Спорт Қазақстан
$443.85 €474.3 ₽4.8
×

«ТҚЖБ» салымшылары жинаған ақшасының 20%-на тең көлемде мемлекеттік сыйақы алады

AstanaTV
21.12.2017ж. 20:00
2954
«ТҚЖБ» салымшылары жинаған ақшасының 20%-на тең көлемде мемлекеттік сыйақы алады

Өткен 11 айда "Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі" арқылы баспана аламын деушілер қатары 300 мыңға артқан. Жыл басында банктен шот ашып, ақша жинай бастағандар саны 700 мың болса, қазір 1 миллион адамнан асып кетті. Сәуірден бастап шот ашудың тегін болғаны да салымшылар қатарының өсуіне себеп болған. Бұл туралы «Бәйтерек» холдингінің жыл қорытындысы туралы брифингі барысында банктің Басқарма төрайымы Ләззат Ибрагимова мәлімдеді.

Биыл еліміз бойынша "Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі" арқылы 145 көпқабатты үй салыныпты. Барлығы 8600 пәтер пайдалануға берілген. Бұдан бөлек банк «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша да қызметтер ұсына бастады. Пайыздық мөлшерлеме небәрі 5%-ды құрайды. Бұл тіпті инфляциядан да төмен. Бұдан бөлек нарықтағы ең арзан шаршы метр бағасын да осы "Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі" ұсынып отыр.

Ләззат Ибрагимова, "Қазақстанның тұрғын үй құрылыс жинақ банкі" АҚ  басқарма төрайымы:

Баға артықшылықтарына келсек, ол аймақтарда 140 мың теңгені құрайды. Мысалы, 50 шаршы метр пәтер 7 млнға шығады. Ол үшін 2 млн жинаса, жетеді. Астана мен Алматы, Атырау, Ақтауда пәтердің бір шаршы метрі 180 мың теңгеге тең. Мәселен, 50 шаршы метр 9 млнға түседі. Бұл үшін  2 млн 700 мың теңге жинау керек.

Төлем қабілетіңізді тексеру, "Нұрлы жер" бойынша қай өңірде қандай баспана салынып жатқаны жөнінде Баспана.кз порталынан ақпарат аласыз. Тіркеліп, өтініш білдіріп, банк растаған жағдайда бөлімшеге бару керек. Бұл "Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің" онлайн қызмет көрсетуге бетбұрыс жасап жатқанын білдіреді. 2023 жылға қаржы құрылымы ұсынатын қызметтердің 70 пайызы онлайн жүреді деп межеленіп отыр.

Ләззат Ибрагимова, "Қазақстанның тұрғын үй құрылыс жинақ банкі" басқарма төрайымы:

Депозитті толтыру немесе несие төлеу бойынша бөлімшеге бару міндетті емес. Терминал іздеп те қажеті жоқ. Кез келген интернет банкинг арқылы, өз картаңыздан ақша аудара аласыз. Біз елдегі барлық ірі банктермен жұмыс істейміз.

Салымшыларға құлаққағыс. Қаңтар айының соңында есеп-шотқа мемлекеттік сыйақы түседі. Оның ең жоғарғы көлемі биыл 90 760 теңгені құрайды. Бұл қаржыны банкке жыл бойы 453 800 теңге салғандар тегіс алады.

Ләззат Ибрагимова, "Қазақстанның тұрғын үй құрылыс жинақ банкі" басқарма төрайымы:

Салымшылардың 1 қаңтардан 29 желтоқсанға дейін салған қаражатына қаңтардың соңында 20 пайыздық мемлекеттік сыйақы түседі.

"Нұрлы жер" бағдарламасының тағы бір жаңалығы - тұрғындар үшін жер үйлердің салынатыны. Мұндай құрылыс  Алматы мен Астанадан басқа өңірлерде жүргізіледі. Яғни әкімдік бөліп берген жер теліміне жеке құрылыс компаниясы үй салады. Мәселен, Қостанайда осы тәсілмен салынған коттедждер қолданысқа берілді. Мұнда бір шаршы метр бағасы 120 мың теңгені құраған.