Спорт Қазақстан
$448.89 €477.93 ₽4.76
×

Ақтөбе облысында бруцеллезге шалдыққан ірі қара саны 300-ден асқан

AstanaTV
14.02.2018ж. 20:00
3183
Ақтөбе облысында бруцеллезге шалдыққан ірі қара саны 300-ден асқан

Ақтөбе облысында бруцеллезге шалдыққан ірі қара саны 303-ке жеткен. Алайда, осыған қарап, аймақта "карантин жарияланды" деп даурығуға негіз жоқ. Бұл туралы облыстық ветеринария басқармасының басшысы айтты. 

Жыл басынан бері 50 мыңдай бас сиырдан қан сынамасы алынған. Қазір облыста аурудың 19 ошағы анықталды. Жағдай әсіресе Ойыл ауданында күрделі. Қаратал және Кемер ауылдарында 100-ге жуық сиырдан індет табылған. Әрбір 15 тәулік сайын ірі қарадан қан сынамасы алынып тексеріліп жатыр. Тиісті сараптамалардың қорытындысы оң нәтиже берсе, мал санитарлық союға жіберіледі. Ал иелеріне өтемақы төленеді. Ветеринария басқармасы басшысының дерегінше, қаржы көлемі еттің келісіне 1380 теңге. Оның 70 пайызын ет өңдеу комбинаты, қалғанын мемлекет өтейді.

Кеңес Қанатбаев, облыстық ветеринария басқармасының басшысы:

Бізде тек малдың қозғалысы бақылауда. Мысалы, Ойылда. Шығанақ Берсеевке ограничение қойдық. Оның ішінде 4 түлік малдың бәрі бар ғой. Біз тек ірі қараға қойғанбыз. Онда жылқы да бар, жылқыңыз бар ма, жылқыны шығарыңыз, түйеңіз бар ма, түйені шығарыңыз, қойыңыз бар ма, шығарыңыз. Біз тек ірі қараны қозғаймыз.

Айбек Қалдығұлов, ет комбинатының директоры:

Расценка әртүрлі. 600 теңгеден 900 теңгеге дейін қабылдаймыз. Малдың салмағына байланысты. Одан бөлек справка береміз. Бізде мал сойылды. Сол справкамен үкіметтен тағы 30 пайыз ақша төленеді.

Қазір ауруға шалдыққан түліктер Ақтөбеге жеткізіліп жатыр. Соңғы екі тәулікте облыс орталығындағы ет комбинатына 30-ға жуық ірі қара тапсырылған. Бұл жерде ет бір тәулік сақталады. Қауіпсіз деп танылса, базар сөрелеріне, қалғаны консервіленген өнімдер жасауға жіберіледі. Мамандар тұрғындардан ауру белгілері анықталған малды түгелдей тапсыруды сұрайды.