Спорт Қазақстан
$443.85 €474.3 ₽4.8
×

Әбіләзов құрған «Қазақстанның демократиялық таңдауы» ұйымы экстремистік деп танылды

AstanaTV
13.03.2018ж. 20:00
4408
Әбіләзов құрған «Қазақстанның демократиялық таңдауы» ұйымы экстремистік деп танылды

Қашқын банкир Мұхтар Әбіләзов құрған «Қазақстанның демократиялық таңдауы» ұйымы экстремистік деп танылды. Бұл туралы Бас прокуратура хабарлады. Ресми өкіл Оксана Лоскутованың мәліметінше, шетелде бой тасалап жүрген Әбіләзов заңға қайшы әрекетін жалғастырып жатыр. Әлеуметтік желілер арқылы халыққа үндеу таратып, азаматтарды қозғалыс құрамына өтуге шақырған. "Оның ниеті белгілі" дейді құзырлы орган өкілі. 

Оксана Лоскутова, ҚР Бас прокуратурасының ресми өкілі:

Қазіргі биліктің жағымсыз бейнесін құрып, қоғамда наразылық көңіл-күй қалыптастыруда. Осылайша жоспарлы түрде әлеуметтік алауыздық пен араздықты қоздыруда. Наразылық акциялардың бейбіттігі туралы айтса да, қозғалыс басшысы Мүхтар Әбләзов пен оның белсенділерінің қылмыстық мақсаты - билікті құлатып, басып алу. Бұл әрекеттер экстремизмге қарсы іс-қимыл туралы заң бойынша саяси экстремизм болып саналады. Және мемлекеттің қауіпсіздігіне қарсы қимыл ретінде қудаланады. 

Бас прокуратура қозғалысты экстремистік ұйым деп тану туралы сотқа арыз жолдаған. Бүгін Астанадағы Есіл аудандық сотының шешімімен қозғалыстың әрекеті экстремистік деп танылып, Қазақстан аумағында тыйым салынды. Сонымен қатар, ұйым туралы БАҚ-та, әлеуметтік желілерде, мессенджерлер және бейнехостингтер арқылы ақпар таратуға тыйым салынады. Бас прокуратура қазақстандықтарға әлеуметтік желілердегі "Қазақстанның демократиялық таңдауына" қатысты аккаунттарды жоюға кеңес береді. Қозғалыс туралы посттар жазу, пікір тарату әрекеті заңмен қудаланады. Ол үшін 2 жылға бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған. "Әлеуметтік алауыздықты қоздыру, билікті басып алуға жариялы түрде шақыру" фактісі бойынша Ұлттық қауіпсіздік және ішкі істер органдары сотқа дейінгі тергеу бастаған.

Еске салайық, Әбіләзов қылмыстық қоғамдастық құрып, 7,5 млрд АҚШ долларын ұрлап, шетелге шығарды деп айыпталған. Қазақстан соты оны сырттай 20 жылға бас бостандығынан айырған. Қылмыстық табыстарды заңдастыру фактілері бойынша Еуропа бірқатар елінде оған қатысты тергеу жүріп жатыр.