Спорт Қазақстан
$449.58 €486.94 ₽4.86
×
Реклама на сайте

Аптап ыстық шетелдік қонақтарды күтіп алуға кедергі емес

AstanaTV
06.07.2017ж. 20:00
3292
Аптап ыстық шетелдік қонақтарды күтіп алуға кедергі емес

Қазақша күрес, шабандоздардың өнері, ханталапай мен алтыбақан ойыны. Дәмі тіл үйіретін қазақтың қымызы мен бауырсағы. Мұның барлығы ЭКСПО-ға келген жапондық меймандарға ұсынылып жатқан құрмет. Олар Астананың төл мерекесін Сыр бойындағы киелі Қорқыт-Ата кесенесінде тойлауды жөн көрген. Жусан иісі аңқыған кең далада қазақтың жаңа этноауылы жайғасыпты. Барлық қонақтарға ұлтымыздың салт-дәстүрі көрсетілді. Бес бірдей тілді меңгерген гидтерді де осы жерден табасыз. Олар туристердің кез келген сұрағына жауап беріп, зыр қағып жүр.

Қызылордада сынап бағанасы 50 градусты көрсетіп тұр. Бірақ аптап ыстықты шетелдік қонақтар елеп жатқан жоқ. Емдік қасиеті бар салқын қымызбен шөлін басуда. Бірнеше қанат болатын киіз үйлерде меймандарға арнайы дастархан жайылып, қонақ кәде жасалды. Қол өнершілер арнайы шеберлік сабағын өткізіп, әр бұйымның жасалу әдісімен бөлісіп жатыр. Ал меймандарға әсіресе Қорқыт бабамыздың ғұмыры жайлы тарихи әңгімелер мен кең даладағы қобыз үні ерекше әсер еткен.

Такэо Кавамура, Жапония:

Қазақ халқынын өз салт-дәстүрін дәріптеп, басқаларға көрсетіп жатқаны мені қатты толқытты. Қорқыт-Ата кесенесіне келгенде бір нәрсеге көзім анық жетті. Ежелгі тарихтан хабардар болып, оны ұрпаққа табыстап отыратын ел екенсіздір. Өз мәдениетіңе деген құрмет осындай-ақ болсын. Алған әсерімді айтып жеткізе алмаймын.

20 маусымда ашылған берекелі Қазақ ауылы әлемнің түкпір-түкпірінен келетін қонақтарды күздің ортасына дейін қарсы алуға әзір. ЭКСПО картасына аймақтағы Қорқыт баба кесенесі мен Байқоныр ғарыш айлағы енген. Бабаның басына зиярат жасағандар қатары екі аптада мың жарым адамға жетіп үлгеріпті. 

Жандос Тұсмағамбетов, ЭКСПО-2017 ресурстық орталық басшысы:

Он мемлекеттен шетелдік туристер келіп отыр. Атап айтқанда, Франция, Румыния, Қырғызстан, Өзбекстан, Ресей Федерациясынан, Германия, соңымен қатар Голландия. Басым көпшілігі осы Хан үйіне аса мән береді. Өйткені 16 қанаттық үйлер тігіле бермейді

Кең далада тұлпар мініп, атқа шабуды қалаған азаматтарды шабандоз жігіттер үйретуге қашанда әзір. Асық ойнап, ханталапайды да игеруге болады. Этноауылда жүрекке жағымды қазақ әндері естіліп тұрады. Немесе жан толқытар күйлерді тыңдауға болады. Жусанның керемет иісіне басы айналып, дала желінің уілін естіген туристер Қазақ елінің қонақжайлығына тәнті болып, бар ризашылығымен ақ тілектерін жаудырып қайтуда.

Шарипа САҚТАПОВА