$533.61 €621.07 ₽6.78
×

«Ескірген» махаббат... Елімізде әрбір үшінші отбасы ажырасып кетеді...

AstanaTV
20.05.2017ж. 20:00
4953
«Ескірген» махаббат... Елімізде әрбір үшінші отбасы ажырасып кетеді...

Тақырыпты мына зерттеумен бастаймыз. Онымен Бас прокурор бөліскен.

Жақып Асанов, ҚР Бас прокуроры:

1938 жылы Гарвард университеті ұзақ, бақытты өмір сүрудің құпиясын табу үшін зерттеу бастайды. АҚШ-ң 734 азаматын 75 жыл бақылайды. Зерттеу басталғанда адамдардың 80 пайызы өздерін байлық бақытты етеді деген. «Атақ» дегендер де аз болмаған - 60 пайыз. 2015 жылы зерттеу қорытындысы шықты. Адамды бақытты ететін байлық та, атақ та еместігі анықталған. Адамдарды бақытты ететін отбасындағы қарым-қатынас, қоршаған орта болып шыққан.

Бірақ үйленгендердің үштен бірі ажырасып кететін біздің елімізде бұл мысалға селт ететіндер ... Әрине, ерлі-зайыптылар қарым-қатынасының ешкім бойлай алмайтын терең иірімдері болады. Оның үстіне ешкімнің араласуға қақысы жоқ аумақ та. Бірақ араласуға мүмкіндік бар «участоктарда» - «тәрбие» деп ділмәрсігім жоқ, ересек адам өміріне дайындау мәселесінде дейікші, белгілі-бір әрекеттер жасау керек-ақ. Жалпы, бала айтқанды істемейді, әрекетіңді, жүріс-тұрысыңды қайталайды, содан үлгі алады деген тамаша сөз бар. Айгүл Әдепбайдың материалы.

Исатай Таумашев, жалғыз басты әке:

Ұрыс-керіс, ыдыс-аяқ шылдырлаған кез болған жоқ. Білмеймін неге кеткенін.

Үміт,  жалғыз басты ана:

Көп жастар алдайды. Үйленемін бірге тұрамын, бүкіл жағдайыңды жасаймын, солай қателік болады қазір көбінде. -Сіз де алдандыңыз ба? -Иә.  -Ол да айтты ма үйленемін деп? -Иә, бәрін айтты, ал қазір қашып жүр.

Сәуле, жалғыз басты ана:

Дауыс көтеру, қол көтеру, балағаттауды шығарды. Шыдадым отбасын сақтап қалайын деп, бірақ болмады. Енді өкінбеймін.

Алдану, қателік, шалыс басу. Соңында ажырасу. Әке өсиетінен, ана мейірімінен қағылған тірі жетімдер. Бүгінгі тіршілікте бояуы қалыңдаған көріністің бірі осы. Адасқандар көп.

Жақып Асанов, ҚР Бас прокуроры:

Ажырасу жағынан Қазақстан алдыңғы ондықтың ішінде. Басты себеп - отбасы не, бақытты отбасы құпиясын жастар білдмейді. Сондықтан үйленем дегендерге арналған міндетті курс болу керек. Одан өтпесе неке болмау керек.

Міндетті курс. Ол не? Сауд Арабиясы, Малайзия, Италия, Латвияда бар екен ондай тәжірибе. Үйленем дегендер арнайы оқудан өтеді. Бас прокурордың ұсынысын кейбіреулер күліп қабылдады. Бірақ күлетін нәрсе емес. Соңғы 3 жылдың статистикасы оңып тұрған жоқ. 2014 жылы 159 328 отбасы құрылса, 52 673 ажырасу фактісі тіркелген. 2014-те 148 769 жас отау тіксе, 53 293 жұп ажырасып тынған. Ал былтыр 141 702 шаңырақ көтеріліп, 51 993 жұп тіл табыса алмаған.

Бибігүл Махметова, «Аналар үйі» ҚҚ дириекторы:

Қазақстанда отбасыларға көмек беретін арнайы орталықтар жоқ. Яғни қарым-қатынысты қалай құрып, жанұяны қайтіп сақтап қалуға үйрететін жер. Енді ғана үйленген жұптардың бір жылдан соң тең жартысы ажырасып жатыр. Бізде отбасылық өмірге дайындайтын қызметтер, психологтар жоқ. Ерлі-зайыптылар ажырасудың алдында тұрғанда қайда, кімнен көмек сұрарын білмейді. Сондай орталықтар құру керек.

Қазір прокурорлар 300 мыңнан астам балаға алимент өндіріп беру үшін жүгіріп жүр. Тастап кеткен жігітіне алимент төлете алмай жүргендердің бірі - Үміт. Астанадағы «Аналар үйінің» тұрғыны. Некесіз бала туғасын, үйіне бара алмайды, көпке түрін көрсетуге жасқанады. Тіпті аты мен даусын да өзгертіп беруді сұрады. 

Үміт, жалғыз басты ана:

Туыстарым біледі. Бірақ үйге барғым келмейді. Көршілер, туыстарымыз білмесін дейміз. Ата-анама ауыр салмақ түсіп кетеді, содан қорқамын. Махаббат бәрі болды. Ал қазір ешқандай махабатты елестете алмаймын, көңілім суып кетті. Мұнда жастар өзіміз шалыс басамыз. Ешкімді кінәламаймын. Бұл өзімнің кінәм.

«Аналар үйінің» директоры қоғамның бұл індетіне тәрбиенің жетіспеушілігі себеп,- дейді. «Ұят болады», «жұрт не айтады» деген қазақы менталитеттің де қырсығы жоқ емес. Қазіргі дамып жатқан заманда ұл мен қызды басқаша тәрбиелеу керектігін айтады.

Бибігүл Махметова, «Аналар үйі» ҚҚ дириекторы:

Отбасыларында мұны айтпайды. Қазақ отбасында жыныстық қатынас, сексуалдық тәрбие туралы түсіндіру әдеті қалыптаспаған. Бұл өте жаман. Отбасында айтылмаса, оны айтатын мамандар керек. Білікті түрде жеткізіп түсіндіре алатын.

«Аналар үйі» жобасының ашылғанына 4 жыл. Бауырындағы баласымен жалғыз қалған екі жарым мың әйелге көмек берілген. Кәмелетке толмағандар да аз емес, мұнда.

Бибігүл Махметова, «Аналар үйі» ҚҚ дириекторы:

Былтыр мысалы, кәмелетке толмаған 26 қыз болды. Бізге келетіндердің 50-60 пайызы 19-21 аралығындағы жас қыздар. Бір жетістігіміз – әйелдердің 80 пайызы кейін отбасыларымен қосылады. Өйткені біз олардың туған-туыстарымен, күйеулерімен, ата аналарымен де жұмыс жасаймыз. 

Ал Исатайды әйелі тастап кеткен. Екі баласымен. Қазір ол көлік жуатын жердің алақандай бұрышын паналап, екі кішкентайын жеткізу үшін  жанталасып жүр. Әйелінің бауыр еті балаларын қалай қиып кетіп қалғанын әлі түсінбейді.

Исатай Таумашев, жалғыз басты әке:

Білмеймін не үшін кеткенін, бәрі болды, бәрі жетіп тұрды. Арақ ішіп келіп, үйге адам әкеліп бардак қылған ештеңем жоқ. Ол маған жұмбақ болды. Құрбылары көбейді, анау келеді, мынау келеді. Арамызда кейде сөзге келіп қалып жатқан жағдайлар болды. Менің сөзімді емес, солардың сөзін сөйлеп жүреді. Мен айтамын, осымен жүрмеші, осы адамнан бір жамандық сеземін. Басына жасағаны сол шығар, миының жеткені. Басқа ештеңе айта алмаймын. Жамандық істеп, не бір қиянат келтірдім, сол үшін кетіп қалды деп ойламаймын.

Ал Сәуле үш баласын бауырына қысып, күйеуінен кетіп қалған. Жолдасымен 20 жыл отасқан. Отбасылық өмірінің алғашқы 10 жылында бақытты болғанын айтады. Одан соң отағасы ішімдікке салынып кеткен. Кейін қол көтеріп, ұрып-соққан.

Сәуле, жалғыз басты ана:

Балалар үшін тырыстым. Болмады.

Ұл балаларды тұлға қылып өсіріп жатқан жоқпыз,- дейді Бибігүл Махметова. Сондықтан ерлеріміздің бір тобы ез болып, бастарын өз баласынан алып қашып жүрген жайы бар. 

Бибігүл Махметова, «Аналар үйі» ҚҚ дириекторы:

Ұлдарымызға тәрбие бере алмай отырмыз. Қыздың аяғы ауыр екенін білген кезде олар қашып кетеді, қорқады, тығылады. Қыздың ата-анасы да ұялады. Немесе олар қыздарын өздері әкеп тастайды, аналар үйіне. Осы жерде тусын, сосын бір жылдан соң алып кетеміз, тұрмысқа шықты деп айтамыз дейді. Егер отбасында отағасы жауапты, ер кісіге тән мінезді болса, ұлдар әкесіне қарап бой түзейді. Әкесі балаларының анасын сыйласа, жаман сөздер айтпаса, балалар сол мәдениетке қанығып өседі. Керісінше болса, бала да соны үйренеді.

Ал «күйдім-сүйдім» деп бір-екі айда апыл-ғұпыл үйленіп жатқан жастарды ақылға шақыру туралы Бас прокурордың идеясы құр сөз шығар десек, қолға алынған жоба екен.

Мақсат Ысқақов, ҚР Бас прокурорының аса маңызды тапсырмалар бойынша аға көмекшісі:

Арнайы тренингке байланысты 5 облыста проектный жоба басталып кетті. Оның басы Оңтүстік Қазақстан облысында басталайын деп жатыр. Мамыр айының соңында үлкен делегация, үлкен десант осы Оңтүстік Қазақстан облысына барады. Бұл жерде 7 министрлік бар, дін өкілдері, арнайы психологтар бар, барлығы енді үйленейін деп жатқан, отбасын құрған да жастармен жұмыс жасайтын болады. Бұл жерлерде жалпы үйлену деген не, ертең үйленгеннен кейін қалай бақытты өмір сүруге болады. Осы жайында әңгіме айтылады.

Мамандар АХАЖ-ға өтініш берген жастармен кездесіп, сұрақтарын қояды. Ақыл-кеңестерін береді. Алайда сынақтан сүрінгендерді, әзірге ойлана тұрыңдар сіздерге үйленуге ерте деп, некеге тыйым сала ала ма?

Айгүл Әдепбай, тілші:

Міндетті курс - пилоттық жоба. Оңтүстік Қазақстан, Қарағанды, Павлодар, Алматы және Солтүстік Қазақстан облыстарын қамтиды. Қандай нәтиже береді. Өзін ақтай ма, ажырасқандар санын азайта ала ма, прокурорлар әзірге айта алмайды. Бәрі уақыт еншісінде. Бастысы, тың бастама қолға алынды. Мүмкін ол «Отбасы әкенің хандығы, ананың әлемі, баланың жұмағы» деген құндылықты жандандырар. Әйтпесе кредит алып тұрып, дүркіретіп жасалған тойлардың фотосуреттері бейнелеп айтқанда, пешке көп жағылады. Сурет жоғалғанмен, кредит жоқ болып кетпейді. Ал  көздері жәудіріп, іші өмір бақи тарқамайтын ренішке толып қалатын балаларді кім ойлап жатыр?..

Айгүл Әдепбай, Тимур Еркетаев, Бағлан Жанғозин, Нұрлан Әлмұханбетов  «Біздің уақыт».