Спорт Қазақстан
$447.4 €477.55 ₽4.76
×

Ақтөбелік зағип сәбидің көзіне күрделі ота жасалды

AstanaTV
09.02.2018ж. 20:00
3593
Ақтөбелік зағип сәбидің көзіне күрделі ота жасалды

Ақтөбеде анасының қарауынсыз қалған бір жастағы зағип сәбиге алматылық дәрігерлер ота жасады. Олар бұлдіршіннің бір көзін сақтап қалуға үміт бар деп отыр. Кішкентай Александр бүгін күрделі операциядан соң палатаға ауыстырылды. Бұған дейін жаңалықтарда ата-анасы ішкілікке салынып, жетімдер үйіне өткен зағип баланың аянышты тағдырын баяндалған еді. Материал эфирге шыққан соң Алматыдағы көз аурулары ғылыми зерттеу институтының дәрігерлері баланы Алматыға алдырды. Ришат Асқарбекұлы Сашаның жағдайын біліп келді.

Сәби Алматыға осы дүйсенбіде жеткізілген. Дәрігерлер тексерген соң баланың екі көзі де су қараңғы екенін анықтапты. Бірақ үміттерін үзбеген хирургтер ақылдаса келе, нәрестенің оң көзіндегі қасаң қабықты ауыстырған. Күрделі операция төрт сағатқа созылыпты.

Лұқпан Оразбеков, көз аурулары ҒЗИ балалар бөлімінің меңгерушісі:

Консилиум жүргізіп, инситуттың ең тәжірибелі хирургтерімен бірге перспективасы бар бір көзіне операция жасауды тағайындадық. Бұл қасаң қабықтың керопластикасын алмастыру және көз бұршағын алып тасау операциясын жасадық. Операциядан кейін көзінің жағдайы қанағаттанарлық.

Дәрігерлер Сашаның екінші көзіне ота жасауға болмайтынын айтып отыр. Өйткені көз жанары семіп қалған.Оған туа біткен катаракта әсер еткен. Сондықтан мамандар ең құрығанда бір көзін сақтап қалуға әрекет етіп жатыр. 

Марат Сүлейменов, көз аурулары ҒЗИ басқарма төрағасы:

Сәбидің көріп кетуі үшін біршама уақыт керек. Енді ол жарықты әлсіз болса да сезіне бастайды. Жаңадан салынған қасаң қабық бейімдеуден өтуі тиіс. Кәсіби маман ретінде қандай да бір болжам айтуға қорқып отырмын. Бірақ ұзақ процестен соң көріп кетеді деген үміт басым.

Қазір сәби мейірбикелердің күтімінде. Көз аурулар инситутында ол бір ай ем қабылдайды.

Ришат Асқарбекұлы, тілші:

Ақтөбелік құқық қорғаушылар баланың анасын жақында ата-ана құқығынан айырған болатын. Кішкентай Александрдан бөлек маскүнем әйелдің екі перзенті де балалар үйіне орналастырылған. Ал бір жасқа енді келген сәби оңалған соң ақтөбелік дәрігерлердің қарауында болады. Алматыдағы ғылыми зерттеу институт мамандары оның жанарын жарты жыл сайын тексеріп отырмақ. 

Ришат АСҚАРБЕКҰЛЫ