Спорт Қазақстан
$447.4 €477.55 ₽4.76
×

Қызылордада 150 мыңнан астам ауыл-аймақ судан қауіпті жерде орналасқан

AstanaTV
30.01.2018ж. 20:00
3512
Қызылордада 150 мыңнан астам ауыл-аймақ судан қауіпті жерде орналасқан

Алматы, Жамбыл, Оңтүстік Қазақстан облыстарында және Сырдария өзенінде мұз қатып, су деңгейі жоғарылауы мүмкін. Бұл тасқынға әкелуі ықтимал. Қазгидромет мамандары қауіп қаңтардың 30-31 күндері сақталады деп отыр. Қазір Оңтүстік өңірлердегі тілшілеріміз байланысқа шығуға әзір. Айзада, Сырдария суға толмас үшін қандай жұмыстар жүріп жатыр? Қауіп бар ма?  

Айзада Төребекқызы, тілші:

Оңтүстік Қазақстан облысына Сырдария өзенінен келер қауіп жоқ. Төтенше жағдайлар департаментінің басшылығы осылай деп сендіріп отыр. Дегенмен қаңтардың 28-29-ы күндері өңірде болған қатты аяздан дарияның Қызылорда облысымен шектесетін аумағы мен Арыс қаласына дейінгі аралықта кейбір жерлерде қалың мұз қатқанын айтады.

Ерғали Бахаев, ОҚО ТЖД бастығының орынбасары:

Мұз толығымен қатқан жоқ, әр жерлерінен қатып тұр қазір. Мұздың қалыңдығы 30-60 см-ге дейін болады. Қазіргі таңда Сырдария өзеніне 500 куб метр секундына  өтіп жатыр су. Ол ешқандай халыққа немесе елді мекенге қауіп төндірмейді.

Бүгінде Шардара, Отырар аудандары мен Арыс, Түркістан қаласының әкімдіктеріндегі арнайы штаб тәуліктік кезекшілікке көшіпті. Олар әр екі сағат сайын жағдайды бақылауда ұстап отыр,- дейді төтенше жағдай мамандары. Қазір Сыр өзеніне Шардара су қоймасынан секундына 500 текше метр шамасында су жіберіліп жатыр. Бұл қалыпты жағдай дейді мамандар.

Ерғали Бахаев, ОҚО ТЖД бастығының орынбасары:

Шардара су қоймасы толық 5 млрд 200 млн-ға толған кезде қауіп төнуі ықтимал. Ал қазіргі таңда Шардара су қоймасында 44 пайызға ғана су толуына байланысты, ешқандай  қауіп жоқ. Соған қарамастан,  ТЖД-нің 200-ден астам техникасы менен 1500-дей жеке құрамы шұғыл дайындыққа келтіріліп қойған.

Айзада Төребекқызы, тілші:

Төтенше жағдайдың алдын алып, жою мақсатына биылғы жылға 1 млрд теңгеден астам ақша қаралған екен. Ол қаражат резервте тұр. Айта кетейін, аймақта бүгіннен бастап күн аздап жылына бастады. Төтенше жағдайлар департаментіндегілер шұғыл штабты қалыпты режимге көшіру жағын да қарастырып жатыр. Шарипа, Қызылордада жағдай қалай? 

Шарипа Сақтапова, тілші:

Айзада, қайырлы кеш! Судан қауіп төне қойса, Қызылорда облысында 104 қабылдау пункті дайындалған. Бұл жерге су басу қауіпі бар деген елді мекендердің, шаруа қожалықтардың тұрғындары көшірілмек. Ондай аймақтың саны, мамандар дерегінше, 56, халқы 156 мың.  Ал қабылдау пункттері мектептерде орналасқан.

Оларды қамтамасыз етуге қаражат облыс және аудандар бюджетінің Төтенше резервтерінен бөлінбек. Қабылдау пункттері толығымен жабдықталған. Жатын орын, тамақтанатын жер, медициналық және ойын бөлмелері де қарастылыпты. Ыстық тамақпен қамтамасыз етуге тиісті кәсіпкерлермен келісімшарт жасалған. Былтыр облыс бойынша су тасқынының алдын алу және салдарын жоюға байланысты «Жол картасы» әзірленген болатын. Оның аясында қорғаныс бөгеттерін нығайту немесе жаңадан салу, төтенше жағдай салдарынан бұзылған жолдарды жөндеу жұмыстарды атқарған. Биыл да жасалатын іс-шара аз емес.

Серік Сермағанбетов, облыстық жұмылдыру дайындығы басқармасының басшысы:

14 жоба-сметалық құжаты дайындалып 70 миллионға, кешенді іс-шара жоспарына «Жол картасы» дейміз соған ұсынылып отыр, республикадан қаржыландыруын күтіп отырмыз. Ескерту күнделікті беріліп жатыр. Негізінен енді қауіп төнбеген жағдайдың өзінде де барлық су басу аймақтарында орналасқан шаруа қожалықтары бола ма, елді мекендер бола ма - барлығына ескертулер алдын ала беріледі.

Шарипа Сақтапова, тілші:

Тәуліктік кезекшілікке екі мың жұмысшы тартылған, 459 арнайы техника дайын тұр. Ал өз бетінше дер кезінде үйінен шыға алмай қалған кісілерді құтқарушылар алып шықпақ. Оксана... 

Қауіптің беті қайтады деп сенеміз. Рақмет. Студиямен байланыста болған тілшілеріміз Шарипа Сақтапова мен Айзада Төребекқызы.