Спорт Қазақстан
$447.4 €477.55 ₽4.76
×

Оралда көпірдің жөндеуге жабылуы қолайсыздық туғызып отыр

AstanaTV
02.03.2017ж. 20:00
1891
Оралда көпірдің жөндеуге жабылуы қолайсыздық туғызып отыр

Оралда локомотив депосы аумағындағы көпірдің жөндеуге жабылуы тұрғындарға қиындық тудырды. Шағын көшелерде көлік нөпірі күшейіп, жол апаттары жиілеуі мүмкін, деп алаңдайды көпшілік.  Қоғамдық көліктің бағыттары өзгеріп, қалалықтар үшін жұмыс пен оқуға қатынау бұрынғыдан да қиындауы мүмкін. Жүргізушілер, бас-аяғы 500 метрдей болатын өткелді екі жыл бойы жөндеу - жайбасарлық, деп қынжылады.

Манарбек Кушалиев, көлік жүргізушісі:

Айналып жүру қиын. Бүгін жұмысқа келерде жарты сағат бұрын шыққанның өзінде кешігіп жатырмыз. Сосын айналма жолдардың барлығы шамалы. Кіл шұқанақ-шұқанақ. Былтыр жасады, биыл тағы тесіліп жатыр.

Мамандар, көпірдің астынан пойыз өтетіндіктен, жұмыс екі жылға созылады, деп отыр.  Жоспар бойынша өткелге қосымша тіреулер орнатылып, аумағы 14 метрге дейін кеңейтіледі. Бұл іске қажетті 2,3 млрд теңгені Қарашығанақ кенішін игеріп жатқан компания бөліпті. Осыдан жарты ғасыр бұрын салынған көпір сол кезден бері күрделі жөндеу көрмеген.

Бекжан Тоқжанов, Орал қалалық ТҮКШ жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің өкілі:

Көпір жабылғасын, көлік қозғалысы өзгеріп, басқа көшелерге салмақ түсіп отырғаны рас. Бірақ бізде басқа амал жоқ. Тұрғындардың түсіністік танытуын сұраймыз. Өйткені депо көпірінің тозығы жеткен. Сондықтан тездетіп жөндеу керек.