Спорт Қазақстан
$443.85 €474.3 ₽4.8
×

«Нұр Отан» партиясы өңірлерде «Елбасының бес әлеуметтік бастамасының» жүзеге асырылу барысын бақылайды

AstanaTV
15.03.2018ж. 20:00
2424
«Нұр Отан» партиясы өңірлерде «Елбасының бес әлеуметтік бастамасының» жүзеге асырылу барысын бақылайды

«Нұр Отан» партиясы «Елбасының бес әлеуметтік бастамасының» өңірлерде жүзеге асырылу барысын бақылайды. Шағын несиені арттыру, қолжетімді баспана мен білім беру, студенттерге жатақхана салу, газ құбырларының тартылуы тексеріледі. Ол шаралар халықтың әлеуметтік әл-ауқатын жақсартуға септігін тигізбек. Бұл туралы бүгін партия төрағасының бірінші орынбасары Мәулен Әшімбаев Қарағанды облысындағы жұмыс сапарында мәлімдеді.

Қарағанды облысында ірі компаниялар мен шағын кәсіпорындар арасындағы қарым-қатынасты нығайту көзделіп отыр. Отандық шағын өндірістер алпауыт зауыттарды қазақстандық өніммен қамтуы тиіс. Ол үшін шағын бизнестің дамуына қолдау көрсетіледі. Кәсіпкерлерге берілетін несие көлемі ұлғайтылмақ. Қазірдің өзінде мемлекеттің қолдауымен жүздеген кәсіпорындар ашылған.

Мәулен Әшімбаев, «Нұр Отан» партиясы төрағасының бірінші орынбасары:

«Жалпы елбасының бес әлеуметтік ұсынысы, бастамасы бұл енді еліміздің экономикасының дамуына өзінің бір жақсы игі әсерін тигізетіні сөзсіз. Құрылыс саласының да дамуына, бизнестің де дамуына, кәсіпкерліктің де дамуына сондай жақсы бір әсерін тигізетінін халық та айтып отыр».

Мәулен Әшімбаев Теміртаудағы металлургия зауытының домна цехының жұмысымен танысты. Қазақстандық алғашқы шойын осында құйылған. Мұнда тәулігіне 14 мың тоннаға дейін шойын өндіріледі.

Өңірде индустриалды-өнеркәсіптік кешендерді дамытумен қатар маман даярлау ісіне ерекше көңіл бөлініп отыр. Теміртау жоғарғы политехникалық колледжінде дуальді білім беру жүйесі іске асты. Әлемдік тәжірибесі бар ұстаздар тартылған. Балалар робототехниканы меңгеріп, заманауи зертханаларда тәжірибе жасайды.

Еркін Сейсенов, Теміртау жоғары политехникалық колледжі студенті:

«Жоба бойынша білім гранттарына ие болған студенттерге біздерге тегін жатақхана берілді және де осы оқу орнын бітіргеннен кейінгі жұмыспен қамту қарастырылған. Елбасымыздың бес әлеуметтік жобасы мәселесі бойынша көптеген гранттар бөлініп отыр».

«Цифрлы Қазақстан» бағдарламасы Қарағанды қалалық үшінші емханада жүзеге асты. Емделушілер үйлерінен шықпай-ақ арнайы мобильді қосымша арқылы қажет дәрігердің қабылдауына жазылады.

Шолпан Исатаева, Қарағанды қалалық №3 емхана директорының орынбасары:

«Біздің емханада 2015 жылдың ақпан айынан бастап кешенді медициналық хабарлама жүйесі іске қосылып, қызмет атқарып жатыр. Мобильді қосымша арқылы дәрігерге жазылып және үйіне ауырған жағдайда дәрігерді үйіне шақыру мүмкіндігі туды. Және осы мобильді қосымша арқылы медициналық қызметкерлердің де жұмысы біразға жеңілдеді».

Мәулен Әшімбаев «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша салынып жатқан көпқабатты тұрғын үй кешенінің құрылысымен танысты. 1300 отбасы баспана алу үшін кезекте тұр. Енді олар «7-20-25» бағдарламасы арқылы үйлі болуы мүмкін. Оның жүзеге асу барысын «Нұр Отан» бақылайды.

Айжан Қуаш