Спорт Қазақстан
$444.32 €473.33 ₽4.76
×

Алматыда ақпаннан бастап ауыз су мен кәріз жүйесі тарифі қымбаттауы мүмкін

AstanaTV
08.01.2018ж. 20:00
2724
Алматыда ақпаннан бастап ауыз су мен кәріз жүйесі тарифі қымбаттауы мүмкін

Алматыда ауыз су мен кәріз жүйесінің тарифі қымбаттауы мүмкін. Егер «Алматы Су Холдингі» кәсіпорны берген ұсыныс қолдау тапса, ақпаннан бастап жұрт суға бұрынғыдан 20 пайыз артық ақша төлейді. Шаһарда төрт жылдан бері тұрақты тариф қалыптасқан еді. Монополистердің мұндай қадамға баруына не себеп болды?  Олжас Нұржақып тарқатады.

Ай сайын келетін түбіртекті мұқият қарап, коммуналды қызмет ақысын уақытылы төлейтіндердің бірі - Николай Гизе. Су қымбаттаса, қалтаға әсер етеді, зейнетақым ортайып қалатын болды, деп қынжылады ол.

Николай Гизе, Алматы қаласының тұрғыны:

Алатыным 70 мың теңге. Оның басым бөлігін коммуналды қызметке төлеймін. Қалғаны дүкенге бір-екі барғанда таусылады. Содан кейін үйден шықпай алғанымды азық қылып жатамын. Енді ауыз су құнын көтермекші. Дұрыс емес қой.

"Зейнетақы сәл көтерілсе, ұзамай барлық қызмет түрлерінің ақысы өседі. Бұл үйреншікті үрдіске айналған", - дейді қала тұрғындары. Олар қымбатшылыққа түбегейлі қарсы екендіктерін айтады.

Әрине, мен қарсымын. Біздер, пенсионерлерге ол керемет ақша ғой. Пенсиямен төлейміз. Қазір пенсиямды аламын да, коммуналканы төлеймін.

Пенсиямызды 8 пайызға өсірді, ал канализация, басқасын қымбаттату дұрыс емес қой.

«Алматы Су Холдингінің» өкілдері тарифтің 20 пайызға көтерілуінің халыққа айтарлықтай әсері жоқ дейді. Бұған дейін, 1 текше метр ауыз суға 56 теңге, кәріз қызметіне 28 теңге төленіп келсе, жаңа тариф бойынша баға 67 және 40 теңге болмақ. Бұл әзірге ұсыныс қана. Табиғи монополияларды реттеу агенттігінің Алматыдағы департаментіне жолданған құжат бойынша әлі шешім қабылданбады.

Серік Шағыров, «Алматы су холдингі» МКК ресми өкілі:

Орташа есеппен жекеменшік үй болсын, пәтер болсын үйінде есептеуіш құралдары орнатылған кезде бір айлық төлемі біздің мекемеге 700-800 теңгені құрайды. Біздің ұсынған тарифті қолдаса, онда бір айға тариф 150-180 теңгеге өседі.

Серік Шағыров, бағаны көтеру кәсіпорынның қызмет сапасына да әсер ететінін айтады. Яғни қызметкерлердің төрт жылдан бері өспеген жалақысы көтеріліп, соңғы уақытта қосылған жаңа аудандардағы ауыз су мәселесі оң шешімін таппақ. Құбырлар мен кәріз желілері жоспарға сай жаңартылады.

Олжас Нұржақып, тілші:

Алматыда, 3 мың шақырымнан аса ауыз су құбыры және 2 мың шақырымнан аса кәріз құбыры бар. Басым бөлігі өткен ғасырда жүргізілгендіктен, әбден ескірген. Су таратушылар, тариф көтерілсе, жыл сайын үздіксіз 20-30 шақырым құбырды жаңартып, жөндеп отырар едік деген ойда. Бірақ, мегаполис тұрғындары баға өзгерісін қалап отырған жоқ. Мәселе  осы айдың аяғында нақты белгілі болады.

Олжас Нұржақып