Спорт Қазақстан
$446.49 €475.38 ₽4.79
×

Ұлттық компаниялардың жұмысы ашық болуы керек - «Атамекен» ҰКП

AstanaTV
12.02.2018ж. 20:00
2098
Ұлттық компаниялардың жұмысы ашық болуы керек - «Атамекен» ҰКП

«Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы "мемлекеттік мекемелердің ғана емес, ұлттық компаниялардың да жұмысы ашық болуы керек" деген мәселені көтерді. Бұл туралы орталық коммуникациялар қызметі алаңында палатаның басқарма төрағасының орынбасары Мұрат Әбенов айтты. Оның сөзінше, ұлттық холдингтердің жұмысына қатысты көптеген шағымдар бар. Тендерлердің ашық өтпейтіні өз алдына. Кадрларды қалыптастыруда да түсініксіз тұстар көп дейді.

Мұрат Әбенов, "Атамекен" ҰКП басқарма төрағасының орынбасары:

Оларда жемқорлық көп. Тендерге қатысты ашықтық жоқ. Тіпті, жұмысқа қабылдау мәселесінде де сұрақтар баршылық. Біз осы жылы корпоративтік жемқорлық мәселесін көтергіміз келеді.

Әбенов сыбайлас жемқорлықпен күреске барша қазақстандықтардың ат салысуын сұрады. Тұрғындар тек сөз жүзінде қалмауы тиіс. Жемқорлыққа қатысты фактілерді анықтап, тиісті шағым-өтініштерді мемлекеттік қызмет істері бойынша агенттікке жіберуге шақырды. Өткен жылы жемқорлық әрекет туралы хабар берген қазақстандықтар 30 миллион теңгеден астам сыйақыға ие болды. Ақшалай марапатты 226 адам алған. Бұл шараға белсене қатысуға дайын азаматтардың үлесі 12% артты. Мұрат Әбенов, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігіне БАҚ өкілдерін осы бағытта оқыту курстарын ұйымдастыруды ұсынды. Яғни бюджетті дұрыс түсіну, журналистік зерттеу жүргізу мен материал дайындауға бағыттайтын орын болуы керек деді. Жемқорлардың жыл өткен сайын сауаттылығы артып отырғанын айтып, жапондық шенеунікті мысалға келтірді.

Мұрат Әбенов, "Атамекен" ҰКП басқарма төрағасының орынбасары:

Facebook-тегі парақшама Токионың губернаторы жайлы мақаланы жарияладым. Тілшілер оның саяжайға қызметтік көлігімен барғанын біліп қойған. Губернатор ұяттан жерге кіре жаздап, БАҚ өкілдері алдында өз еркімен қызметтен кететінін жариялады. Біздегі бір аймақтың әкімі осылай жасап, ол туралы жазды делік. Әкім өз еркімен кетуге өтініш жаза ма? Жоқ, әзірге олай емес.

Диана САПАРҚЫЗЫ