Спорт Қазақстан
$449.58 €486.94 ₽4.86
×

Қаржы пирамидаларына деген сөнбейтін сенім...

AstanaTV
10.02.2018ж. 20:00
4814
Қаржы пирамидаларына деген сөнбейтін сенім...

Астана ішкі істер басқармасы әлеуметтік желілердегі сауда-саттыққа сақтықпен қарауға үндеп, алданып қалудың түк еместігін ескертеді. 

Тұтынушы QIWI-әмиян арқылы ақша жібереді де, күтеді, ал «сатушы» роліндегі алаяқ ақшаны алады да, аккаунтты жауып, жоғалады.

Иә, «ауадан» ақша жасайтындарға тоқтам болмай тұр. Біздің оралдық тілшіміз бір қаржы пирамидасына алданған адамды тапты. Етегі жасқа толып тұр. Бірақ қаржы пирамидасында жұмыс істеп, «ырза болып жүрген» келіншек те бар. «Табысым жақсы, шүкір» деп қояды. Сол компания Оралда 20 шақты офис ашып тастаған, енді Атырауға да «ауыз салып» жатқан көрінеді... Қаншама адам зар еңіреп қалғаны айтылып, көрсетіліп жатады. Жоқ, адамдар тегін ірімшіктің тышқан қақпанында ғана болатынына сенбейді. Сенгісі келмейді. Ешқандай әрекетсіз ақша көбеймейтінін түсінбейді, түсінгісі келмейді. «Жоқ, бұл фирма дұрыс көрінеді, бәлен адам байып кетіпті» дегенге қалай сенуге болады, «ғажап»!.. Еркін Кариннің репортажы.

Айжанның анасы аяқ астынан алданыпты. Ақшаңды бізге салсаң, лезде байып кетесің дегендердің сөзіне сеніп, банктен қалай қарыз алғанын білмей де қалған.

Айжан, Орал қаласының тұрғыны:

Анам – зейнеткер, оған банк несие бермейді. Әкем 20 жыл бұрын қайтқан. Құжатты қолдан жасаған "Кюнет" компаниясының өкілі өлген адамды тірі деп жаздырғаны аздай, жұмыс істейді, табысы 200 мың теңгеден асады деп көрсеткен. Осылайша 47 пайызбен банктен 4 жылға 200 мың теңге несие алғызған. Несиенің ақшасын қалтасына басып алып, ешқандай құжат бермеген. Енді несиені өсімпұлымен миллион теңге қылып қайтаруымыз керек.

Алданған қарияның жүйкесі сыр берген, қазір төсек тартып ауырып жатыр. Ал банкпен дауласуға дәлел жоқ, өйткені барлық қағазға өз еркімен қол қойған.

Айжан, Орал қаласының тұрғыны:

Олар анамызға біздің ұйымға кіргеніңіз туралы ешкімге айтпаңыз деп ескерткен. Осының кесірінен уақытты өткізіп алдық. Банктен алған несие де еселеп өсіп кетті. Біз үшін ең қымбаты - анамның амандығы. Сондықтан мұндай нәрсеге алданбаңыздар дегім келеді. Үлкен кісілер бала тәрізді сенгіш келеді. Ал алаяқтар осыны пайдаланады. Бірақ оларды алданғандардың обалы жібермесі анық.

Манат Ізбасаров, кәсіпкер:

Иә, мұндай жағдайлар кездеседі. Былай қарайтын болсақ, бұл жерде адами фактор болғасын, егер ол кірген адам істеген ісін жалғастырмаса, әрине құлдырау болуы мүмкін. Иә болмаса, мысалы, кредит алды ол адам, егер ол кредитінің жабылуына әрекет етпесе, былай айтқанда шақырған адам оған кінәлі болмайды.

Бизнес жасауға бекінген адам қиындыққа дайын болуы керек, деп қояды, анасы алданған Айжан айтып отырған Qnet компаниясының тәуелсіз өкілі Манат Ізбасаров. Еңбек жолын есепшіліктен бастаған оның командасында қазір 700 адам бар. Қолында 2000 доллардың сағаты, астында - соңғы үлгідегі Тойота Камри.

Бұл бизнестегі басты талап – ұйымға кіруге кемінде 400 мың теңгеден 4 миллион теңге аралығында ақша саласыз. Сосын әрқайсысы осынша көлемде ақша беруге дайын тағы екі адам табасыз. Дәл осы жүйемен олардың да соңынан адамдар тіркелуі керек. Жаңа мүшелерден түскен ақшаның бір бөлігі жоғарыдағылардың қалтасына түседі. Компания мүшелерінің қатарында ондаған жыл бойы істеген жұмысын тастаған мемлекеттік қызметшілер де, алғашқы салымға ақшасы жетпегесін, телефонын сатқан студенттер де бар.

Манат Ізбасаров, кәсіпкер:

Белгілі бір іс бастап кететіндей үлкен қаражат емес негізінде. Компания тарапынан сұрап тұрған қаражат тиын деп айтуға болады.Кейбір адамдар бар, белгілі бір жалақыдан екінші жалақыға дейін өмір сүріп жатыр. Мысалы, кейбір адамның былай айтқанда жинағында 400-500 мыңы болмаса, оны біз апат деп айтамыз ба?

- Сонда босқа жұмыс істеп жүр ме?

- Иә, солай деп айтуға болады.

Өмірін өзгертуге талпынған Арай да осы компанияға былтыр ауысыпты. Көл-көсір табыс таппаса да, қаржылық жағдайы біраз жақсарған. Әрі осында келгелі көзім ашылды, көзқарасым өзгерді дейді.

Арайлым Бекқалиева, Орал қаласының тұрғыны:

Мұнда келгелі көзқарасым 180 градусқа өзгерді. Жылдар бойғы құрсаған тар шеңберден шығып, адамдармен қалай жұмыс істеу керектігін үйрендім. Жеке тұлға ретінде де біраз нәрсені меңгердім, жетілдім. Мен әлі-ақ бай боламын, тек біраз тер төгу керек. Бұған менің төзімім жетеді.

Нұрлан Жәрдемғалиев, кәсіпкер:

Лохотрон деп есептеймін. Мен ойымды айтайын: жоғарыдағы ашқан екі-үш адам пайдасын көреді де, қалған халық босқа қор болады. Сосын ақшасын салып, адам шақыру керек деп. Ауадан ақша жасайды деп ойлаймын. Мына зомби сияқты, түсіндіріп айтасың, босқа уақытың кетіп қалады деп. Сосын маған бір-екі жылдан кейін айтады, сенікі дұрыс болды деп. Босқа адамның уақыты кетіп қалды. Екіншіден, менің көзімше ажырасып кеткен отбасылар да болды. Әйелі жасаймын дейді де, күйеуі неге сенің уақытың кетеді деп босқа. Қиянат алып келеді семьяға.

Бүгінде бір ғана Орал қаласында осы ұйымның 20 офисі ашылып, 3 мың адам тіркелген. Алғашқы салым кемінде 400 мың теңге екенін ескерсек, миллиардтаған ақша айналымда жүр. Әлеуметтік желідегі жарнамадан да көз тұнады. Әсіресе Инстаграм желісіндегілер үйде отырып қиналмай баюдың оңай жолын ұсынады. Бірақ бұған сенуге болмайды!

Әлия Наурызғалиева, БҚО ІІД Мемлекеттік тіл және ақпарат бөлімінің жетекші маманы:

Қаржылық пирамида - инвестициялық алаяқтықтың бір түрі. Бірақ мұндай ұйымдарға қатысты биыл Орал қаласының тұрғындарынан арыз-шағым түскен жоқ. Пирамида ұйымдастырушылары азаматтарға жоғары табыс табуға болатынын айтып азғырады. Сондықтан сақ болғандарыңыз жөн. Қаржылық пирамидаға 2014-жылдан бері тыйым салынды. Бұл іспен айналысқан адамдардың 12 жылға дейін сотталуы мүмкін.

Бір қызығы, ақшасынан айрылып, алданғандар камера алдында бет-жүзін көрсеткісі келмейді. Себебі – "ұят болады". Ұяты жібермегендер миллиондап шығынға батса да, құзырлы органдарға шағымданбайды. Осының кесірінен алшаң басқан алаяқтар азаяр емес.

Нұрлыбек Юсубалиев, заңгер:

Тоқсаныншы жылдары МММ-нан аузы күйсе де, біздің адамдар әлі аңғал. Әрі осындай компаниялардың салымшылары негізінен дос-жаран, туысқан немесе әріптес секілді бір-біріне жақын адамдар. Олар полицияға арыз жазайын десе, өзін осында жетелеген жақыныма зияным тиіп кете ме деп көңіліне қарайды.

2014-жылы елімізде қаржы пирамидалары заңсыз деп танылды. Қылмыстық кодексте дербес бап пайда бол­ды. Заң шыққанға дейінгі үш жыл­­дың ішінде елімізде осындай 17 ұйымның қызметі тоқтатылып, бес мыңға жуық отандасымыздың опық жегені анықталды. Бүгінде қаржы пирамидаларына әлемнің 39 елінде тыйым салынған. Дегенмен тез байығысы келетіндерде құмарлық психологиясы үстем. Тәтті уәдеге тойдырғыштардың уәжі өтімді екенін ескерсек, қаржысынан қағылған құрбандардың қатары көбейе береді. Әсіресе айлығын шайлығына әзер жеткізіп жүргендер бірден бай болып кетуді армандайды. Әрі олардың ең осал жері де - осы.

Әсима Даргужиева, психолог:

Халықтың ең үлкен қателесетін жері – ғажайыпқа сеніп, менің жолым болып кетеді-ау, осы жолы не болмаса мен қандай да бір табысқа жетемін деп үмітке сену, жоқ нәрсеге сену, соған алданып барып құрықталып жатады.

Кез-келген қаржы пирамидасының ақыры банкротпен тынады. Ал тақырға отыратын – қарапайым адамдар. Бұл келеңсіздікке тосқауыл қойылмаса, елдің әл-ауқаты төмендеп, жалпы қаржылық институттарға халық сенімі азаяды. Өйткені біреудің ақшасын біреуге әперуге ғана негізделген пирамида ережесінде мағына жоқ - ағыл-тегіл жаспен аяқталатын алаяқтық операция.

Еркін Карин, тілші:

Қазір қаржылық пирамидалардың сыртқы түр­і ғана өзгерген. Бұған дейін әлдебір жалған жобаға қаржы аудару ұсынылатын. Бүгінде  «инвестиция» деген әдемі сөзбен ауысты. Бірақ сіздің ақшаңыздың қызығын жоғарыдағылар ғана көреді. Ал бұл лекке жаңадан қосылғандардың «күйіп» кетуі бек мүмкін. Бек мүмкін емес, солай. Бұл бизнес осылай өркендейді - көтеріліп барып, бір күні міндетті түрде құлайды. Мысыр пирамидалары ғана мәңгі екенін мәңгілік елдің адамдары қалай түсінбейді екен?!.

Еркін Карин, Наурыз Халит "Біздің уақыт".