Спорт Қазақстан
$446.49 €475.38 ₽4.79
×

Қостанай облысындағы Ворошиловка елді мекеніне көгілдір отын берілді

AstanaTV
23.11.2017ж. 20:00
3141
Қостанай облысындағы Ворошиловка елді мекеніне көгілдір отын берілді

Тобыл өңірінде көгілдір отын пайдаланатын елді мекендер саны артып келеді. Жақында Қарабалық ауданына қарасты Ворошиловка ауылына газ жетті. Әлеуметтік маңызы зор инвестициялық жобаны ұлттық оператор «ҚазТрансГаз» АҚ жүзеге асырды. Ұлттық оператор ағаш жарып, көмір жағып келген ауыл тұрғындарын қуанышқа кенелтіп, газға алғашқы қосылғандарға арнайы сыйлық тарту етті. Үйлері жылынып, көңіл-күйлері көтерілген көпшіліктің жылы лебізін тілшіміз Заңғар Санай жеткізеді.

Ауылдың байырғы тұрғыны Наталья Сосновская - табиғи газға алғаш қосылғандардың бірі. Қара көмір мен қара күйенің азабынан құтылған қарт ананың қуынышында шек жоқ.

Наталья Сосновская,  ауыл тұрғыны:

Елді мекенге газ құбырын тартып, ауыл тұрғындарына жағдай жасап жатқан  акционерлік қоғамның басшылығына шексіз алғыс білдіргім келеді. Үйіміз жылы. Пеш жағып, отын-көмір тасудан қол босады. Бос уақытымды енді немерелеріммен өткізем, қоғамдық жұмыстармен айналысамын.

Ауылға газ келуіне себеп болған - әкімдік, "ҚазМұнайГаз" және "ҚазТрансГаздың" үшжақты меморандумы арқасында іске асырыла бастаған «Елді мекендерді газдандыру және газ тарату желілерін жаңғырту» инвестициялық жобасы. Газ мамандарының жедел қимылдары бүгінге дейін талай отбасыға жылу мен қуаныш сыйлап үлгерді.

Ғауез Нұрмұхамбетов, Қостанай облысы әкімінің орынбасары:

Меморандум аясында Қостанай облысы бойынша 600 шақырым газ құбыры салынып, 50 мыңға жуық аймақ тұрғыны бар 9 елді мекенге көгілдір отын беріледі.

Қарабалық ауданына қарасты Ворошиловка ауылын 500-ге тарта адам мекендейді. Елді мекендегі 155 үйдің қазіргі кезде 49-ы көгілдір отынды пайдаланып отыр. Газға қосылған 4 дүкен мен қос әлеуметтік нысан тағы бар. 

Мұқан Сәдуақасов, «Қазтрансгаз аймақ» АҚ бас директорының орынбасары:

Елбасының тапсырмасы бойынша елімізді газдандырудың бас жоспары бекітілді. Осы жоспарды жүзеге асыру аясында Ұлттық оператор «ҚазТрансГаз» былтыр Қашар мен Октябрь кенттерін газ жүйесіне қосты. Биыл осы Ворошиловка ауылынан басқа, тағы да бірнеше ауылға газ беріледі. Олар Антоновка, Алчановка және осы Қарабалық ауданына қарасты Тоғызақ ауылы.

Акционерлік қоғамның ақпарына жүгінсек, бүгінгі таңда облыс тұрғындарының 55 пайызы көгілдір отынға қосылған. 170 мыңнан астам абонент бар.  Ұлттық оператордың жобалары алдағы уақытта Қостанай облысындағы абоненттер санын 220 мыңға жеткізуге мүмкіндік бермек. 

Заңғар САНАЙ