Спорт Қазақстан
$448.56 €478.03 ₽4.79
×

Қызылжар өңірінде шиншилла фермасы ашылды

AstanaTV
29.12.2017ж. 20:00
3540
Қызылжар өңірінде шиншилла фермасы ашылды

Қызылжар өңірінде шиншилла өсіретін ферма ашылды. Бұл ерекше аңды көбейтуді жас кәсіпкер қолға алған. Евгений Шмалько мемлекеттік бағдарлама арқылы грант ұтып, Ресейден бір топ кеміргішті алып келген. Іскер азамат жуық арада терісі бағалы аңның басын көбейтіп, саудалауды жоспарлап отыр. Тілшіміз Абзал Құрманкин шаруамен кездесіп, табысты істің сырын білді. 

Шиншилланың мекені Оңтүстік Американың таулы аймақтары болып саналады. Терісінің құндылығына қызыққан кей тұрғындар ХІХ ғасырда арнайы шиншилла шаруашылықтарын аша бастаған. Кәсіптің бұл түрі бүгінде Қазақстанға да жетті. Теріскейлік Евгений Шмалько әуелі қоян өсірумен айналысқан. Біраз тәжірибе жинағасын шиншилла бағуға бет бұрды. Бизнес-жоспар жасалған соң, мемлекеттік бағдарлама арқылы бағын сынап көреді.

Евгений Шмалько, жас кәсіпкер:

Мемлекеттік грант ретінде 3 млн теңге ұтып, Ресейден 50 бас шиншилла әкелдім. Әрқайсының құны 42 мың теңгеге түсті. Бұдан бөлек, үйшік пен азықтың шығыны бар. Бұл аңдар қарапайым тамақты тұтынбайды. Өзінің жеке қорегі бар.

Абзал Құрманкин, тілші:

Шиншилалар терісімен ерекшеленеді. Оның тоны басқа жануарлардан қарағанда 75 есе қалың. Шаруашылықта тонның көріктілігіне мейілінше көңіл бөлінеді. Жануардың терісі сапалы болу үшін, əрбір үйшіктің ішінде ұп-ұсақ құмнан жасалған арнайы бассейндар бар. Шиншилаллар онда күн сайын 15 минуттан ғана аунап, терісін тазартады екен.

Жас кәсіпкердің шиншиллаға көз тіккені кездейсоқ емес. Бұл жануардың терісінен тігілген тонның нарықтық бағасы шамамен 30 мың АҚШ долларының маңайында. Сондықтан Евгений сұр кеміргішпен шектелмей, тышқан тұқымдас терісі бағалы аңның өзге түрлерін де көбейтуді көздеп отыр.

Нұрлан Елжасов, Есіл аудандық кәсіпкерлік бөлімінің басшысы:

Евгений Шмалько мемлекеттің көмегіне тағы жүгінемін десе, біз оны барынша қолдауға тырысамыз. Ол үшін бірнеше мемлекеттік бағдарлама бар. Жалпы, биыл ауданымызда кәсіптің қосымша 7 түрі ашылды. Қайта өңдеу саласына басымдық беріліп отыр.

Шиншилла шаруашылығының ашылғанына бір-ақ ай болғанымен, теріге сұраныс бірден арта түсті. Өнімнің қымбаттығына қарамастан, еліміздің қайта өңдеу цехтары қызығушылық танытқан. Дегенмен, Евгений Шмалько отандық сұранысты қанағаттандырып қана қоймай, бағалы теріні шетелге экспорттауды жоспарлап отыр.

А.Құрманкин