Спорт Қазақстан
$449.58 €486.94 ₽4.86
×

Қызылжарда қызметтік иттердің көмегімен жыл басынан бері 800-дей қылмыстық істің беті ашылған

AstanaTV
26.12.2017ж. 20:00
3061
Қызылжарда қызметтік иттердің көмегімен жыл басынан бері 800-дей қылмыстық істің беті ашылған

Қызылжарда қызметтік иттердің көмегімен жыл басынан бері 800-дей қылмыстық істің беті ашылған. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 30 пайызға артық. Қазір кинологиялық орталық мамандары 5 бағыт бойынша жұмыс істеп жатыр. Төрт аяқтылардың әсіресе ұрыларды іздестіруде көмегі зор, дейді полицейлер. Бұдан былай тәртіп сақшылары оларды барымта саласында да кеңінен қолданбақ. Аймақтағы тілшіміз Абзал Құрманкин әңгімелейді.

Цезарь атты иттің құқық қорғау саласында жүргеніне 3 жылдан асқан. Осы аралықта төрт аяқтының көмегімен жүзден астам қылмыстық істің беті ашылды. Цезарьді күшік кезінен баулып келе жатқан Александр Кочешков оның өте шыдамды екенін айтады. Жазды күні ұрының ізіне түскен қызметтік ит 35 шақырым жерді жүгіріп өткен.

Александр Кочешков, инспектор-кинолог:

Кейде бұйрықтарымды орындағысы келмейді. Мен оны ойнау әдісі арқылы үйретемін. Биылғы ашылған істердің ең ерекшесі ретінде зейнеткерлердің өлімін айтар едім. Біреулер қос қарияны өлтіріп, белгісіз жерге көміп тастаған. Цезарь айналаны иіскеп шығып, олардың жерленген орнын тауып алды.

Жыл басынан бері Қызылжар өңірінде қызметтік иттер 2400 рет қолданылған. 840 жағдайда төртаяқтылар қылмыстық істің бетін ашты.

Ержан Рахпанов, СҚО ІІД кинологиялық орталықтың жедел уәкілі:

Кинологиялық иттердің көмегімен өзгенің мүлкін ұрлау бойынша 500 астам факті әшкере болды, алты келіден артық есірткі тәркіленді. Былтырғы жылмен салыстырғанда қызметтік иттердің көмегі 20 пайызға артты.

Қазір Қызылжардың кинологиялық орталығында 25 қызметтік ит бар. Мұнда келетін күшіктер 4 ай күтіп бапталып, артынша Алматыға жіберіледі. Араға екі ай салып, үйге оралатын төртаяқтылар қызметтік бабын орындауға құлшынып тұрады. Жалпы, кинологиялық иттер өз міндетін 8 жыл бойы мінсіз атқарады екен.

Самат Төлебаев, СҚО ІІД кинологиялық орталықтың басшысы:

Иттер 5 бағытта жұмыс істейді: есірткі мен жарылғыш затты табу, ұрыны іздеу, көше тәртібін қадағалау, қылмыскерді ұстау. Әрбір ит тұқымының өзінің ерекшеліктері бар. Мәселен, овчарка барлық бұйрықтарды орындайды, спаниель мен лабрадордың иіс тану қабілеті жақсы дамыған.

Абзал Құрманкин, тілші:

Биыл Солтүстік Қазақстанда мал ұрлаудың 75 жағдайы тіркелген. Оның 80 пайызының беті ашылды. Барымташыларды түгел дерлік құрықтау үшін ендігі жылдан бастап аудандағы кинологиялық бөлімшелер мал ұрлауды тыюға бет бұрмақ. Бұдан былай іздеу жұмыстарын көбінесе қырда жүргізетін қызметтік иттер қолайсыз ауа райына бейімделу үшін қайта оқу курстарынан өтпек.

А.ҚҰРМАНКИН