Спорт Қазақстан
$443.85 €474.3 ₽4.8
×

«Жібек жолы» бағдарламасы барлық мемлекеттер үшін экономикалық тұрғыдан тиімді - Си Цзиньпин

AstanaTV
15.05.2017ж. 20:00
7783
«Жібек жолы» бағдарламасы барлық мемлекеттер үшін экономикалық тұрғыдан тиімді - Си Цзиньпин

Қытай Еуразияның қазіргі келбетін өзгертетін жаңа жаһандық интеграция құруды ұсынды. Ол үшін  113 миллиард доллар жұмсауға әзір. Бұл аспан асты елінде өткен "Бір белдеу, бір жол" саммитінде айтылды. Қаражат Еуропа мен Азиядағы 65 елдің жол инфрақұрылымын жақсартуға жұмсалмақ. 29 мемлекеттің басшылары қатысқан жиынға Қазақстан президенті де барды. Нұрсұлтан Назарбаев "Жібек жолын" дамытудың нақты жолдарын ұсынды. Бұл бағытта Қазақстанда қазірдің өзінде нақты шаралар қолға алынып жатқанын, баса айтты президент.

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Тауар айналымының үрдісін жеңілдетіп, сервис қызметін көтеру мәселесін қарастыру қажет. Сондай-ақ, әкімшілік кедергілердің жойылуы да маңызды. Қазақстан бұл бағытта нақты істерді қолға алды. Жобаларды бірлесе отырып қаржыландыру мәселесін қарастыру керек.  

Ал Қытай төрағасы Қазақстан мен Қытай қарым-қатынасы өзгеге үлгі боларлық екенін айтты. Сондай-ақ Нұрсұлтан Назарбаевқа Сирия мәселесін реттеуге қосқан үлесі үшін алғыс айтты.

Си Цзиньпин, ҚХР төрағасы:

Біз дау-дамайсыз шешілетін халықаралық қатынастар құруға ұмтылуымыз керек. Мемлекеттер бір бірінің егемендігін құрметтеуі тиіс. «Бір Белдеу мен жол» бастамасы бірінші кезекте экономикалық әріптестікті және ортақ пайданы көздейді. Қытай ішкі даму бойынша тәжірибесімен бөлісуге дайын.

Қазақстан-Қытай келіссөздерінен кейін қытайлық COSCO Shipping пен Ляньюнган порты біріге отырып Khorgos Gateway портының 49 пайызын сатып алатыны белгілі болды. Осылайша, қазақстандық транзиттік дәліздері халықаралық логистикалық желіге шығуға мүмкіндік алады. COSCO Shipping  болса, әлемдегі ең ірі жүк тасымалдаушылардың бірі. Оның құрамына 79 мемлекеттегі 254 порт кіреді.

Айбек ҚОСАН