Спорт Қазақстан
$444.32 €473.33 ₽4.76
×

Су тасқынының салдары мен зардабы

AstanaTV
24.04.2017ж. 20:00
9363
Су тасқынының салдары мен зардабы

Шығыс қазақстандықтар да қызыл судың зардабын тартуда. Үлбі өзені арнасынан асып, құтқарушылар 34 адамды тасқыннан аман алып қалған. Ал табиғат апатынан зардап шеккен ақтөбеліктер үйлеріне орала бастады. Қазір олар шығындарын есептеуге кіріскен. Теріскейдегі ағайын да естерін енді ғана жинап жатыр. Қызыл су шайған өңірлдердің қазіргі ахуалын Жақсыбек Кемал баяндайды.

Жауынның салдарынан Үлбі өзенінің деңгейі 1 метрге дейін көтеріліп, Жаңа Үлбі елді мекеніне қауіп төнді. 34 адам қауіпсіз жерге шығарылып, мамандар су астында қалған көпір бұзылмау үшін жан-жақты жұмыс істеуде. Судың көтерілуінен бірқатар жолдарда қатынас тоқтаған. Қазір жағалауды бекіту жұмыстары атқарылып жатыр. Сондай-ақ, уақытша паналау бекеттері дайындалуда.

Александр Ломыгин,  ШҚО ТЖ департаменті бастығының орынбасары:

«Облыстық деңгейдегі жолдар мен өзен жағалауларын су шайып, Жаңа Үлбі елді мекенімен қала арасындағы қатынас үзілді. Қазір су деңгейі 20 сантиметрге дейін түсті. Дегенмен, әзір тек қайықпен ғана қатынасып отырмыз».

Солтүстік Қазақстан облысында тасқынның кесірінен баспанасыз қалған тұрғындарға көмек ретінде 5 миллион теңгеден артық қаражат жиналды. Қайырымдылық қорын ардагерлер кеңесі басқарып отыр. Кәсіпкерлер, бюджеттік және үкіметтік емес ұйымдар қол ұшын созуда. Қазір әкімдік жанынан арнайы комиссия құрылып, шығын көлемі анықталып жатыр. Еске салайық, Мүсірепов ауданында Шарық өзені арнасынан асып, 3 ауылды су басты. Барлығы 157 үй су астында қалса, 12 үйді екпіні қатты ағыс мүлде шайып кетті. Қазір тасқынның беті қайтып, жұрт үйлеріне орала бастады. Кейбірі әлі күнге дейін туыстарының үйлерін паналап жүр.

Нұрсадық Барақаев, СҚО Ғабит Мүсірепов ауданы ардагерлер кеңесінің төрағасы:

«Оргкомитет қарайды, кімге қандай көмек көрсетеміз деп. Қазір қанша отбасы бар. Үйлерінің жағдайын қараймыз. Үй болмаса, үй сатып ала ма, әлде қандай көмек көрсетілетінін қараймыз. Жалғыз ақшалай емес, стройматериалмен, азық-түлікпен көмектесеміз. Ақшаны Астанадан, Петропавлдан жіберіп жатыр».

Ақтөбенің іргесіндегі Махамбет ауылының тұрғыны Ләззат Ахметованың үйі құлаудың аз-ақ алдында тұр. "Балшыққа былғанған баспанама қараған сайын жүрегім ауырады" дейді ол. Талай жыл еңбектеніп салған үйіне қызыл су лап беріп, дүние-мүліктің бәрін бүлдірген. Екі баласын жалғыз өзі тәрбиелеп отырған жалғызбасты ана енді не істерін білмей дал.

Ләззат Ахметова, Махамбет ауылының тұрғыны:

«Бар ақшамызды осында салдық. Қазір отырмыз, бір күнде су шайды да кетті. Күнде шаруамыз: үйді бәрін тастаймыз да, далаға шығып, келетін адамды, келіншек күткендей, күтіп тұрамыз. Біреулерге айтып ек, кәмпит алып шығыңдар, келсе шашу шашайық деп, келсе».

Бұған дейін мектептерді паналап келген тұрғындар демалыс күндері үйлеріне жіберілген. Баспаналары тұруға жарамсыз отбасыларға 30 000 теңгеден беріліпті.  Дегенмен, Махамбет ауылының тұрғындары әкімдік өкілдерінің бұзылған үйлердің барлығына бірдей келмегенін айтады.

Бағила Сәрсенғалиева, Махамбет ауылының тұрғыны:

«Тапқандар квартираға тапты. Орналасты. Бізге бергені 30 мың теңге ақша. Ол 30 мың қайда жетеді? Квартира бағасын көтеріп жіберген. 50 мың, 45 мың. Ол комуслуга, квартплатасынан бөлек. Сонда 50-60 мың. Олар осы айға ғана беріп тұр. Сонда әрі қарай қалай күнелтеміз?»

Ал, қала билігі тасқыннан келген шығынды есептеуге кіріскен. Нәтижесі алдағы тәуліктерде жарияланады. Дүние-мүліктерінен айрылған тұрғындардың ендігі бар үміті осы  комиссияда.

Жақсыбек КЕМАЛ