«227
миллион теңге тұтынушыларға қайтарып беріледі». «Алматы жылу желілері»
компаниясы биылғы маусымды ерте аяқтағандықтан, жылу есептеуіш құралы жоқ
тұтынушыларға осындай жеңілдік жасап отыр. Ол үшін қайта есептеу жүргізіледі.
Қаражат 1 шілдеге дейін тұрғындардың есеп-шотына түседі.
Бұл
туралы коммуналдық мекеме өкілдері мен табиғи монополияға қарсы департамент
мамандары мәлімдеді. Қала әкімінің қаулысымен барлық әлеуметтік, әкімшілік және
тұрғын үйлерге жылу беру тоқтатылған-ды. Шахарда ауа температурасының орташа
көрсеткіші +8 градусты көрсеткендіктен, жылу маусымы аяқталды. Әдетте жылу 15
сәуірге дейін берілетін.
Айта кетейік, биыл 1-ші сәуірден бастап Алматыда жылу
үшін тариф 10 пайызға қымбаттады. Осының есебінен түскен 1,5 млрд теңге
шаһардағы қазандықтарды жаңғыртуға жұмсалмақ. Сондай-ақ келесі жылу маусымына
дейін 32 шақырым жылу құбыры ауыстырылмақ. Бұл өткен жылмен салыстырғанда үш
есе көп.
Бауыржан
Қайырбек, ТМР және бәсекелестікті қорғау комитеті Алматы қалалық департаменті
басшысының орынбасары:
Қолданыстағы табиғи монополиялар туралы заңға сәйкес жылу энергиясымен жабдықтайтын мекемелер жыл сайын жылу есептеуіш құралдары жоқ тұтынушыларға қайта есептеу жүргізуге міндетті. Осы жылу маусымы біткен соң, депаратамент жұмыс тобын құрады. Оның құрамына мәслихат депутататры, департамент мамандары мен сарапшылар еніп, қайта есептеу жүргізіледі.
Ришат
АСҚАРБЕКҰЛЫ