Спорт Қазақстан
$447.4 €477.55 ₽4.76
×

Атырауда балабақшадан шығып кеткен сәби суға кете жаздады

AstanaTV
10.03.2017ж. 20:00
2661
Атырауда балабақшадан шығып кеткен сәби суға кете жаздады

Атырауда балабақшадан шығып кеткен 4 жасар сәби өзен суына батып кете жаздады. Абырой болғанда, сол маңда бейтаныс адамдар құтқарып қалған. Оқиға кеше кешкі 7-лер шамасында Жайықтың жағасында болған. Сол маңнан өтіп бара жатқан атыраулық Валерия Набатова мұз бетінде үш ер адамның етпетінен жатып, біреуді судан шығарып жатқанын байқағанын айтады. Жақындап келгенде, бүлдіршінді шығара алмай жатқандарын көріп, бірден көмекке ұмтылыпты. Олардың екеуі шетелдік азамат көрінеді. Дереу жедел жәрдем шақыртылып, алғашқы көмек көрсетілген.

Оның үсті-басы малмандай су болды. Аяқ киімі де суға толып тұрды. Оны бірден сол жердегі шипажайға апарып, шешіндіріп, жылы көрпеге орадық. Ол қатты қорқып қалған. Тек 4 жаста екенін, «Наследник» деген балабақшадан қашып кеткенін айтты. Бұл дұрыс атауы ма білмеймін. Өйткені бала қатты шошып тұрды.

Валерия іле-шала сәбидің фотосын әлеуметтік желіге салып, ата-анасына іздеу салыпты. Олар облыстық балалар ауруханасынан балғынды алып кеткенін айтты. Ал бүлдіршін айтқан балабақша мүлдем тіркелмеген болып шықты. Қалалық білім бөлімі басшылығы осылай деп отыр. Полиция аталған жағдайға байланысты тексеріс бастады.

Алмабек Абдолов, Атырау қалалық білім бөлімі басшысының орынбасары:


Қалалық білім бөліміне қарасты 41 балабақша мемлекеттік, сонымен қатар  жекеменшік 32 балабақшадан ондай бір де бір баланың суға түсіп кеткендігі туралы бізге мәлімет түскен жоқ. Ондай балабақша мемлекеттік тіркеуден өтпеген балабақша болуы мүмкін.

Гүлнәзира Мұхтарова, Атырау облыстық ІІД баспасөз қызметінің жетекшісі:


Баланың ата-анасы ішкі істер органдарына шағымданған жоқ. Бірақ аталған фактіге байланысты ҚР ҚК 140 бабының  2-ші бабы, яғни «кәмелетке толмаған адамды тәрбиелеу жөніндегі міндеттерді орындамау» бойынша  сотқа дейінгі тергеп тексеру амалдары жүргізілуде.