Спорт Қазақстан
$447.4 €477.55 ₽4.76
×

Бидайын өткізе алмай отырған шаруалардан Үкімет астық сатып алсын - Қазақстан фермерлер одағы

AstanaTV
12.12.2017ж. 20:00
2488
Бидайын өткізе алмай отырған шаруалардан Үкімет астық сатып алсын - Қазақстан фермерлер одағы

«Бидайын өткізе алмай отырған шаруалардан Үкімет 2-3 млн тонна астық сатып алсын». Қазақстан фермерлер одағының президенті осындай ұсыныс айтты. Мәжілісте өткен жиында астық өнімдерін өткізу мәселесі қаралған болатын. Одақ басшысының мәліметіне сай, биыл 22 млн тоннадай астық жиналған. Алайда диқандар бидайын сата алмай қиналып отырған көрінеді. Қазақстан фермерлер одағы президентінің сөзінше, көпшілігі арзан бағамен сатуға мәжбүр. Тоннасы 35 мың теңгеге сатылуда, - дейді Әуезхан Дарынов.

Әуезхан Дарынов, Қазақстан фермерлер одағының президенті:

Үкіметке, Сағынтаев мырзаға хат жазғанбыз. Халықтан кемі 2 млн астық сатып алу керек. Оның бағасына дейін айттық. Бүгінгі бағамен айтсақ, 45 мың теңге. Ең көбі 100 млрд теңге кетеді. Халық зарлап отыр. Астықтарын сата алмағаннан кейін, елге жалақысын бере алмай отыр. Екінші, алған қарыздарынан құтыла алмай отыр. Егер де Үкімет көмек бермейтін болса, ендігі жылы егістік 30-40 пайызға көлем азаяды.

«Шаруалар бидайын сата алмағандықтан, қаржыдан қысылып отыр. Бұл егістік көлемінің азаюына соқтырады. Көктемгі науқанға техникаларын да әзірлей алмай отыр», - дейді, Әуезхан Дарынов. Қар ұстау жұмыстары мен тұқым тазалау мәселесі де қолға алынбаған көрінеді. Ал шаруалардың бидайды сата алмай отырғанына, вагон тапшылығы себеп, дейді одақ президенті.  


Вагон тапшылығы жыл сайын жыр болады, бірақ ешкім жауапқа тартылмайды деп, депутаттар да наразы. Ал ҚТЖ жүк тасымалының басшысы вагон жеткілікті деп мұнымен келіспеді. Керісінше, өздеріне жағдай жасауды сұрады. Депутаттар трейдерлерді "бидай тасымалы" үшін субсидиялау мәселесі Үкіметте қаралып жатқанын айтты . 

Жексенбай Дүйсебаев, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты "Нұр Отан" фракциясының мүшесі:

Көрші Ресейде биыл 130 млн тонна астық дайындалды. Соған біздің вагондар жалға берілген біразы, ал өзіміздің нарық, керісінше, вагондарға тапшы болып қалған. 

Оралхан Кулаков, ҚТЖ «Жүк тасымалы» АҚ басқарма төрағасы: 

Сатудың келісімшарттық қарым-қатынасына бізді қатыстырмайды. Депутаттарға жүгініп отырған себебім, сіздерге жүк тасымалдаушылар келеді. Біз оларға келісімді жүкті қабылдаушылармен жасау керектігін айтамыз. Жүкті қабылдаушы, оны шығаруға да қатысу керек. Келісімшарттық қарым-қатынаста қазір логистика ескерілмейді. Егер осы мәселеге қатысты келісімдерге қол қойылса, тасымал бойынша сұрақтар туындамас еді.