Спорт Қазақстан
$443.85 €474.3 ₽4.8
×

Сырдарияға Өзбекстаннан жіберілетін су көлемі ұлғайды

AstanaTV
20.04.2017ж. 20:00
3841
Сырдарияға Өзбекстаннан жіберілетін су көлемі ұлғайды

Өзбекстаннан топан су келіп жатыр. Сырдария өзеніндегі су мөлшері әдеттегіден артқан. Оңтүстік Қазақстандағы төтенше жағдайлар департаменті тұрғындарға осындай хабарлама таратып жатыр. Көрші елдегі «Өзгидромет» орталығы бүгін-ертең Шыназ гидробекеті арқылы дарияға секундына 1500-1700 текше метрге дейін су жіберетіндерін ескерткен. Әдетте бұл мезгілде Өзбекстаннан орта есеппен 800-1000 текше метр су келеді. «Қазгидромет»  орталығының аймақтағы өкілінің мәліметінше, Шардара су қоймасына дариядан бүгін секундына 1390 текше метр су құйылып жатыр. Бұдан бөлек, Келес өзенінен 59,3 текше метр тіршілік нәрі келеді. Шардараға құйылған 1100 текше метр су Қызылорда облысына қарай ағызылып жатыр. Дәл қазір су қоймасында 4 млрд 864 текше метр су бар. Ал оның сыйымдылығы 5,2 млрд текше метр. Бірақ мамандар жағдай жіті бақылауда деп отыр.

Маханбет Жазықбаев, «Қазгидромет» РМК ОҚОФ директоры:

Дәл қазіргі кезде келіп түсіп жатқан судың мәліметін біз өз тарапымыздан жиілетілген кезекшілік қойып, әр 4 сағатта алып отырмыз. Қазіргі уақытта су деңгейі аз ғана көтеріліп жатыр. Күрт қатты көтерілген жағдай жоқ. Сондықтан ол Шардара су қоймасынан 1300 текше метрге дейін төмен қарай көбейтуге де болады және қиын жағдайда Арнасай катастрофалық сбросына тастауға болады.

Ал Бұқтырма су қоймасынан келетін қауіп қандай? Оны білу үшін Шығыс Қазақстан облысының гидрологтары қытайлық әріптестеріне хат жолдаған. Олар аспан асты елі қара Ертіске қандай көлемде су жіберетінін білмек. Өткен жылы аспан асты елінен жіберілген су 7 миллиард текше метрден асып, Ертіс арнасынан асқан еді. Ол кезде Павлодар облысы су астында қалды. Одан бөлек, биыл өңірдегі 4 ауданға қар 2 есе түскен. Сондықтан қауіп жоғары. Қазір мамандар мен техникалар су алады-ау деген аумақтарда кезекшілікте. Ал апаттың алдын алуға 1 миллиард теңге бөлініпті.

Нұрлан  Мадияров, ШҚО ТЖД бастығы:

«Қазгидрометтің» облыстық филиалының Қытайдағы әріптестерімен 2005 жылдан бері ақпарат алмасуға келісім бар. Егер қара Ертістің деңгейі жедел көтеріліп, 1 мың немесе 400-ге тақаса, тиісті мекемелерге хабар береміз. Қанша суды қабылдап алсақ, сонша көлемді Павлодар облысына жібереміз. Бұл өңірдегі үлкен мәселердің бірі.