Спорт Қазақстан
$443.85 €474.3 ₽4.8
×

Алматы облысында екі күн ішінде 200-ге жуық үйдің ауласын су басты - ТЖД

AstanaTV
26.02.2018ж. 20:00
3320
Алматы облысында екі күн ішінде 200-ге жуық үйдің ауласын су басты - ТЖД

Күннің күрт жылынуынан Алматы облысындағы бірнеше ауданды су басты. Еріген қар суы 200-ге жуық аулаға кірген. Тұрғындар күні-түні қорасын күзетіп әлек. Суға қанша жерден бөгет қойсақ та, болар емес, - дейді олар. Облыстық төтенше жағдайлар департаменті жұмыс кестесін күшейтілген режимге ауыстырған. Мәселе қалай шешілуде? Оқиға орнынан Олжас Нұржақып әңгімелейді.

Жұртшылықты әуреге салған қар суының екпіні күшеймесе, азаяр емес. Әсіресе, түс қайта мөлшері ұлғая түседі, - дейді Ұзынағаш ауылының тұрғындары. Көшені бойлай аққан су аулаларды басып, тоқтаусыз ағып жатыр.

Алғабас көшесінің тұрғындары үш күннен бері ұйқы көрмеген. Себебі жазық пен жотадан еріген қардың қара суы әбігерге салуда. "Жиегін қанша жамасақ та, ерік берер емес", - дейді, олар.

Мұратбай Жауғашұлы, Ұзынағаш ауылының тұрғыны:

Ұйқы жоқ түнде, үшінші күн алысып жатырмыз. Анығын айтқанда, мына тұс полный поля и мына жота. Пока жота қараймайынша, бұл су тоқтамайды. 

Мұндай жағдай ауылда алғаш рет орын алып отырған жоқ. Үш жылдан бері көктем келісімен тұрғындардың көретін күні осы. Тек биыл ғана техника бөлініп, судың бағытын өзге арнаға бұру мақсатында ауыл шетін қазуға кіріскен. Бірақ, оның өзі де үлгермей жатыр, деп налиды тұрғындар. 

Жұматай Рахман, Ұзынағаш ауылының тұрғыны:

Үйге кіре алмай әурешілік болып жатыр. Жол болса не, мектепке баратын балаларымызда жүре алмай. Қорада 1-2 тұяқ мал бар еді. Суда тұр қазір. Күндіз-түні осы. Жұмысқа бара алмай жүрміз, суды тосамыз. 

Қара судың әлегі Іле ауданын да айналып өтпеді. Ащыбұлақ ауылдық округіне қарасты саяжайда бірнеше ауланы су басқан. Абырой болғанда, техника  дер кезінде бөлініп, көлшікке айналған қар суы тазаланыпты. Бірақ, ауылдағы 300-ге тарта отбасы әлі де болса арқаны кеңге сала алмай отыр.

Жылда солай ғой бұл. Қарайын деген ешкім жоқ. Екі күн болды. Қызып кетті де күн, барлық қар еріп түсті ғой.

Облыстық төтенше жағдайлар департаменті күшейтілген тәртіпке көшкен. Ресми өкілдің сөзіне сүйенсек, соңғы екі күнде су басқан аулаларды тазарту үшін 200-ге жуық адам мен 70-ке жуық техника жұмылдырылыпты.

Азамат Жұртбаев, Алматы облысы ТЖД ресми өкілі:

Су басқан аулалардың ең көп саны Талғар, Қарасай, Іле, Еңбекшіқазақ, Жамбыл аудандарында және сондай-ақ Талдықорған қаласында байқалады. Табиғи құбылыстарға түсіністікпен қарап және су басқанды болдырмау үшін өзінің учаскелеріндегі арық жүйелерін қалыпқа келтіруді сұраймыз.

Төтенше жағдайлар департаменті тарапынан бұл аудандарға арнайы мамандар бөлінген. Қар суымен алысып жатқан елге синоптиктер ескерту жариялады. Яғни ауа температурасының жоғарылауы мен жаңбыр жаууына байланысты өзендердегі су деңгейінің де көтерілу қаупі бар.

Олжас НҰРЖАҚЫП