Спорт Қазақстан
$446.49 €475.38 ₽4.79
×

Павлодар облысы Береке ауылының тұрғындары мектеп асханасындағы тамақ сапасына күмәнданады

AstanaTV
14.02.2018ж. 20:00
5363
Павлодар облысы Береке ауылының тұрғындары мектеп асханасындағы тамақ сапасына күмәнданады

Павлодар облысындағы Береке ауылының тұрғындары мектеп асханасындағы тамақтың сапасына күмәнданады. Балаларға берілетін асқа көңілі толмайтын олар, асхананың санитарлық ахуалы да сын көтермейді, деп отыр. Мектеп басшылығы мәселеден хабардар. Тек шара қолдануға асығар емес,-дейді ауылдықтар. Асхананы жалға алған кәсіпкер болса, бәрі талапқа сай екенін айтады. Тақырыпты әріптесім Әсемгүл Мұхитқызы жалғастырады.

Жұмысын желеу етіп, тілдесуден бас тартқан аспаздан басқа мұнда ешбір жан жоқ. Тамақты пісіретін де, балаларға тең бөлетін де, ыдыс-аяқты жинап, жуатын да бір өзі. "Бәріне үлгеремін" дейді. Алайда оның жұмысына ата-аналардың көңілі толмайды.

Жайнагүл Төлеуқызы, Береке ауылының тұрғыны:

Бір рет балам тамақ ішті. Содан асқазаны бұзылып, құсып ауырды. Не жедің десем? Асханадан тамақ жеген ол. Картоппен пирожки. Арасы ұнының шикі болған.

Әсемгүл Мұхитқызы, тілші:

Бұл мектепте 347 оқушы білім алады. Дәл осы асханадан 120 бала тегін тамақтанады. Асхана қызметкерлерінің айтуынша, балалар екі ауысыммен түскі асты ішеді. 

Ас мәзірі тым жұтаң. Бүгінгі түскі асқа макарон мен котлет дайындалған. Мектеп басшылығының ақпарынша, бір баланың тамағы - 250 теңге. Есептей беріңіз. 120 оқушыға бір күнде отыз мың теңге кетеді. Бір айда бұл сома 700-800 мың теңгені құрап, жылдық көрсеткіш 6 млн-нан асады. Бірақ берілген асты бала түгілі, мұғалімдердің өзі жей алмаймыз деп ашынады.

Сандуғаш Қабылбекова, мектеп директорының орынбасары:

Сосиска в тесте берді 50 теңгеден балаға. Мен ананы қарасам, ұнының құрамы білмеймін енді. Сұр түсті ме?! Ананы фотоға түсіріп алу керек еді деп өкіндім. Өз балам ішпесе де, бәріміз осында жұмыс істегесін, балаларға жаным ашиды. Мен өз басым жиіргенемін. Сондықтан бармаймыз, міне 1 жыл болды.

Педагогтар «мектеп директоры жағдайдан хабардар, тек түйткілді шешуге құлықсыз» дейді. Мән-жайды білу үшін кабинетіне көтерілдік. Алайда орнынан таба алмадық. Ата-аналар Ақсу қалалық білім бөліміне арыз қалдырған. Шаһардың бас мұғалімі "мәселені егжей-тегжейлі тексереміз" деп отыр.

Қайрат Смағұлов, Ақсу қалалық білім бөлімінің басшысы:

СЭС органымен қосымша комиссия құрамыз. Комиссиямен осы мектепке шығамыз. Тексереміз. Егер де сол хаттағы жазылған мәселелер дәлелденсе, шын болса, онда заңмен жалға алушымен шартты бұзамыз.

Мектеп асханасын жалға алғандар 2014 жылдан бері жұмыс істеп келеді. Қайрат Смағұловтың сөзінше, осыдан бір жарым жыл бұрын да бұл кәсіпкердің үстінен осыған ұқсас шағым түскен. Ата-аналар тамақтан жағымсыз иіс шығатынын айтып арызданған. Ол кезде шенділер ескерту берумен ғана шектеліпті.

Әсемгүл МҰХИТҚЫЗЫ