Спорт Қазақстан
$443.85 €474.3 ₽4.8
×

Оралда онкологиялық науқастар дәріден тарығып отыр

AstanaTV
13.02.2018ж. 20:00
3839
Оралда онкологиялық науқастар дәріден тарығып отыр

Оралда онкологиялық ауруға шалдыққан науқастар дəріден тарығып отыр. Айтуларынша, дәрі желтоқсан айынан бері жоқ. Осының кесірінен емдерін тоқтатқан. Бірақ қатерлі ауруға қарсы емдеу шаралары үзбей жүргізілуі керек. Әйтпесе дерт қайтадан асқынып кетуінен қауіптенеді. Мәселе қашан шешіледі? Еркін Карин анықтады.

Андрей Тарасовтың туысынан қатерлі дертті былтыр анықтаған. Содан бастап дәрі қабылдауды бастапты. Бірақ қажет дәрі желтоқсан айынан бері жоқ. Тегін таратылатын препаратты қала дәріханаларынан ақшаға таба алмай жүр.

Андрей Тарасов, Орал қаласының тұрғыны:

"Аксастрол" дәрісі екі айдан бері жоқ. Бұл таблетканы операциядан кейін ұдайы ішу керек. Қайда шағымдансақ та, еш нәтиже шықпады. Бағасы 2-3 мың теңге, бірақ еш жерде жоқ. Бір қиыны, дәріні үзбей қабылдау керек. Егер арада үзіліс болса, жасалған емнің еш болуы мүмкін.

Қала дәріханаларынан да бұл дәріні таппадық. Әлі келмепті. Облыстық денсаулық сақтау басқармасы да тапшылықтың барын растады. Күні бүгін 343 миллион теңгеге 22 түрлі ауруға қарсы қолданылар дәрі сатып алынған.

Қанат Төсекбаев, БҚО денсаулық сақтау басқармасының басшысы:

Жыл барысында тағы да біз осындай аурумен науқастар табылады. Мұндай науқастар табылғанда бірден диспансерлік учетқа тұрады. Диспансерлік учеттағы науқастарға да сәйкесінше жоспарланған дәрі қорынан дәрі-дәрмек беріледі. Сондықтан жылдың аяғына таман кейде кейбір науқастарға жетіспеушілік пайда болуы мүмкін. Мысалы, «Аксастрол» дәрісіне қатысты осындай жағдай болып тұр.

Дегенмен облыстық онкологиялық диспансер дәрі жетіспеушілігін өздерінше шешкен. Өйткені ауруды үзбей емдегенде ғана нәтиже болады.

Есенгелді Рабаев, БҚО онкологиялық диспансердің директоры:

«Астразол» деген дәрі жетіспей жатқан жағдайда, біз жаңағы дәріге ұқсас «Фарестон» деген дәріге аударамыз. Кейбір науқастарға жаңағыдай ішіп жүрген дәрісін зерттеп, қорытындылап анализдерін алғанда, басқа дәріге ауыстыруға мүмкіндігі болғасын, аударамыз.

Бүгінде облыста 6 800 онкологиялық науқас есепте тұр. Жыл сайын жаңадан 1400 ауру анықталады екен. Сондықтан дәрі жетіспеушілігі әлі қайталануы мүмкін. Дегенмен денсаулық сақтау басқармасы биыл дәріге көбірек тапсырыс береміз деп сендірді. Ал тапшы дәрі екі апта ішінде Оралға жеткізіліп, дәріханалар мен емдеу мекемелеріне таратылады.

Еркін КАРИН