Спорт Қазақстан
$443.85 €474.3 ₽4.8
×

Қостанайлық дәрігердің денесін оның жүргізушісі тауып алған

AstanaTV
21.02.2017ж. 20:00
2507
Қостанайлық дәрігердің денесін оның жүргізушісі тауып алған

Қостанай облыстық ішкі істер департаменті танымал дәрігердің өліміне қатысты сотқа дейінгі тергеу амалдарын бастады. Облыстық психиатриялық диспансердің бұрынғы басшысы Рашида Сандыбаева аса қатыгездікпен өлтірілген. Дәрігердің өлімі қызметтік бабымен байланысты ма? Заңғар Санай сабақтайды.

Заңғар Санай, тілші:

10 жылға жуық облыстық диспансердің бас дәрігері болған Рашида Қожахметқызы көптен бері осы көпқабатты үйді қоныстаған. Жалғызбасты әйел екі бөлмелі пәтерде тұрған. Қандықол қылмыскердің қолынан ажал құшқан 60 жастағы дәрігердің денесін 30 жерден пышақтаған, дейді көршілері. Жантүршігерлік оқиға жайлы жергілікті полицейлерге марқұмның жүргізушісі хабарлаған.

Гүлжан Ерлібекова, марқұмның көршісі:

Ештеңе көрген жоқпын. Жүргізушіден басқа. Осы пәтерге көшіп келгенімізге 1 айдай болды. Көршіні дұрыс танымаймыз. Көрген жоқпыз.

Қарағанды медицина академиясының түлегі Рашида Сандыбаева саналы ғұмырын денсаулық сақтау саласына арнаған жан. Ол - психиатрия саласының ілгері дамуына үлес қосқан білікті маман. Облыстық диспансерде 36 жыл қажырлы еңбек еткен. Оның қайғылы қазасы барша дәрігер қауымының қабырғасын қайыстырып  кетті, - дейді марқұмның әріптестері.

Гүлшат  Байжұманова, Қостанай облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары:

Ол жоғары дәрежелі дәрігер еді. Өте кәсіби білікті маман болды. Тек қана психиатрия емес, сонымен қатар сот-медициналық сараптама саласының білгірі еді.  Оның қайғылы қазасы туған -туыстарымен бірге біздің де қабырғамызға батып отыр.

Заңғар Санай, тілші:

Арнайы сұқбат беруден бас тартқан облыстық ішкі істер департаменті телефон арқылы қысқа қайырды. Полицейлер адам өлтіру ісі бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдарын жүргізіп жатқандығын жеткізді. Сондықтан дәрігер өлімінің кәсіби қызметімен байланысы бар ма, деген сұраққа әзірге жауап берілген жоқ. Еске сала кетейін, Рашида Сандыбаева  зейнетке шыққан соң сот-медицина сарапшысы және штаттан тыс өңірдің бас психиатры қызметін атқарған.