Спорт Қазақстан
$449.58 €486.94 ₽4.86
×
Реклама на сайте

Ақтөбе облысындағы ең көне шипажайдың жұмысы шатқаяқтап тұр

AstanaTV
10.03.2017ж. 20:00
7150
Ақтөбе облысындағы ең көне шипажайдың жұмысы шатқаяқтап тұр

Ақтөбе облысының Шалқар ауданында негізі қаланғанына 150 жылдан асқан құрт ауруына шалдыққан азаматтарға арналған шипажай бар. Еліміздегі ең алғашқы медицина нысандарының бірінің қазіргі тыныс-тіршілігі ауыл халқының да, емделушілердің де көңілінен  шықпай тұр. Себебі салынғанына 100 жылдай болған ескі ғимараттардың бір бөлігі ғана жөнделген. Қалғаны сүрілуі мүмкін, дейді мекеме басшылығы. Бұл мәселе қалай шешілмек? Тілшіміз Жақсыбек Кемал анықтауға тырысты.

Жақсыбек Кемал,  тілші:

«Құрт ауруына шалдыққандарға арналған шипажайдың негізі 150 жыл бұрын қалана бастаған. Мынадай 60-тан аса жазғы үйшіктердің өзі 1924 жылдары салыныпты. Мұндағы халық ескі нысандардың бұзылуына үзілді-кесілді қарсы. Керісінше, бұларды жөндеп, ел игілігіне берген дұрыс деп санайды».

Шипажай 1860-ыншы жылдардан бері жұмыс істеп тұр. Киев көпесі Николай Глушенко дегеннің баласы құрт аурына шалдығып, күллі Еуропадан ем таппапты. Содан білікті дәрігерлердің кеңесімен, ауасы таза, суы шипалы осы Бершүгір ауылына келіп тұрақтайды. Баласы құлан-таза айығып, риза болған көпес шипажай салдырған екен. Бұл мекеме содан бері ел игілігіне жұмыс істеп келеді. Емдеу мекемесінің болашағы тұрғындарды да, емделушілерді де алаңдатып отыр.

Бақыткерей Есжанов, емделуші:

«Мынаны өркендету керек, керісінше. Бұл баяғы Петр 1 заманынан тұрған зат. Біз аурумыз, ешкіміміз жоқ. Кейде барып емделеміз. Жазда үйшікте тұрамыз. Кейде обогреватель қосамыз, салқындау болса. Ішінде пеші бар, өзіміз от жағамыз».

Шипажайдың қазіргі жағдайы, шынымен, адам аярлықтай. Өткен жылы облыстық бюджеттен 47 миллион теңге бөлініп, қысқы ғимарат пен жазғы маусымға арналған 18 үйшік жөнделіпті. Ал, басқа нысандардың көбі құлаудың аз-ақ алдында тұр. Мекеме қызметкерлері бұл үйшіктер мен қоймалардың сүрілуі мүмкін екенін жоққа шығармады.

Ұлмекен Сүлейменова, Бершүгір туберкулезге қарсы санаториясының дәрігері:

«Ол ескі ғимаратқа жатады ғой. Складтар. Бұрыннан келе жатыр. 2017 жылы пайдаланған жоқпыз. Соңғы жылдары жалпы. Ремонтқа бөліп, шығарып қойылды. Ысырып тастайды енді оны».

Бұрын шипажайда маусымына 250-300 адамға дейін ем алған. Ал, қазір 60 кереует қана бар. Мамандар мұның себебін құрт ауруына шалдыққандардың азайғандығымен түсіндіреді. Мекеме орналасқан ауыл маңында қиыршық тас өңдейтін 9 зауыт бар. Тұрғындар жаз мезгілінде ауыл үстін қою шаң басып тұратынын айтады. Сондықтан шипажай жақын болашақта тіпті жұмысын тоқтата ма деп алаңдайды. Дегенмен, облыстық денсаулық сақтау басқармасының өкілдері ондай жоспар жоғын ашып айтты.

Сара Дәулетова, облыстық денсаулық сақтау басқармасының маманы:

«Экология мәселесімен оны жабу туралы сұрақ көтерілген емес. Көтерілгеннің өзінде қажетті шара қабылданатын болады. Ғимараттарды сүру туралы да сұрақ жоқ. Мекеме одан әрі жұмыс істей береді».

Дегенмен, қалған ғимараттарды жөндеуге әзір қаржы қарастырылмаған. Сондықтан 100 жылдан аса тарихы бар нысандардың азып-тозған күйі енді қанша тұратыны белгісіз.

Жақсыбек КЕМАЛ