Спорт Қазақстан
$448.15 €483.46 ₽4.86
×

Бірқатар аймақтарда жолдар жабылып, мектептерде сабақ тоқтатылды

AstanaTV
25.12.2017ж. 20:00
2867
Бірқатар аймақтарда жолдар жабылып, мектептерде сабақ тоқтатылды

Еліміздің бірқатар өңірлерінде ауа-райы ерекше құбылып, тұрғындарды әбігерге салды. Павлодар облысында жаңбыр жауып, көктайғақ салдарынан жолдар жабылып, мектептерде екінші ауысымдағы сабақ тоқтатылған. Астанада да күн райы құбылып, жауған қар соңынан көшелер көктайғаққа айналған. Ал Шымкентте ауа райы күрт жылынып кетті. Біздің тілшілеріміз қазір осы құбылыстар туралы әңгімелеуге әзір тұр. Алдымен павлодарлық әріптесім Әсемгүл Мұхитқызы сөз алады. Әсемгүл, өңірдегі ахуал қандай?

Әсемгүл Мұхитқызы, тілші:

Иа, Ләйла, Павлодарға бүгін көктем келгендей. Сынап бағанасы плюс температурасын көрсетіп тұр. Еріген қардан қаланың іші көл-көсір суға толған. Ахуалды жауған жаңбыр ушықтырып жіберді. Өңірде қатты көктайғақ.

Салдарынан түнде барлық бағыттар бойынша тас жолдар жабылды. Түс ауа бірнеше бағыт ашылғанмен, жағдай әлі күрделі,-дейді төтенше жағдай мамандары. Департаменттің ақпаратына сәйкес, жер тайғақтан діттеген жеріне жете алмаған көліктерден 107 адам құтқарылған. Қазірде жұмыс күшейтілген кестеге көшірілді. 

Асқарбек Омаров, Павлодар облыстық ТЖД бірыңғай ақпараттық қызметінің басшысы:

Лебяжі ауданының Шарбақты ауылы мен Лебяжі ауылының арасында 4 автобус тұр жүре алмай көктайғақтан. Ол жаққа алты арнаулы техника жіберілді.

Табиғаттың тосын мінезі дәрігерлердің де жұмысын күшейткен. Қалалық №1 аурухананың травматология бөлімшесінде - қарбалас. Мұнда түрлі жарақатпен келіп жатқандардың қарасы қалың. Ақ халаттылардың сөзінше, науқастардың дені - қол-аяғын сындырғандар.

Қанат Асылханов, №1 қалалық ауруханасы травматология бөлімшесінің меңгерушісі:

Таңертеңнен бастап 100-ден аса жарақат алған адам бізге трамвпунктке келді. Түгелін қабылдап жатырмыз. Көріп отырсыздар, қаншама адам. Сегіз адам трамвматологияға жатқызылды. Қиын жарақаттармен, сынықтармен.

Еліміздің шығысында да ауа райы құбылып тұр. -30 градус аяздан соң, күн күрт жылынып, кей жерлерде желдің жылдамдығы секундына 25 метрге жеткен. Аймақта дауыл туралы ескерту жарияланды

Анастасия Вебер, ШҚО ТЖД баспасөз қызметінің өкілі:

Павлодар облысы мен Семей бағытында бір трасса жабық. Республикалық және облыстық маңызға ие басқа да жолдар жабылуы мүмкін. Өңірде мұндай ауа райы тағы бірнеше күн сақталуы ықтимал. Жолдарда әлі де көктайғақ, кей аймақтарда дауыл мен қалың қар жатыр.

Әсемгүл Мұхитқызы, тілші:

Көктайғаққа байланысты бүгін Ақсу қаласының мектептерінде сабақ тоқтатылды. Облыс орталығында да екінші ауысымда білім алатын 1-11 сынып оқушылары сабаққа барған жоқ. Төтенше жағдай мамандары мұндай ауа-райы ертең де сақталатынын айтады. Сондықтан тұрғындардан абай болуын сұрайды. Еліміздің солтүстігі мен шығысындағы жағдай осы. Енді Астанадағы ауа райын білу үшін сөз кезегін әріптесім Диана Сапарқызына беремін. Диана.

Диана Сапарқызы, тілші:

Иә, Әсемгүл, Астанада кешеден бері жауған қар соңы жылымыққа айналып, көшелер көктайғаққа айналды. Қазгидрометтің хабарлауынша, алдағы күндері Республиканың басым бөлігінде қар жауады деп күтілуде. Сонымен бірге, бірнеше аймақта тұман түсіп, жел күшейеді деп болжанып отыр.

Төтенше жағдайлар қызметінің мәліметінше, «Алматы-Екатеринбург» тас жолында жүк көліктерінің қатысумен 60 көлік кептелісте тұрып қалған. Қарағанды-Жезқазған жолында да көктайғақ болып, жолаушылар автобусы қаңтарылып тұр. Қазір төтенше жағдайлар қызметінің техникалары көмекке келген. Осыған байланысты  мамандар жолаушылардың жолда сақ болуларын ескертеді.

Руслан Иманқұлов, ҚР ІІМ Төтенше жағдайлар комитетінің ресми өкілі:

Халыққа алыс жолға шығуды, әсіресе, ауа райы бұзылған түні кейінге қалдыру ескертіледі. Жүргізушілерге жылдамдық режимін және қажетті қашықтықты сақтау ұсыналады. Жаяу жүргіншілер сақ болуды асықпауға ұсынылады.

Диана Сапарқызы, тілші:

Елордада қар тазалау жұмыстары да қарқынды жүріп жатыр. Ал, Шымкентте желтоқсан айының соңғы аптасында ауа-райы күрт жылынған. Соңғы екі тәулікте аймақта сынап бағанасы +12, +19 градусты көрсетті. Әріптесім, Айзада  Төребекқызы жалғастырады.

Айзада Төребекқызы, тілші:

Иа, әріптестер, оңтүстік тұрғындары бүгін 15 градусқа дейін жылылықты сезінді. «Қазгидромет» орталығы мамандары мұны Орталық Азиядан жылы ағыстың жылжуымен байланыстырады. Облыс аумағында қар толық еріп кеткен. Синоптиктердің мәліметінше, тек 2 мың метрдей биіктіктегі тау сілемдерінде қалыңдығы 24 см-дей ақ ұлпа бар. Ауа райын болжаушылар күннің күрт жылуы уақытша құбылыс деді.

Арайлым Маханова, «Қазгидромет» РМК ОҚО бойынша инженер-синоптигі:

26-27 желтоқсан аралығында ауа-райы құбылмалы болып, жаңбыр, арты қарға ұласып, кей жерлерде қатты қар жауып, тұман, көктайғақ, бұрқасын болады. Жел күшейіп тау асуларында 30 метр секундқа дейін жетуі мүмкін. Ауа температурасы жалпы 10-15 градусқа төмендеп, түнде 2-7, кей жерлерде 10-15 градусқа біртіндеп төмендейді.

«Қазгидромет» мамандары облыстың солтүстік аудандарда күндіз 0 -5, кей жерлерде 8 градусқа дейін аяз күтіледі деп болжайды. Ал Шымкентте ертең +2,4 градус жылы болады деді. Сондай-ақ, бүгін түнде басталған секундына 24 метр жылдамдықпен тұрған екпінді жел алдағы екі тәулікте сақталатынын ескертіп отыр.

Айзада Төребекқызы, тілші:

Ауа райын болжаушылар 29 желтоқсаннан бастап облыс аумағында ауа температурасы біршама жоғарылайтынын айтты. Жаңа жыл мерекесіне қарсы күнгейде 5-10 градусқа дейін ауа температурасының жылынуы күтілуде. Біздегі ауа райы осындай. Ләйлә?! 

Рақмет. Еске салайық, тілшілеріміз бірқатар өңірлердегі ауа райының тосын құбылысы туралы әңгімеледі.