Спорт Қазақстан
$447.4 €477.55 ₽4.76
×

18 отандық компания шетелде 12,5 млрд долларын жасырып отыр - Н.Назарбаев

AstanaTV
06.12.2017ж. 20:00
3531
18 отандық компания шетелде 12,5 млрд долларын жасырып отыр - Н.Назарбаев

18 отандық компания шетелде 12,5 млрд долларын жасырып отыр. Соның бәрін елге қайтарыңдар. "Жаңа индустрияландыру: қазақстандық барыстың қадамы" ұлттық телекөпір барысында Нұрсұлтан Назарбаев мұны Үкіметке қатаң тапсырды. Және Бақытжан Сағынтаевтың командасына "қайтара алмасаңдар, өзім қайтарамын" деп ескертті. Ал индустриалды-инновациялық, инфрақұрылымдық, энергетикалық және агроөнеркәсіптік бірқатар жобаны Президент ұлттық телекөпір арқылы онлайн режимінде іске қосты.

Ақшасын Қазақстанның жер қойнауынан қопарып алып, шетелде тығып отырғандар бір елең етті. Елбасы олардың атын атап, түрін түстеп берді. Көк қағаздардың сомасы алғаш рет жария болды жұртқа. 18 отандық компания шетелде 12,5 млрд долларды тығып отырғанын айтты Президент. Олар "Теңіз Шевройл" - 4,5 млрд $, "Қазмұнайгаз" ҰК - 3 млрд $, "Қазмұнайгаз" БӨ - 2 млрд $, "Азия газ құбыры" - 1 млрд $ , "Бейнеу-Шымкент" газ құбыры - 100 млн $. 

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Сендер неге бұлай істейсіңдер? Қазақстанның қазба байлықтарынан пайда тауып, бізде жұмыс істей отыра, ақшаларыңды басқа жерде ұстайсыңдар. Неге ол ақша Қазақстан үшін жұмыс істемейді? Үкіметке акционер ретінде мәселені анықтауды тапсырамын. Әрқайсымен жұмыс жасап, маған есеп беріңдер. Егер оны жасай алмасаңдар, ол ақшаларды қайтару үшін мен басқаша әрекет ететін боламын. Бірақ ол кезде сендер болмайсыңдар. Мемлекет сендердің кәсіпорындарыңа жағдай жасады, ал сендер Қазақстаннан оның мемлекеттік ақшасын жасырып отырсыңдар. Жетер!

Бақытжан Сағынтаевтың командасы ертеңнен бастап заң жобасын дайындап, шетелдік ақшаларына шалқып жүргендерді қаржысын елде ұстайтындай қылу керек. Нұрсұлтан Назарбаевтың есебінше, тек алғашқы жарты жылда Үкіметтің бақылауындағы компаниялар шетелде ұстап отырған қаражатын 2-ден 6 млрд долларға дейін көбейтіп алған. Президент шылқыған байлардың ақшасын сыртқа қалай шығарып отырған схемасын да айтып берді.

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Капиталды шетелге шығарудың бір амалы  - күдікті, жалған экспорттық-импорттық мәміле жасау. Яғни экспорттаушы тауар немесе қызметті шетелге жіберген кезде сол үшін ақы алмайды. Немесе импорттаушы тауар не қызмет үшін шетелге ақша аударғанда, не тауар, не ақшаны алмайды. Бұл - алдау. Қазіргі валюталық заңнама келісімдердің шарттарымен айла жасауға жол беріп, жауапкершіліктен құтылуға мүмкіндік беріп отыр.

Сөйтіп бай-манаптарды бір сынап алып, Президент  республикалық «Парыз» сыйлығының гран-приін олигарх, Еуразиялық топтың жетекшісі Александр Машкевичке сыйлады.

«Алтын сапа» байқауына биыл 101 кәсіпорын қатысты. Сыйлық "Өндірістік мақсаттағы үздік кәсіпорын", "Халыққа арналған тауар шығаратын үздік кәсіпорын" және "Қызмет көрсететін үздік кәсіпорын" аталымдары бойынша берілді. Экономикалық өсімге апарар жолды таптық деп жар салған өндіріс ошақтары Президенттің батасын алып, іске қосу тетіктерін жарыса басып жатты.

Телекөпірде бірінші болып "Қазақалтынтехнолоджи" компаниясы Ақмола облысының Ақсу ауылында алтын өндіру фабрикасының тұсауын кесті. Олар қазір 4 тонна алтын, 2 тонна күміс өндіруді көздеп отыр. Сонымен қатар Маңғыстаудағы Құрық порты паромдық терминалының бірінші кезеңі іске қосылды. Бұдан бөлек, «Интергаз орталық Азия» Ақтөбе өңірінде газды жер астында сақтайтын «Бозой» қоймасында газды кептіру қондырғысын жіберді. 

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Мына құбыр өте қажет. Тек қана елге газдандыру емес, экспортқа шағаратын газға ие болдық. Осының көлемін үлкейте беріп, болашақта Қашағаннан, Қарашығанақтан шығатын газ бар, Теңіздің екінші кезіңінен шығатын газ бар, көлемі 60,70,80 млрд-қа дейін жететін кезде үлкен газды экспорттайтын елге айналамыз. Жіберіңдер.

Сонымен қатар, «Химфарм» Оңтүстік Қазақстан облысында қатты дәрі-дәрмек шығаратын жаңа цех ашты. Ал Нұрсұлтан Назарбаев отандық фармацевтиканы аяқтан шалушыларға тағы бір ескерту жасады.

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Шетелдік компаниялармен байланысы бар адамдар, жағымсыз себептерге байланысты өздерінің келісімшарттарына ұстанып, біздің компаниялардың жолын бөгеп отыр. Мен мұны бақылап отырмын. Және тағы бір мәрте ескертемін. 

Айгүл Әдепбай, тілші:

Сөйтіп, бүгін 20-дан аса су жаңа жоба тұсауын кесті. Ал жыл басынан бері құны шамамен 2 трлн болатын 127 жоба іске қосылған. Бастысы, ресми ашылған кәсіпорындар тек көз қызықтырып, жарты жыл өтпей тоқтап, жабылып жатпаса болғаны.

Айгүл ӘДЕПБАЙ