Спорт Қазақстан
$445.66 €474.58 ₽4.78
×

Таразда өлі табылған 10 жастағы бала мен 14 жастағы күдіктінің желім иіскегені белгілі болды

AstanaTV
21.11.2017ж. 20:00
3382
Таразда өлі табылған 10 жастағы бала мен 14 жастағы күдіктінің желім иіскегені белгілі болды

Таразда 10 жастағы оқушының өліміне қатысты 14 жасар жеткіншек күдікке ілікті. Жамбыл облыстық ішкі істер департаментінің мамандары олардың желім иіскегендерін анықтаған. Оған қоса күдіктінің ақыл-есінде ауытқу бар екені белгілі болды. Тілшіміз Данияр Әлімқұл мән-жайды анықтап көрді.

Оқушылар арасындағы оқыс оқиға тараздықтардың төбе шашын тік тұрғызды. Сенбінің қас қарайған кешінде 10 жастағы Никита Никитюк үйінен шығып кетеді. Бір күн бойы кісі көзіне көрінбей кеткен оқушыны тәртіп сақшылары мен туыстары түгел іздеген. Алайда, №6 орта мектептің 4-ші сынып оқушысын көрген-білген адам болмайды. Ертесіне, тәртіп сақшылары жеткіншектің өлі денесін тапты. Ал білім ошағынының басшысы Никитианың артық қылығы, асау мінезі жоғын айтады. 

Ләззат Сманова, Тараз қалалық №6 орта мектеп директоры:

Қайғылы жағдай бәрімізге ауыр тиді. Сыныптастары да, сынып жетекшісі де  өздерін қоярға жер таппай жүр. Әсіресе, Никитаның сыныптастары қорқып қалды. Осылай болады деп, ешкім ойлаған жоқ. Қазір қаза болған Никитаның ата-анасына қолдан келгенше көмегімізді көрсетіп жатырмыз. Марқұм да, оны  өлтіруі мүмкін делінген күдікті оқушым да теріс тәртіптілер тізімінде емес еді.

Бақилық болған бала бақша маңында ағаштар арасындағы қалың қамыстың қуысынан табылады. Марқұм болған мектеп оқушысы өзі өлген бе, өлтірілген бе - анықталған жоқ. Алайда, сол мектептің 7-ші сынып оқушысы күдікке ілінді. Өйткені ол қайғылы оқиға болған күні Никитамен бірге жүріпті. Олардың жұптары жазылмай жүргенін тәртіп сақшылары көше камераларынан көрген. Ал полиция  екі оқушыны сол күні токсикоманиялық әрекетке барған дейді. 

Гүлсара Мұхтарқұлова, Жамбыл облыстық ІІД баспасөз хатшысы:

Тергеу жұмыстары нәтижесінде жәбірленушінің сол күні 14 жастағы жасөспіріммен бірге желім иіскегендігі анықталды. Аталған жасөспірім іс бойынша күдікті деп танылып, қазіргі уақытта ата-анасының қарауына беру туралы міндеттемемен босатылды. ҚК 99 бабы 2-ші бөлімімен іс қозғалды. Егер де күдіктінің қылмысы дәлелденсе, аталған кодекс бойынша 15 жылға бас бостандыған айыру көзделген. - Бірақ 14 жасқа толмаған бұл балаға бұл қылмыстық бап қолданылмайды иа?  - Жоқ. Сотталмайды ол бала.

Мектеп директорының айтуынша, 14 жастағы күдіктінің ақыл-есінде ауытқу бар. Сондықтан оған арнайы коррекциялық сыныпта білім беріліп келген. Қазір күдікті сабақтан босатылған, үйінде. Камераға көрінуден бас тартқан Никитаның ата-анасы ұлдарының денесінде соққының іздері бар деп отыр. Әрі зорланған болуы мүмкін деп күдіктенеді. Ішкі істер департаменті өлім себептерін анықтау мақсатында сот-медициналық сараптамасын тағайындаған. Әзірге қорытындысы белгісіз. Күдіктінің қылмысы дәлелденсе, оған жаза беру арнайы құрылатын комиссия  арқылы анықталуы мүмкін.

Данияр ӘЛІМҚҰЛ