №5 қалалық емханада өткен жиынға бес жүздей ақ халатты қатысты. Оның 100-ге жуығы - "Нұр Отан" партиясының белсенді мүшелері. Басқосуда елдің саяси жүйесін жаңғырту әрбір құзыретті органдардың өз ісіне деген жауапкершілігін арттыруға ықпалын тигізетіні айтылды.