Спорт Қазақстан
$447.4 €477.55 ₽4.76
×

Шығыс Қазақстанда «Көктем-2017» тактикалық арнайы жаттығу жиындары өткізілді

AstanaTV
10.03.2017ж. 20:00
2692
Шығыс Қазақстанда «Көктем-2017» тактикалық арнайы жаттығу жиындары өткізілді

Бүгін Шығыс Қазақстанның 5 қаласы мен аудандарында «Көктем-2017» тактикалық арнайы жаттығулары өткізілді. Жаттығу сценарийі бойынша өңірде күн күрт жылынып, таудағы қар ериді. Еріген қардан өзендерге мұз кептеліп, арнасынан асқан Үлбі ауылдықтардың үрейін ұшырды. Бұл аздай жолдарды су шайып, баспанасын су басқан тұрғындар үйлерінің төбесіне шығып, сырттан келер көмекті асыға күтті. Нақты өмірдегі жағдайға бергісіз жаттығу жұмыстары құтқарушылар үшін оңайға соқпады. Дегенмен төтеншеліктер су құрсауында қалғандарды шұғыл қауіпсіз жерге шығарып, өзен арнасын бітеді, бөгеттерді биіктетті.

Мамандар дерегінше, биыл өңірге жауған қар былтырғыдан екі есеге көп. Демек, су тасқыны болуы мүмкін. Қазір бес ауданда гидрологтар өзен суының деңгейін бақылауға алған. Күннің жылынуын күтпестен, ауыр техника аңғарларды аршып, судың жолын тазартып жатыр. Су тасуы мүмкін ауыл тұрғындарына төтенше жағдай кезінде не істеу керектігі жазылған нұсқаулықтар таратылып, ескерту жасалды. Ал жағдай ушықса, Ұлттық ұлан да тас-түйін дайын, дейді мамандар.

Александр Ломыгин, ШҚО ТЖД бастығының орынбасары:

Әсіресе Қатонқарағай, Риддер, Көкпекті мен Үржар аудандарында жағдай қиын қиын. Мұнда қар былтырғыдан көп. Су басу қаупі бар 110 елді мекен 5 шұғыл топ бақылауында. Күні кеше осы ауданға барып, қауіпті жерлерді зерттедік. Су тасыған кезде қолданылар материалдардың мөлшері пысықталды.